Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жаңа медиаға нық қадам
Рас, соңғы жылдары дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп жатыр. Жаңа медиа түсінігі қалыптасты. Бұл ретте Медиа заңнаманы қайта қарау уақыт талабынан туындағанын атап өткен жөн. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, халықаралық тәжірибелер ескеріліп, масс-медиа туралы заң жұртшылық талқылауына шығарылған. Заң жобасын әзірлеуге білікті заңгерлер мен сарапшылар тартылған.
– Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ газеттерді тарататын «Қазпошта» мен қағазды бір көзден тікелей жеткізу мәселесі бойынша да алдағы уақытта келісімдерге қол жеткіземіз. Тек заңнама емес, оқыту мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Өйткені медиасауаттылық бәрімізге қажет. Журналистерге білім керек. Медиаға түрлі шабуыл жасалып жатады. Манипуляцияға өзіміз түсіп қалмау үшін ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болуымыз керек. Сондықтан қолына қалам ұстаған жандар әрдайым шындықтың жағында жүруі тиіс. Қазіргі уақытта журналистерге арналған басқосуларды көбейтіп жатырмыз. Мұның барлығы тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру үшін маңызды. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік, – дейді министр.
Жедел ақпарат нәтижеге жетелейді
Заң жобасы көпшіліктің талқылауына шығарылғандықтан, құжат мазмұнымен кез келген адам танысып, пікір қалдыра алады. Ашық НҚА сайтында жарияланған заң жобасының тұжырымдамасымен біз де танысып шықтық. Құжат 78 баптан тұрады екен.
Көпшіліктің түсінбей отырғаны – 33-бап. «Баспасөз картасы» деп аталады және ондай картасы бар тілшіге 35-бап («Баспасөз картасын алған журналистің құқықтары мен міндеттері») арқылы жеке құқық берілген. Бұл «Журналистің құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 28-баптан неге бөлектенгенін түсіне алмадық, дейді журналистер.
Бұған дейін журналистер мемлекеттік органдардан ақпарат алу мәселесін жиі көтеріп жүрді. Ақпарат жедел берілмегендіктен, мақаланың маңыздылығы жойылып, тұрғындар да жедел ақпараттан қағылатын. Қазір журналистің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды қадамдардың бірі болып тұр. Бұл ретте, заң жобасында сұраныс хатқа жауап беру мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Қолданыстағы нормада ол 7 күн болса, ұсынылған құжатта 5 күн деп көрсетілген. Бұл әрине, БАҚ өкілдері үшін заң жобасының жағымды бір тұсы.
Құжатта сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Конституцияда кепiлдiк берiлгені назарға алынған. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар, масс-медиа әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Бұл ретте масс-медиа терроризмге қарсы іс-қимылды іске асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге міндетті. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған құрылғылар, сондай-ақ қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға тыйым салынады.
Сондай-ақ құжатта осы заңның мақсаты үшін бұқаралық ақпарат құралдары және бұқаралық коммуникация құралдарында насихаттау деп Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған ақпарат туралы қоғамдық оң пікірді қалыптастыру және (немесе) шектеусіз адамдар тобын құқыққа қарсы әрекет жасауға немесе әрекетсіздікке итермелеу үшін көзқарас, фактілер, дәлелдер және өзге де, оның ішінде әдейі бұрмаланған ақпаратты тарату түсінілетіні ескертілген.
Құжатта масс-медиа саласындағы мемлекеттік реттеу мен уәкілетті органдардың құзыреті де қарастырылған. Бұған қоса заң жобасында балаларды теле-радиобағдарламаларды тарату кезінде қорғау мәселесі де көтерілген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы ескіргенін, қазіргі заманның легіне сәйкес келмейтінін және масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы талаптарын толық қанағаттандырмайтынын ескере келе, сөз бостандығы құқығын нығайтуға және қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің жаңа қағидаттары мен кепілдіктеріне негізделген Қазақстанда осы құқықты шектеудің нақты шарттарын, ең алдымен, Интернет желісінің сегментінде қамтитын заң қабылдау қажет екенін алға тартып отыр. Осыған орай жаңа заңда сөз бостандығы, пікір плюрализмі мен мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған қажетті шектеулер арасындағы тепе-теңдікті белгілейтін түбегейлі жаңа схеманы бекіту ұсынылған.
Жаңа заң – қоғамның талабы
Шын мәнінде, журналистердің тек құқықтық мәртебесі емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы керек. Мұндай заңы жоқ елдер де бар. Бірақ біздің елдегі жағдайға қарасақ, заң қажет. Өйткені жаңа қоғамның жаңа талаптары бар. Соны ескеруіміз керек. «Масс-медиа туралы» заңда тек журналистер емес, оларға деген қоғамның қатынасы да реттелуге тиіс. Сол үшін де ол көкейкесті. Бұл заңда тәуелсіз, тәуелді журналист деген ұғым болмауы керек. Анығын айтсақ, бұлар – социалистік қоғамнан қалған түсінік. Журналист халықтың тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отыруға міндетті. Шын мәнінде, билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет қолайлы жағдай жасауға тиіс. Заңның ең негізгі міндеті де осыдан өрбиді. Сондықтан біз аталған заң жобасын журналистерді кең ауқымда талқылауын қалар едік. Кәсіби мамандардың пікір-ұсынысын енгізу маңызды.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты
Журналистің әлеуметтік жағдайы назарға алынса...
