Спорт • 18 Қаңтар, 2023

Кавендиш «Астананың» жейдесін киді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның әйгілі велошабандозы, көптеген аса ірі халықаралық жарыстың жеңімпазы әрі жүл­дегері, әлемдегі ең үздік спринтер­лер­дің бірі әрі бірегейі Марк Кавен­диш «Астананың» жейдесін киді. Енді ол алдағы маусымда Қазақстанда ірге­тасы қаланған команданың намысын қор­ғайды.

Кавендиш «Астананың»  жейдесін киді

Жоғарыдағы жаңалықты жергілікті жанкүйерлер жылы қабылдады. Себебі Кавендиштің қандай мықты спортшы еке­нін жұрт жақсы біледі. 1985 жылдың 21 мамырында Ирлан­дия теңізіндегі Мэн аралында дүниеге келген Марктің вело­спортта бағындырмаған белесі кемде-кем. Ол – Рио-де-Жа­нейро Олимпиадасының күміс жүлдегері (2016 жылы), төрт дүркін әлем чемпионы (2005, 2008, 2011, 2016), Дос­тастық ойындарының жеңім­пазы (2006). Марк «Тур де Франс», «Джиро д’Италия» және «Испания Вуэльтасы» секілді ең белді әрі мәртебелі жа­рыстардың барлығында ең үздік спринтерге тиесілі арнайы сыйлықтарды иеленді. Сондай-ақ Франциядағы көп­күндіктің 34 кезеңінде топ жарып, осы көрсеткіш жағынан ХХ ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдары атой салған Бельгияның аты аңызға айналған велошабандозы Эдди Меркспен теңесті.

– Марк Кавендишті таныстырып жату­дың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол велоспорт тарихындағы ең үздік спринтер екені еш дау туғызбаса керек. Осындай мықты спортшының «Астана» клубының қатарына қосылғанына мен дән ризамын. Кавендиш қай жарысқа қатысса да тек жеңіске жетуді көздейді. «Астананың» да мақсаты сол. Сондықтан да алдағы маусымда біз жарқын жеңістерімізбен өз жанкүйерлерімізді қуанту үшін еш аянып қалмаймыз, – дейді «Астана» клубының бас менеджері, Олимпиада чем­пио­ны Александр Винокуров.

Биыл көктемде Марк 38 жасқа толады. Соған қарамастан ол әлі де бабында. Былтырғы маусымда Кавендиштің «Ми­лан-Турин» додасында дара шығып, «Джиро д’Италия», «Оман туры» және «БАӘ туры» секілді жарыстардың кезеңдік сайыстарында жеңімпаз атануы осы сөзіміздің айқын дәлелі.