Сұхбат • 19 Қаңтар, 2023

Тәртіп бар жерде тәрбие бар

720 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осыдан отыз жыл бұрын 19 қаңтарда Президент Жарлығымен Қарулы күштерде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты құрылды. Тәрбие жұмысы органдарының тарихы, міне, осы сәттен бастау алады. Осыған орай біз Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалитденовпен сұхбаттасқан едік.

Тәртіп бар жерде тәрбие бар

фыв

– Сұлтан Бүркітбайұлы, әңгі­мемізді биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған әскердегі тәрбие құры­лымдарының тарихынан бас­тасақ.

– Тәрбие жұмысы органдарын құру тарихы Қарулы күштердің қалыптасуы және даму дәуірімен тығыз байланыс­ты. Бұл жеке құрамның әскери және оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға моральдық және психологиялық дайын­дығын бағалаудағы жаңа, жоғары критерийлерге қатысты. Осы міндетті ше­­шу­дегі негізгі рөл жеке құрамның мо­раль­дық-адамгершілік рухын қалып­тастыруға арналған тәрбие және идеоло­гиялық жұмыстар органдарына жүктелді.

Тәрбие құрылымдары офицерлері институтының пайда болуына тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов алғашқы күннен ерекше мән берді. Төл әскеріміздің толыққанды дамуы үшін тәрбие жұмыстарының маңыздылығы күн тәртібіне алғашқылардың бірі болып шықты. Сағадат Қожахметұлының жауынгерлік, өмірлік бай тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі әскерлерді басқарудың тиімді жүйесін құру мен армияның нормативтік-құқық­тық базасын әзірлеу мәселелерін шешуде ғана емес, сонымен бірге жас тәуелсіз мемлекеттің жауынгерлерін тәрбиелеуге де көп әсер етті.

Қарулы күштердің тәрбие жұмыс­тары құрылымына әр кезеңде генерал-майор­лар Айтқали Есенғұлов, Әмірбек Төгісов, Марат Нағұманов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, полковниктер Болат Назиров, Амангелді Ибраев, генерал-майор Қайрат Мыңжанов, пол­ков­никтер Жұмабек Хасенов, Ар­кен Ташубаев, генерал-лейтенант Мұха­меджан Таласов, полковник Қайсар Мұғаловтар басшылық жасады. 2019 жылдан бері бұл құрылымды генерал-майор Серік Борамбаев басқарып келеді.

ав

Қарулы күштердегі тәрбие жұмысы­ның негізін қалаушылардың бірі ретінде полковник Мэлс Шәмпиевтің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде Мэлс Жұманұлы «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы филиалына басшылық жасайды.

Сонымен бірге көптеген әскери қызметші тәрбие жұмысы органдарын Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орын­басары, генерал-лейтенант Мұха­мед­жан Таласов басқарған кезді ерек­ше ілтипатпен еске алады. Сол тұста әс­керлерге «Жауынгерлік дос», «Пира­мида» жүйелері енгізілді. Жедел-такти­калық және стратегиялық оқу-жат­тығуларды, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауын­­герлік іс-қимылдарды моральдық-пси­хологиялық тұрғыдан қамтамасыз етудің заманауи нысандары мен тәсіл­дері пысықтала бастады.

Бүгінде Қарулы күштерде тәрбие және идеологиялық жұмыстар құ­ры­лымы үйлесімді жұмыс істеп келе­ді. Оның құрамына Қорғаныс минис­трлігінің Тәрбие және идеология­лық жұмыстар департаменті, әскер түр­леріндегі бас басқармалар, өңір­лік қолбасшылықтар мен әскер текте­ріндегі басқармалар, әскери оқу орын­дарындағы, әскери бөлімдер мен меке­мелердегі бөлімдер кіреді.

Осы жылдар ішінде әскери тәрбие­шілер институты жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде маңызды орын алатын санаулы құрылымдардың біріне айналды. Оның үздіксіз жүргізген белсенді жұмысы өзінің қажеттілігін толық дәлелдей білді деуге негіз бар.

Бүгінде тәрбиеші офицерлердің жаңа толқыны аға буынның даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырып келеді. Тәрбие құрылымдарының офи­цер­лері бөлімдер мен құрамалардың командирлерімен бірлесіп, әскери тәр­тіп пен құқықтық тәртіпті нығай­ту, бөлімшелердегі мораль­дық-адамгер­шілік жағдайды сауықтыру, жеке құрам­ның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде тәрбие жұмысының елеулі көлемін атқарды. Бүгінгі таң­да жеке құраммен тәрбие және идеоло­гиялық жұмыс ар­мияның мүддесі үшін ғана жұмыс істейтін, үнемі дамып, жетілдіріліп отыратын үйлесімді механизмге айналды.

– Қазіргі таңда Қарулы күштер үшін тәрбиеші офицерлерді даярлау қай әскери оқу орындарында жүзеге асырылады?

