29 Мамыр, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

705 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
БЮДЖЕТ ЕСЕБІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметі және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылға арналған республикалық бюджет жөніндегі есебінің таныстырылымы өтті. Шараға Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов жетекшілік етті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Тақырып бойынша депутаттар Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтің есебін тыңдады. Мекеме басшысының айтуынша, өткен жыл ішінде республикалық бюджеттің орындалуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің оң әсерін тигізді. Қаралып отырған кезең ішіндегі бақылау шараларының қорытындыларын баяндай келіп, Есеп комитетінің басшысы “2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң баптарының орындалу мәселелеріне кеңірек тоқталды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын, стратегиялық жоспар­лар­дың жүзеге асырылуын, мақ­сат­ты трансферттердің игерілуін, мем­лекет активтерін басқару тетіктерін әзірлеуді бақылаудың жеткіліксіз­ді­гін атап өткен О.Өксікбаев рес­пуб­ликалық бюджет қаржылары мен мемлекет активтерін тиімсіз пай­да­ланудың себептерін атады. Олар­дың қатарында Есеп комитетінің басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің стратегиясы жоқ­ты­ғын, инвестициялық жобаларды таңдау барысында нарық сегмент­те­рін маркетингтік талдаудың әл­сіздігін, даму институттарының бос қаржыны екінші деңгейлі банк­тердегі депозиттерге орналастыру үрдісін атады. Таныстырылым барысында депутаттар бюджет қаржыларының игерілмеуіне, бюджет түсімдерінің азаюына, жергілікті бюджеттерді әкімшілендіру жүйесін, мемлекеттік сатып алуларды жетілдіруге қатыс­ты мәселелерді көтерді. 2009 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі 100,4 пайызға орындалды. Оған негізінен алдын ала бекітілген жоспарды 2,7 пайызға, шығын­дар­ды 98,1 пайызға төмендету арқылы нақтылаумен қол жеткізілді. Игерілмеген қаржы көлемі 59,4 млрд.теңгені құрады (39 бюджет бағдарламалары әкімшілерінің тек 9-ы ғана қаржыны толық игерді). 2009 жылы 510,9 млрд. теңге көлеміндегі дефицитті өтеуге 650,4 млрд. теңгені құрайтын мемлекет­тік займ тартылды. Сонымен қатар, 2008 жылмен салыстырғанда бюд­жет қаражатының еркін қалдығы 8,5 есеге ұлғайып, 56 млрд. теңгені құрады. СЕГІЗ МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҮЙЛІ БОЛАДЫ Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” барысында мемлекеттік тұрғын үй құрылысы саясатын тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйелері арқылы жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараға Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева жетекшілік етті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Шара барысында М.Көпеев талқыланып отырған тақырып тұрғын үй құрылысын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттарын айқындаған Мемлекет басшысының Жолдауы тұрғысында өте маңызды болып отырғанын атап өтті. Ол қадамның маңызды құрам­дас бөлігі ретінде азамат­тар­дың, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің”, мем­ле­кет­тің және құрылыс компания­ла­ры­ның тең құқылы әріптестік қа­ғи­датын ұстанған тұрғын үй құ­ры­лысы жинақтау жүйелері екенін атады. Құрылыс секторын қолдауға, үлескерлердің ахуалын шешуге, тұрғын үй құрылысы бағдарла­ма­сын жүзеге асыруға бағытталған маңызды мемлекеттік шараларды айта келіп, вице-спикер дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында құрылыс компанияларына екінші деңгейлі банктер арқылы 184 млрд. теңгеден астам қаржы, ал 2009 жылы Ұлттық қордан құрылыс саласын дамытуға 360 млрд. теңге бөлінгендігін және ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелер төмендетілгенін атап өтті. М.Көпеевтің айтуынша, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесін дамыту тиісті заңнамалық базамен қамтылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесіндегі қатынастарды реттеу мен құқықтық негіздер “Қазақстан Республика­сын­­­дағы тұрғын үй құрылысы жи­нақ ақшасы туралы” Заңмен белгіленген. Депутаттар Ғ.Есім, А.Башмаков, Ж.Төрегелдинов, Қ.Омаров және А.Савченко тұрғын үй құрылысын одан әрі дамытуға, тұрғын үй құ­ры­лысы жинақтау жүйесіне жұрт­шылықтың қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мен аталған бағ­дар­ламаның халықтың аз қам­тыл­ған бөлігіне қолжетімділігін арт­ты­руға қатысты өз ойларымен бөлісті. Талқылаулар барысында Құры­лыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы С.Нокин, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басқарма төрайымы Н.