Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, әлемдік ахуал қазақстандық қор нарығына, негізгі ойыншылар мен шетелдік инвесторлардың көңіл күйіне де әсер етті. Егер 2020-2022 жылдар аралығындағы кезеңде KASE қор нарығын жиынтық капиталдандыру 1,5 еседен астам, 29 трлн теңгеден 44,2 трлн теңгеге дейін өсіп, ішкі жалпы өнімнің 54 пайызына жетсе, жыл басынан бері отандық қор нарығын жиынтық капиталдандыру 15,4 пайызға немесе 6,9 трлн теңгеге (37,3 трлн теңгеге дейін) қысқарды.
«2022 жылдың басынан бастап KASE өкілдік тізіміндегі акциялар құнының төмендеуі KASE индексінің 12 пайызға, 3 240 тармаққа төмендеуіне әсер етті. Жыл ортасынан бастап нарықты капиталдандыру көрсеткіші листингтік компаниялардың акциялары құнының өсуін қалпына келтіру және борыштық қаржыландыруды тартуды жеделдету есебінен біртіндеп қалпына келуде. 2022 жылы агенттік облигациялардың 76 жаңа шығарылымын тіркеді. Тіркелген шығарылымдардың жалпы көлемі – 3,2 трлн теңге, бұл өткен жылдың көлемінен 36 пайызға көп. Оның ішінде KASE-де 1,1 трлн теңге орналастырылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15 пайызға жоғары. Бұл ретте тартылған қаржыландырудың жиынтық көлеміндегі ең көп үлес бұрынғыдай квазимемлекеттік сектор компанияларына тиесілі – 95 пайыз немесе 1 028 млрд теңге, ал жеке сектор субъектілерінің үлесі 5 пайызды немесе 54 млрд теңгені құрады. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін арттыру және инфляциялық үдерістерді жеделдету салдарынан жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қор нарығындағы қаржыландыру құнының қымбаттауына байланысты», делінген агенттік жауабында.
Қор нарығын қалай дұрыс дамытқанда экономиканы қаржыландырудың тиімді арнасы қалыптасады? Агенттік сарапшыларының айтуынша, ең бірінші кезекте инвесторлық базаны күшейту, сапалы қаржы құралдарының санын ұлғайту және нарыққа жаңа эмитенттер шығару маңызды болып саналады.
Инвесторлық базаны ұлғайту үшін соңғы екі жылда бөлшек инвесторлардың қор нарығына кіруін жеңілдетуге және институционалдық инвесторлар сегментін күшейтуге бағытталған бірқатар шара қабылданды. 2020 жылы агенттік биометриялық және серпінді сәйкестендіруді пайдалана отырып, брокерлік шарттарды қашықтан жасасу мүмкіндігін енгізді. 2021 жылдан бастап банктерге өз клиенттеріне брокерлік қызметтердің барлық аясын көрсету мүмкіндігі берілді. Биыл бірқатар ірі банк банктік мобильді қосымшалар арқылы бағалы қағаздарды сатып алу мүмкіндігін енгізді. Қабылданған шаралар бөлшек инвесторлардың қор нарығына шығуын жеделдетуге ықпал етіп, олардың саны 2020 жылдан бері төрт еседен астам өсіп, 523 мыңға жеткен.
Бүгінде брокерлік шарттардың 98 пайызы электронды тәсілмен жасалады. Бұл Қазақстан нарығындағы брокерлік қызметтердің инклюзивтілігін айтарлықтай арттырады.
Компаниялардың қор нарығына шығуына жағдай жасау мақсатында кейінгі жылдары агенттік компанияларға қолжетімді қаржы құралдарының желісін айтарлықтай кеңейтті. Заңнамаға жеке орналастыру облигациялары, инвестициялық облигациялар, өтеу мерзімі жоқ облигациялар, сондай-ақ ESG облигацияларының 4 түрі: жасыл және әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары, орнықты дамуға байланысты облигациялар сияқты құралдардың жаңа түрлері енгізілді. Олар енгізілген сәттен бастап KASE алаңында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жеке орналастыру облигациялары және 127 млрд теңгеге ESG-облигациялар орналастырылды.
Былтыр өткен «ҚазМұнайГаз» IPO-сын да қор нарығындағы табысты жоба болды деп айтуға болады. IPO-ға 129 мың инвестор қатысып, 153 млрд теңге тартылды, оның 137,5 млрд теңгесі немесе 89 пайызы KASE-ге орналастырылған.
«Осындай ірі қазақстандық компанияның қор нарығына табысты шығуы кейіннен басқа ұлттық және жеке компаниялардың IPO-ға шығуына серпін береді. Бұл биржалар листингіндегі сапалы құралдардың санын едәуір арттырады. Сондай-ақ FTSE және MSCI қор нарықтарының халықаралық индекстеріндегі Қазақстанның позициясын арттыруға мүмкіндік береді. Қор индекстері қызметтерінің соңғы бағалауы бойынша Қазақстанның қор нарығы FTSE «Secondary Emerging markets» санатының сапалық өлшемшарттарына және MSCI индексінің «Emerging Markets» санатының негізгі сапалық өлшемшарттарына толық сәйкес келетінін атап өткен жөн», делінеді хабарламада.
Агенттік жүзеге асырған бастаманың бірі – брокерлердің капиталына сараланған талаптар енгізу. Бұл брокерлік қызмет географиясын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлер үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшері – 30 млн теңге. Клиенттердің шоттарын жүргізу құқығы бар брокерлер үшін – 150 млн теңге. Меншік капиталының ең жоғары мөлшері – қызметті зейнетақы активтерін басқарумен қоса атқаратын брокер үшін 3 млрд теңге мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі ұлғайған жағдайда меншікті капиталдың мөлшері де ұлғайтылуға тиіс. Бұрын брокерлер үшін меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін айқындауға бірыңғай тәсіл қолданылып келген, ол 183 млн теңгеден басталатын.
Қабылданған шаралар брокерлердің нарыққа шығуына кедергілерді азайтуға және брокерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасы мен құнына оң әсер етеді деген сенім бар.
Алдағы жоспар да ауқымды. Агенттік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, инвестициялық және венчурлық қорлар қызметінің жаңа заңнамалық негізін әзірлейді. Аталған жұмыс шеңберінде қосымша «траст» ұғымын көздеу, сондай-ақ эндаумент-қорлардың активтерін инвестициялық басқарушыларға басқаруға беру мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Қор нарықтарының индекстеріне (S&P, MSCI, FTSE) байланысты басқарудағы активтердің әлемдік құрылымдағы пассивті инвестициялар үлесінің өсуіне байланысты Қазақстанның заңнамасына ETF (биржалық қорлар), ETN (биржалық ноттар) – инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарының жаңа түрлері енгізілетін болады.