Бүгінде барлық қазақ газеттерінің өз сайты бар. Олардың бірқатары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде ақпарат агенттігі – портал ретінде тіркелген. Мұндай порталдарды күн сайын көптеген материал жарияланады. Рейтинг анықтаудағы кейбір олқылықтарға қарамастан, сайтқа кірушілер саны көбейіп келеді. Демек қазақша контентке сұраныс артып жатыр. Сайт газетке қарағанда ақпаратты жылдам таратады. Аудиториясы да ауқымды. Телевизия өнімін де дайындай алады.
«Jas Qazaq» газетінің бас редакторы Срайыл Смайылдың айтуынша, газет сайтындағы «Jas Qazaq TV» тапсырыс бойынша видеосюжет, ролик, деректі фильм түсіріп жүр. «Тележурналист ретінде де айтайын, сапасы басқалардан кем түспейді. Газеттер жанындағы осындай сайттарды жеке БАҚ ретінде қарастырып, егер олардың рейтингі, күнделікті сайтқа кірушілер көрсеткіші бойынша талапқа сай келіп жатса, неге тапсырыс бермеске? Бұл қазақтілді сайттардың материалдық жағдайының жақсаруына, ең бастысы, олардың ақпарат кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуы үшін көбірек ізденуіне, мемлекеттік тілде сапалы дүниелерді көбірек дайындауына ықпал етер еді.
Көптен бері айтылып келе жатқан журналист мәртебесі жөнінде. Қазір біздегі журналистік ұйымдар белсенді емес, әркім өз бетімен жүр. Кейбір елдердегідей, тікелей тілші қауымның әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысатын кәсіподақ ұйымы да жоқ. Мен 10 жыл бойы Түркияның мемлекеттік ақпарат агенттігінде («Anadolu») тілші болып жұмыс істедім. Сонда көргенім – бұл елде журналистер кәсіподақтың қолдауына қоса, Үкімет тарапынан көзделген қоғамдық көлікте тегін жүру, музей, көрме секілді мәдениет нысандарына тегін кіру, коммуналдық төлемақы бойынша жеңілдіктерге ие. Әзербайжанда тек журналистерге арналған тұрғын үйлер салынып жатыр. Бізде осының бәрі болмаса да, тілші ағайынның баспанаға жеңілдікпен қол жеткізуі және қызмет барысында қоғамдық көлікті тегін пайдалануы сияқты мәселелер оң шешімін тапса, дұрыс болар еді», дейді Срайыл Смайыл.
«Масс-медиа туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі Жұлдыз Әбділданың айтуынша, заң жобасының қазақша мәтіні пысықтай түсуді қажет етеді. «Атам заманнан тілшілер қосыны деп жүр едік, енді ол «корреспонденттік пункт» болып кетіпті. Калька аударма көп. Мазмұнына келсек, біріншіден, журналистерге карта беру деген түсініксіз. Фриланста жүрген, белгілі бір ұжымда жұмыс істемейтін журналистер журналист болып саналмай ма сонда? Ол карта «журналистика факультетін бітірген, үш жыл еңбек өтілі бар адамға беріледі екен. Немесе журналистика факультетін бітірмеген жағдайда бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Сонда оған дейін «картасыз» журналист бола ма? Аккредиттеуге қатысты да солай. Журналистерге еркіндік беру емес, керісінше, оларды көбірек бақылауда ұстауға басымдық беріліп кетпесе екен», дейді ол.
Заң жобасында: «Азамат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралының редакциясымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болу және кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде журналист мәртебесіне ие болады» делінген. Сонда уақытша жұмыссыз жүрген журналистің мәртебесі қандай болмақ?
«Егер журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) аккредиттеу ережелерiн бұзса не өзiн аккредиттеген мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратса, оның аккредиттелуі күшiн жоюы мүмкiн» делінген. Бұл журналистің үкіметті, билікті сынағаны үшін аккредитациядан айырылуы мүмкін екенін көрсетпей ме?», деп сұрақ қояды Ж.Әбділда.
«Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Солай болуы да заңдылық. Бастысы – ұсыныстар назарға алынса болғаны. Алдағы уақытта қабылданатын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс екені жиі айтылып жүр. «Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағидаттарды анықтап алып, жаңа заңда нақтылап белгілеу керек. Журналист деген кім? Заң бойынша мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы мәселе тайға таңба басқандай етіп жазылуы қажет». Көпшіліктің пікірі осыған саяды.