Мазмұнды іс-шараға ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, Қазақстан мәдениет және сауда орталығы төрағасының орынбасары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, Түрік тілі мен әдебиетінің профессоры, академик Орхан Сөйлемез, Түркиядағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Мерей Мұқажан және сондағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Таныстырылым барысында алғашқы сөз кезегін алған ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев жазушының шығармашылығы туралы парасатты ой өрбітіп, осы кештің өтуіне ұйытқы болған Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Еуразия Жазушылар одағына алғысын айтты. Сондай-ақ Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу қаламгердің шығармаларында қазақ халқының ұлттық құндылықтарына зор мән берілгенін айтса, әдебиет зерттеушісі, ғалым Орхан Сөйлемез автордың түрік тіліне аударылған бұл еңбегінде қазіргі заманның өзекті мәселелері философиялық тұрғыдан қарастырылып, әр халықтың ұлттық болмысын сақтауға үндейтінін сөз етті.
Сонымен қатар кеште Жолтай Жұмат-Әлмашұлы да сөз алып, ол осыдан 30 жыл бұрын Алматыда ТҮРКСОЙ ұйымының құрылтай құжаттарына қол қою үрдісіне өзінің де үлес қосқанын және бүгін ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығында Түркияда жарық көрген екінші кітабының тұсаукесері өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, қазақ жерінде өмір сүрген түркі әлемінің айтулы тұлғалары Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи туралы жазған туындыларына тоқталды.