Қоғам • 19 Қаңтар, 2023

Иесі жоқ жер жетім

337 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» атты халыққа Жол­дауында: «Қазір ауыл шаруашы­лығына ар­налған жер туралы то­лық­­қанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары туралы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр», деп нақты мәселе көтерген
еді.

Иесі жоқ жер жетім

Сондай-ақ: «Игерілмей жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қай­тарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 мил­лион гектарға жуықтайды», деген болатын.

Ақмола облысында да бұл мәселе өте күрделі күйде еді. Қазір бұл тарапта нақты шаруалар қолға алынған. Бүгінгі таңдағы мәліметтер базасында облыс бойынша 2  млн 641,6 мың гектар жердің кәдеге аспай жатқандығы көрсетілген. Оның ішінде егістік жер көлемі – 153,3 мың гектар. Ал жайылымдық жер көлемі 2 млн 488,3 мың гектарға тең. Осынша жердің ел игілігіне айналмай, босқа тусырап жатуы өкінішті-ақ. Егер осыншама жерге егін егіліп, мал бағылып жатса, азық-түлік қауіпсіздігі тарапындағы бірқатар кемшілік жойылып, ел ырысы молая түсер еді.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін экономикалық байланыс­тар ыдырап, ауыл ша­руашылығы саласы ауыр күйге түсті. Бұрын ақық дән аялаған, ақтылы мал өсірген жер босап қалды. Сол-ақ екен, көл-көсір өнім беріп тұрған алқаптарда алабота қаулап өсіп, қурай басып, жер жарықтық тоза бастады.

Іле өздерінің мүмкіндігі қаптал жетпесе де, бар жерді бауы­рына басып қалғысы кел­ген­­дердің қарасы көбейді. Міне, осындай ашкөздіктің сал­дарынан жер жарықтық жетім­сіреп жатыр. Ел төсін ембесе, аялап күтпесе, әлпештеп құнар­лан­дырмаса, тоз-тозы шығып, айтақырға айналмақ. Былтыр об­лыстық жер ресурстарын бас­қару департаменті 147 тексеру жұмысын жүргізді. Осы тек­серіс­тің нәтижесі бойынша жер заң­намасын бұзу фактілерін жою туралы 108 ұйғарым берілді. Жүйе­лі жүргізілген жұмыстың нәти­жесіне орай, 214,6 мың гектар алқап кәдеге жаратылуда. Оның 82,7 мың гектары – егістік ал­қап, 131,9 мың гектары – жайылым.

– Қазір ел ішінде төрт түлік малдың басын көбейтуге ұм­ты­­лыс бар, – дейді Зерен­ді ауданындағы шаруа қожа­лы­ғының басшысы Құлан Болатов, – әттең қолбайлау болып тұр­ғаны – шабындық және жа­йы­­лымдық жердің жоқтығы. Ауыл тұрғындарының дені мал сүмесімен күн көреді. Ал мал ұстауға тоқымдай жер таба алмай отыр. Қысы ұзақ солтүстікте мал азығын дайындау қиын шаруа. Сатып  алып бақсаң, еңбегің өтелмейді. Сондықтан осы кейін қайырылған жерді әділетті түрде халықтың игілігіне жарату керек. Бір түсініксізі, қайтарылған жерлер қалай бөлінеді? Ешкім түсін­­діріп айтпағаннан кейін көңілге күдік ұялайтыны да шындық. 

Жерге байланысты арыз-шағымның соңғы жылдары күрт көбейіп кеткені де белгілі. Ел ішіндегі өкпенің де туындайтын жері – осы. Қазір өңірдегі сот органдарында 100 мың гектар алқапқа байланысты 23 талап-арыз қаралуда. 100 мың гектар дегеніңіз – адам айтқысыз мол дүние емес пе?! Осы жердің 30 мың гектары – жайылымдық жер.

– Осының бәрі бір кезде жерді әділетсіз бөлуден туындап отыр, – дейді ел ағасы Жәмбек Кереев, – егер халыққа ыңғайлы қылып бөлсе, сынықсүйем де жер бос қалмай, ел адамдары шаруасын ыңғайлап, дәулетін еселер еді. Мысалы, Зеренді ауданындағы Садовый ауылында жер телімін мүлде ыңғайсыз бөлген. Осында егін егетін серіктестік ауылдың іргесіне тақап жыртып тастаған. Қазір ауылда егін екпек түгілі, үй салатын жер жоқ. 250 отбасы кезекте тұр. Өзіңіз ойлап қа­раңызшы, миллиондаған гек­тар жер бос жатқанда қала тұрмақ ауылда жер телімін ала алмау деген ақылға сыймайды емес пе?!

