Үкімет • 19 Қаңтар, 2023

Әлихан Смайылов жаңа индустриялық жобалар пулын кеңейтуді тапсырды

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоның алдында тұрған басым міндеттерді атап көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов жаңа индустриялық жобалар пулын кеңейтуді тапсырды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өсім 1,1%-ды құрады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті. Қалған секторлар да түгелге дерлік  өсім көрсетті.  

Сонымен қатар жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 160 жоба іске асырылды, 14,4 мың жұмыс орны құрылды. Қызылорда облысында шыны өндірісі бойынша, Атырау облысында полипропилен, Қарағанды облысында автомобиль шиналары, Шымкент қаласында алюминий банкаларын шығару сияқты негізгі жобалар іске қосылды. Жамбыл облысындағы азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру қуаты 2 есеге ұлғайтылды. 

Алқа мәжілісі аясында қатысушылар өнеркәсіп, құрылыс, көлік және геологиялық салаларды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларды талқылады. 

Премьер-министр өз сөзінде осы жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында қазіргі сын-қатерлерге төтеп беретін бірқатар маңызды міндет тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, тау-кен өндіру саласын дамытуға серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. 

«Экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге болмайды. Біздің алдымызда жыл сайын шамамен 4-5% деңгейінде елдің ЖІӨ-нің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, оның ішінде 2023 жылы да индустриялық жобалар пулын кеңейтуі қажет. Әсіресе импортты алмастыруға баса назар аударылуы тиіс», деді Әлихан Смайылов. 

Бұл ретте ол моноқалалардың дамуын ескеру маңызды екенін айтты. Ондағы жаңа кәсіпорындар халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етеді.  

Сондай-ақ Үкімет басшысы қазақстандықтардың автожолдардың сапасына, оның ішінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдары бар екенін атап өтті.  

«Жөнделген учаскелер қайтадан жиі бұзылып жатады. Жөндеу жұмыстары адамдар үшін емес, жол жұмысшыларының өздері үшін жасалатын сияқты. Марат Кәрімжанұлы (Қарабаев – ҚР ИИДМ басшысы), бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, оны тиімді шешуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін әзірлеу қажет», деді Әлихан Смайылов.  

Оның айтуынша, бұл мәселеде тиімді жоспарлау, келісімшарттарды енгізу, техникалық қадағалауды күшейту, цифрландыру және т. б. аса маңызды.  

Сонымен қатар отырыс барысында Премьер-министр Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліздермен одан әрі интеграциялау бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Бұл елімізге аймақтағы негізгі «транзиттік хабтардың» біріне айналуға, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын дамытуға, «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында логистикалық хаб құруға, ҚТЖ трансформациялауға, теміржолдар салуға және жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді.  

Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысында және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуда барлық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. 

Қорытындылай келе, Премьер-министр «KAZNEDRA» ақпараттық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға беруді жеделдетуді, Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасындағы функцияларды автоматтандыруды, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бойынша олардың жұмысының жаңа моделін енгізу арқылы жан-жақты шаралар қабылдауды,  шикізатпен қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу үшін отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуді тапсырды.