– Бүгінде Қарулы күштерде 1400-ден астам тәрбиеші офицер қызмет атқарады. Олардың қатарына тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөнін­дегі орынбасарлар, арнайы насихат, мемлекеттік-құқықтық дайындық, әс­кери тәртіп жөніндегі мамандар, офицер-психологтер, әскери оқу орын­дарындағы гуманитарлық пәндер­дің оқытушылары кіреді.

Соңғы жылдары кәсіби кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде тәрбие құрылымдарының офицерлерін даярлаумен Қарулы күш­тердің жүйесіне кіретін екі әскери оқу орны айналысып келеді.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі кафедрасы «Психолог-педа­гог» біліктілігімен «Тәрбие құрылым­дарының офицерлері» мамандығы бойын­ша офицерлер даярлайды.

2016 жылы Ұлттық қорғаныс уни­верситетінде ашылған «Тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру» біліктілігімен «әскери ұжымдағы әлеу­меттік және идеологиялық жұ­мыс» мамандығы бойынша тәрбие құры­лымдарының офицерлерін даярлайтын М.Ғабдуллин атындағы әскери-гуманитарлық ғылымдар факультеті білім берудегі озық әдістер мен технологияларды қолданатын бірден-бір оқу-әдістемелік орталық болып отыр.

Бұл бірінші кезекте бізге офицерлердің кәсіби деңгейін едәуір арттыруға, құ­рамалар мен бөлім командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары лауазымдарын кадрлық офицерлермен толықтыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

– Бүгінде Қарулы күштердегі тәр­бие жұмыстарын нығайту үшін қан­дай шаралар жүргізіліп жатыр?

– Тəрбие жұмысы қай уақытта да жеке құрамды оқыту мен тəрбиелеудің бірден-бір тиімді нысаны болып қала береді. Әскердегі тәрбие жұмыстары туралы айтқанда Қарулы күштер арда­герлерінің еңбегін ерекше атап өткен абзал. 2011 жылы құрылған «Қару­лы күштердің ардагерлері» қоғамдық бірлестігімен өзара тығыз байланыс ұйымдастырылып, іс-шаралардың бі­рың­ғай жұмыс жоспары бекітілді.

Ардагерлер жас офицерлерге кәсіби шеберлік дағдыларын игеруге, бейімделу кезеңіндегі қиындықтарды еңсеруге көмек­тесу мақсатында тәлімгерлік қыз­­мет­ке белсенді қатысып келеді. Олардың қызметтік, жауынгерлік бай тәжі­рибесі тәрбиелік маңызы бар әскери-па­т­риот­тық іс-шараларды өткізу кезінде кеңінен пайдаланылады.

Өткен жылы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бастамасымен «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасын бекіту туралы» бірлескен бұйрық шығарылды. Бағдарлама әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, жеке құрамның қаза болуының алдын алып, жаңа нысандарды енгізу арқылы армия­да қайтарымсыз шығындарды азайтуға, қолайлы ақпараттық-имидждік орта қалыптастыруға және әскери тәрбие мен оқытудың қолданыстағы жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі штаттық қызметтер де тәрбие және идео­логиялық жұмыстарға жаңаша сер­пін бергенін айта кеткен жөн. Олар командирлерге әскери қызметшілердің отбасылық құндылықтары мен мо­раль­дық-психологиялық ахуалын нығай­туға, әлеуметтік-тұрмыстық және руха­ни-адамгершілік қажеттіліктерін қана­ғаттандыруға айтарлықтай жәрдем көрсетіп келеді.

Бұл ретте Қорғаныс министрлігінің Ақпараттық-түсіндіру тобы атқарған жұмыстар туралы да айта кеткен орын­ды. Өткен жылы құрамында тәрбие, қаржы, тыл құрылымдары, әскери полиция өкілдері, заңгерлер мен ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қызметкерлері бар топ ел өңірлеріндегі әскери бөлімдер мен мекемелерде болып, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әскери қызметшілердің әлеуметтік көңіл  күйін жақсарту, әскери қызметшілерді қаржылық қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдері бойынша кездесулер ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бұл іс-шаралардың бәріне жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан халқы ассамблеясы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, гарнизондардың әскери қыз­метшілері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.

Бұдан өзге әскери бөлімдер мен меке­мелерде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне ел Пре­зидентінің 2022 жылғы 1 қыр­күйектегі «Әділетті мемлекет. Бір­тұ­тас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақ­стан халқына Жолдауының негізгі қ­ағи­даларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы кезінде, жеке құрамды әскери-патриоттық тәрбиелеу, олардың моральдық-жауынгерлік рухын көтеру мақсатында Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Қарулы күштердің беделі мен абыройын көтеруге арналған мәдени-демалыс іс-шараларын өткізді. Қорғаныс министрлігінің ақ­параттық-түсіндіру тобы білім беру мекемелерінде болып, ерлік сабақтарын да ұйымдастырды.

Мектеп оқушыларымен кездесу барысында әскери қызметшілер Отан қорғаушылардың абыройлы қызметі туралы айтып берді. Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің тарихы жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесулердің бәрінде оқушыларға ел әскерінің дамуы мен жауынгерлік дәстүрлері туралы айтылып, деректі фильмдер көрсетілді.