Ел Президентінің тапсырма­сына орай, әділдік орнауда. Мы­сал үшін жалпы көлемі 29 мың гектар жерді «Аскоп», «АРТ-с-Батыр», «Орловка» серіктестіктерінен мәжбүрлеп алу туралы алғашқы сатыдағы шешім қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, құқық қорғау және басқа құзі­ретті мемлекеттік органдар­дың қатысуымен облыстық ведомствоаралық топ құрылып, елді елеңдетіп отырған шетін мәселеге байланысты жүйелі жұмыс істеуге көшті. Бұл орай­дағы шаруа шашетектен екен.

Осы уақытқа дейін пайда­ланылмай келген ауыл ша­руашылығы мақсатындағы 300 мың гектар алқап қайта­рылуға тиіс болса, бұл жоспар асыра орындалды. Сәл ғана мысал келтіре кетелік, бүгінгі таңда 302,4 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 214,5 мың гектардан бұрынғы иелері ерікті түрде бас тартты. 6,4 мың гектар жер телімі заманында заңсыз берілгендігіне байланыс­ты кері қайтарылды. Осы арада заңды белшесінен басудың өңірде бір кезде қаншалықты өршігенін көруге болады. Ал бұл уақытта жанын жалдап егін егіп, мал бағуға ұмтылған қаншама адамның қолы байланып, алға басқан қадамы кері кетіп тұрды. 81,5 мың гектар алқаптың жалдау мерзімі аяқталған.

Аудан әкімдіктері қайтарыл­ған ауыл шаруашылығы жер­лерін бірінші кезекте жергілікті халық­тың қажеттілігін мүмкінді­гін­ше қана­ғат­тандыру үшін бөлетін бола­ды. Өңірдегі шаруа қожа­лықтарының алаңдауы да осы мәселеге байланысты болатын.

Республикалық «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының құрылуы жерге байланысты қат-қабат проблемаларды оңынан шешуге айтарлықтай ықпал  етуде. Ақмола облыстық филиалына осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындарының жанайқайы жазылған, өкпе-наз арқалаған өтініштер жиі түседі. Оның басым көпшілігі Зеренді ауданынан жолданыпты. Демек табиғаты тамылжыған, топырағы  құнарлы бұл өлкеде мәселе әлі де шиеленісіп тұр деп айтуға әбден негіз бар. Сондай-ақ Атбасар, Жақсы, Целиноград, Ақкөл аудан­дарынан да арыз-шағым жиі түседі. Кәдеге аспай жатқан қыруар жерді қолданыстағы заң аясында кері қайтарып алуға байланысты бірқатар жұмыс жүр­гізілгенімен, әлі де бұл тарап­тағы бар істі ширата түсу қажет.   

Қолдағы мәліметтерді салғас­тыра қарап зерделейтін болса­ңыз, жер мәселесі өңірдің барлық ауданында туындап отыр. Былтыр жадыраған жаз айын­да Макинск қаласында болғанымызда, мал ұстайтын қала тұрғындарының төрт түлік малын жаятын алақандай жер тап­пай отырғанын көргеніміз бар. Олардың пешенесіне бұйыр­ғаны – заңдастырылмаған қоқыс тастайтын орын. Бар малын сол жерде иіріп бағады. Қара қарғаның миы қайнайтын ыс­тықта оты қашқан жерде иіріп баққан малда күй бола ма? Ал малсақ қауым жазды лаждап өткіземіз-ау, мал қолға қараған кезде қайтпекпіз деп қынжылып қалған. Негізі осы мәселе әділетті шешілсе, ауыл хал­қы­ның әлеуметтік тұрмысы көп-көрім жақсарып қалар еді. Соң­ғы уақытта малдың бағасы өсіп келеді. Бұл тұтынушыға сал­мақ болғанымен, адал еңбегі ақтал­са, малсақ қауымның ең­се көте­ріп қалуына ықпал етері дау­сыз.

Әуел баста өткір мәселеге немқұрайлы қарағаннан кейін жалпақ жұрттың өкпе-назын туындатқаны жасырын емес. Алдағы уақытта ел үміт еткен әділетті қоғамның иманды шаруа­­сының бірі осы болар еді.

 

Ақмола облысы