Тарих • 18 Қаңтар, 2023

Ағайынды қоңыр қаз

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлының Сыр өңірінің мықты журналистері Шәкірат және Шәкізат Дәрмағамбетовтер туралы «Ағайынды қоңыр қаз» атты эссесі бар еді. Газетке шыққанда қызығып оқығанбыз. Содан жадымызда қалған. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де осы жандарға ұқсас. Бірақ олар сөз емес, саз өнерінің саңлақтары – ағайынды Абдуллиндер.

Ағайынды қоңыр қаз

Жақында отандық арналардың бірі­нен ағайынды Абдуллиндер туралы ха­бар көрсетілді. Сонда олардың өмі­рі мен шы­ғармашылығы туралы кеңі­рек баяндалды. Арасында өздері шыр­қаған әндері де берілді. Әсіресе мені қос әншінің қарапайым болмысы ғана емес, олардың дауысының тау суын­дай таза­лығы мен даладай кеңдігі қатты таң­ғалдырды. Шынымды айтсам, ғажайып күйге бөледі. Көктемнің ерке самалын жұтқандай әсерде болдым. Сол кезде мұндай дарындарға өнер тумысынан даритындығына көзім жетті.

Ағайынды Абдуллиндер – ұлттық ән өнеріне соны леп әкеліп қана қоймай, оны жаңаша биікке көтерген талант иелері. Әсіресе қос тұлғаның қазақ операсы мен ән өнерінің қалыптасуына сіңірген еңбегі ерекше. Белгілі театртанушы Амангелді Мұқан «Ағайынды Аб­дуллиндер» атты мақаласында Ах­мет Жұбановтың Мүсілім туралы айт­­қан естелігін келтіреді. Онда ол жас талапкердің есту дәрежесінің жоға­рылығы мен ән ырғағын бір қалыпты ұстау­дағы нақтылығына және бір айт­қан­­ды бұлжытпай қағып алатын құй­ма-­­құлақтығына таңғалғанын айтады. Ака­демик қалада оқып жүрген Мүсі­лім­ді мықты виолончелист жасамақ болғанымен, оның табиғи дауысының аса сұлу екенін аңғарып, жеке әншілер класына ауыстырғанын баяндайды. Сондай-ақ мақала авторы Мүсілімнің өзінен жиырма минут кейін дүние есігін ашқан Ришатқа жол бастап отыр­ғандығын сөз етеді.

Жалпы екеуінің өмірі мен өнерін бір-бірінен ажырата алмайсыз. Абдуллин­дер 1916 жылы Өскемен қаласында өмірге келген. Екеуі де бала күнінен өнерге жақ­ын болып өседі. Мүсілім он бес жасында Алматыда ашылған музыкалық-драма техникумына оқуға келсе, оған бір жылдан кейін Ришат келіп түседі. Одан кейін екеуі де Мәскеу консерваториясына оқуға қабылданып, профессор А.И.Вишневскийдің класында оқиды. Жақсылар мен жайсаңдар жиналған оқу ордасында өнер тарландарының дәрісін тыңдап, тәжірибелерін ұштайды. Кәсіби музыкант дәрежесіне көтеріледі. Консерваторияны тәмамдағаннан кейін екеуі де Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына солист болып орналасады. Содан бастап қос әншінің өнердегі жұлдызды жолы басталады. Негізі, Мүсілімнің дауысы лирикалық тенор болса, Ришаттың дауысы – баритон. Ағайынды Абдуллиндер аталған бекзат өнер ордасында қазақ, орыс және еуропа композиторларының опералық шығармаларындағы жетекші партияларды орындап, жұртшылыққа танылды. Мәселен, Мүсілім Абдуллин « Евгений Онегинде» – Ленскийді, «Қыз Жібекте» – Төлегенді, «Жалбырда» – Қай-
рақпайды, «Ер Тарғында» – Бал­панды, «Абайда» – Әзім секілді қай­таланбас бейнелерді сомдаса, Ришат Абдул­лин « Евгений Онегинде» – бас кейіп­кер­дің өзін, «Демонда» – Демонды, «Тра­виа­тада» – Жермонды, «Карменде» – Эска­мильоны, «Даисиде» – Киазоны, «Абай­да» – Абайды, «Ер Тарғында» – Ер Тарғынды, «Біржан-Сарада» – Қожа­ғұлды, «Назугумде» – Гульматты келіс­ті ойнап, көрермендер ықыласына бө­лен­ді. Сонымен бірге екеуінің 1948 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің он күн­ді­гі аясында қойылған «Абай» опе­ра­сын­дағы орындаған партиясы мәс­кеулердің көңілінен шығып, ел мерейін өсірді.

Сондай-ақ оларды ән өнеріндегі дуэт жанрының алғашқы қарлығаштары деп айтуға болады. Қос әнші сахнада қа­зақ, татар және орыстың халық әндері­мен бірге Евгений Брусиловский, Бақыт­жан Байқадамов, Сыдық Мұхамед­жа­нов, Шәмші Қалдаяқов және тағы бас­қа композиторлардың жаңа жазыл­ған шығармаларын орындап, елдің жүре­гінен жол тапты. Өнердегі еңбектері де жоғары бағаланып, Ришат Абдуллин КСРО халық әртісі болса, Мүсілім Аб­дул­­лин Қазақстанның халық әртісі атанды.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ өнері тари­хында есімдері алтын әріппен жазыл­ған ағайынды Абдуллиндердің ға­жайып дауысы әлі талай сан ұрпақтың жүрегін тербетіп тұратыны анық.