Қоғам • 18 Қаңтар, 2023

Қазақстан мен Өзбекстан сотталған азаматтарды экстрадициялайды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айырылған адамдардың жазасын одан әрі өтеу үшін бір біріне экстрадициялау туралы келісімді мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен Өзбекстан сотталған азаматтарды экстрадициялайды

Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталғандарды бір-біріне беру туралы келісім еліміздің Конституциясында белгіленген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған.

«Егер екі елдің келісімшарты болмаса, онда Қазақстан азаматын шет мемлекетке беруге болмайды деп жазылған. Сонымен қатар, республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді. Осыған ұқсас норма Өзбекстан Конституциясында да бар», деді Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, бұл құжатқа қол қою бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірнеше жыл бойы келіссөздер жүргізілген. 

«Адам құқығы туралы келісім не береді? Жалпы, мұндай жағдайлардың әлеуметтік маңызы зор. Ең алдымен адамгершілік сипатта болады. Көп жағдайда өзге елде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, әдет-ғұрпын білмейді. Туған-туыс, достардан алшақ жүргендіктен, мұндай адамды қоғамға бейімдеу оңай емес екені белгілі. Сотталған адамға туыстарымен кездесу жақсы әсер ететіні сөзсіз», деп түсіндірді Әсет Шындалиев.

Келісімшарттың шарттарына келсек, сотталған адамды елге жеткізу үшін ең алдымен оның келісімі қажет. Адам өз елінде жазасын өтеу ниеті туралы өтініш беруі керек.

«Мәселен, қазірдің өзінде бізде Өзбекстанның 225 сотталған азаматы өз елінде жазасын өтеуге ниет білдірді. Ол үшін біз сотталғандар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Ал Өзбекстанда сотталған 20 Қазақстан азаматы бар, олар да жазасын өз елінде өтеуге қарсылығы жоқ деп ойлаймыз», деп қосты спикер.

Сотталғандарды экстрадициялау талаптарына тоқталсақ, бірінші кезекте сотталған адамның азаматтығы болуы керек. Екі ел де трансферге келісуі керек. Егер бұл елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, ұлттық заңнамаға қайшы келсе және оған қатысты сот немесе тергеу жүріп жатқан кезде оның қаржылық қарыздары болса, сотталушы экстрадициялануға жатпайды.