– Генерал-лейтенат мырза, 2022 жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызмет­шілердің әскери қызметі және тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл өзгерістер не үшін қажет және олар қандай заңнамалық актілерге енгізілді?

– Бұл толықтырулар «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мем­лекеттік органдары туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызмет­шілердің мәртебесі туралы» заңдарға енгізілді.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістер қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығының ауысуын, ақшалай өтемақы алуды және қайтыс болған әскери қызметшінің немесе арнайы орган қызметкерінің отбасы мүшелері алмасу құқығын пайдалануды көздейді. Одан бөлек, түзетулер қызметтік тұрғын үйді қалдық құнымен немесе өтеусіз жекешелендіру, сондай-ақ қос тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайларын шектеу мәселелеріне қатысты.

Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін алғаш рет «модульдік тұрғын үй» ұғымы енгізіледі. Модульдік тұрғын үйлерді сатып алу қысқа мерзімде әскерлерді қызмет орындарында тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда басқа өңірлерге көшіруге болады. Осы мақсат үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң «модульдік үй» ұғымымен толықтырылды.

Жалпы, заң жобасы әскери қыз­мет­шілер мен арнайы мемлекет­тік органдар қызметкерлерінің құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Оларды әлеуметтік қам­тамасыз етуді жақсартуға, әскери қызмет өткеру мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді.

– Өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы да айта отырсаңыз.

– Отан қорғаушылардың, сондай-ақ әскерге шақыруға дейінгі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында 2015 жылы елордада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылды. Орталық бүгінде әскери қызметшілер мен әскерге шақыруға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің үйлестіруші органы болып отыр.

Қорғаныс ведомствосы оқушылар мен жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Қазіргі уақытта қозғалыс филиалдары еліміздің барлық өңірінде ашылған.

«Жас сарбаз» қозғалысының базасында 6 мыңнан астам тәрбиеленушіні қамтитын төрт жүзге жуық «Смарт-сарбаз» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде патриоттық іс-шаралардан бөлек, балалар инновацияларды игеріп, өздерінің техникалық идеяларын жүзеге асыра алады.

Өткен жылы елордада өткен «Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы аясында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі таныстырылып, жиын жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Түркістан облысына «Патриоттар мекені» ауыс­палы кубогі табысталды.

Әскери қызметшілер «Ерлік сабақ­тары» мен «Ашық есік күндерін» дәстүрлі түрде өткізіп тұрады. Былтыр Қарулы күштердің 30 жылдығына орай еліміздегі 931 мектепте «Ерлік сабақтары» өтіп, әскери бөлімдерде 8 мыңнан астам баланы тарта отырып, мыңға жуық «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.

Аталған шаралардың бәрі жастар­ды әскер-патриоттық тәрбиелеу жұмыс­тарын одан әрі жетілдіруге, өске­лең ұрпақтың бойында өз Отанын қор­ғауға дайын ел азаматының жоғары патриоттық сезімі мен өнегелік қасиет­терін қалыптастыруды көздейді.

Іс-шаралардың ішіндегі ең ау­қымдысы – жыл сайын өткізілетін «Айбын» жиыны. 2019 жылы өткен мерейтойлық әскери-патриоттық жиын­ның ашылуына Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиында Мемлекет басшысы «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірге «Ұлы дала жас сарбазы-2050» уақыт капсуласын салғанын ерекше атап өту керек.

– Әскери қызметшілерді пат­риот­тық тұрғыда тәрбиелеу – тәр­бие­ші офицерлерге жүктелген негізгі мін­дет­тердің бірі. Ал патриотизм қай жағ­дай­да байқалуы тиіс?

– Патриотизм – өз ісімен Отанға деген сүйіспеншілігін дәлелдей білу. Қа­зақстандағы патриотизмнің бастауы біздің арғы тарихымызда жатыр. Әс­кери қызметшілер мен жастарды та­рих­ты білуге баулу, оларды ата-баба­дан қалған аманат – халқымыздың мыз­ғымас ауызбіршілігі мен ұлан-ғайыр жерін қорғауға әрқашан дайы­н болуға тәрбиелеу күн тәртібінен түс­кен емес.

Елі мен жерді қорғау жолындағы қазақ сарбаздарының қайталанбас ерлігін, Отанын жанындай сүйіп, көзінің қарашығындай қорғайтынын дұшпандар да мойындаған. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз», деген Бауыржан Момыш­ұлының сөздері бар.

Патриотизм Отанды сүюде, оған қалтқысыз қызмет етуде, ел үшін қандай да бір жетістікке жетуде, халқымыздың атын әлемге паш етуде айқын көрінеді.

Қазіргі Қарулы күштердің барлық саласында тәрбие мен идеологияның атқарып жатқан жұмысы өлшеусіз. Идеология жоқ жерде әскердің бағыты, бағдары айқын болмайды. Өйткені тәртіп бар жерде тәрбие болады. Сол себепті әскери қызметшілерге берілетін патриоттық тәрбие мен идеологияның әскердегі орны қашанда бөлек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Оралхан АХМАДИЯ,

«Egemen Qazaqstan»