Нау­рыз­баева, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарушы директоры Қ.Әйтікенов сөз сөйледі. Н.Жолдасбаева аталған жүйені одан әрі жетілдіру қажеттігі туын­дап отырғандығын атап өтті. Бұл бағытта “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” азамат­тар­дың, банктің, жергілікті атқарушы органдардың және құрылыс ком­па­ния­ларының тең құқылы әріптестік қағидатына негізделген тұрғын үй құ­рылыс жинақ жүйесін жүзеге асы­рудың жаңа бағдарламасын әзір­леді. 2010-2013 жылдарға ар­налған осы бағдарламаны жүзеге асы­ру бары­сында 540 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй іске қо­сылып, баспанаға мұқтаж азамат­тар 8 мыңға жуық пәтерлерді алатын болады. Талқылаулар нәтижелері бой­ын­ша тиісті ұсынымдар әзірленді. ЖАУАПКЕРШІЛІК ТАҒЫ БІР ЕКШЕЛДІ Ауруханалардың дәрі-дәрмекпен нашар қамтамасыз етілуі және осы саладағы жағдайдың оңды қалыптаспауы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың төрағалығымен палата депутаттары мен Денсаулық сақтау министрі, “СК-Фармация” ЖШС директоры мен бірқатар дәрі-дәрмек өндіретін компаниялар басшыларының кездесу өткізуіне түрткі болды. Еліміздің фармрыногындағы бүгінгі айналым 1 миллиард АҚШ долларын құраса, соның 400 мил­­лионы кепілдендірілген тегін ме­ди­циналық көмек аясындағы мем­лекеттік сатып алулар үлесіне тие­сілі екен. Ал қалған сома ком­мерциялық сатып алуларға жатады. “СК-Фармация” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Вадим Зверьков фармрынок хаосты дамып, дәрі-дәрмектің 90 пайызы сырттан тасылып келгендігін ортаға салды. Осы жағдайды түзету мақ­са­тында аталған серіктестік құры­лып, өткен жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде бар болса, Германия мен Францияда сатып алумен 2 компания айна­лы­са­ды. Ал Ұлыбритания мен Малай­зия сияқты елдерде мұнымен тек бір компания шұғылданады екен. Қазақстан да осы тәжірибені басшылыққа алып, аталған ЖШС былтырдан бері жұмысына кірісіп кеткен-ді. Алайда артынша шу шы­ғып, өңірлер дәрі-дәрмексіз біраз әбігерге түскені мәлім. Мұның се­бе­бін директор өңірлердегі ауру­ха­на­лар тапсырыстарын кеш жолда­ған­дығымен түсіндіруге тырысты. Оның сөзіне қарағанда, былтыр тапсырыстар тіпті қараша айының соңына дейін созылған. Негізінен стационарлық емханалар мен ауру­ханалар бұл міндетті 20 қарашаға дейін бітіруі тиіс екен. Не керек, конкурс 20 желтоқсанда өтіп, дәрі-дәрмектің 745 түрі бойынша жет­кі­зіп беретін 39 компания анық­талған. Осы ретте алғаш рет бағаны төмендету жөніндегі аукцион да өткізілгені белгілі болды. Бір дистрибьютердің сатып алуында бір кемшілік медициналық ұйымдар тапсырыс берген дәрі-дәрмектер мен қажетті саналатын­дар­дың арасындағы алшақтық, дейді В.Зверьков. Мысалы, дәрі-дәрмектің 451 түрі бойынша тап­сырыс аз көрсетілсе, қажетті мөл­шер ондаған, тіпті жүздеген есе көп қажет көрінеді. Мұндай сәйкес­сіз­діктер 5 миллиард теңгеге жеткен. Мәселен, келісім-шартта бір дәрі бойынша 4900 ампула керек деп көрсетілсе, шын мәнінде 60 000-ы қажет болып шыққан. Тіпті, меди­циналық ұйымдарға қажет емес дәрі-дәрмектер де жетерлік екен. Қалай болған күнде де “СК-Фар­ма­ция” ЖШС директоры фармры­нок­та қазақстандық құрамды 10-нан 23 пайызға жеткізгендіктерін, ал дәрі-дәрмек сатып алуда бюд­жет­тің 4,5 миллиард теңгесін үнем­деуге қол жеткізілгенін алға тартты. Денсаулық сақтау министрі Жақ­сылық Досқалиев Үкімет қау­лы­сына сәйкес әр тараптың жауап­кершілігі бекітілгендігін ерекше атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, егер ауруханаға дәрі-дәрмек жетпей жатқан жағдайда бас дәрігер оны өз есебінен сатып ала алады. Артынан “СК-Фармация” сол сатып алын­ған дәрінің толық құнын және 20 пайыздық айыппұлын төлеп беруі тиіс. Бұл өз кезегінде ЖШС-ның жауапкершілігін арттырады. Депутаттардың келтірген мәлі­мет­теріне қарағанда, кейбір дәрілер жоқ, ал бас дәрігердің оны белгі­ленген сомадан артық ақшаға сатып алуға құқы да жоқ көрінеді. Сондықтан мұндай ауыртпалық емделушілердің өзіне түседі екен. Сондай-ақ ауылдық елді мекен­дерде кадр тапшылығы да ерекше әңгіме өзегіне айналды. Осының бәрін алға тарта отырып, депутат­тар олардың шешілуі қажеттігіне ерекше екпін берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ҚАЗАҚСТАН ҰСТАНЫМДАРЫНА НАЗАР Мәжіліс депутаты халықаралық конференцияда сөз сөйледі Әзірбайжан астанасы – Баку қаласында “Парламенттік дип­ло­ма­тия – ТюркПА” атты халық­ара­лық конференция болып өтті. Оған Әзірбайжан, Қазақстан, Түр­кия парламенттерінің депу­тат­­тары, көрнекті қоғам қай­рат­кер­лері, ғалымдар, диплома­тия­лық, сонымен қатар, БАҚ өкіл­дері қатысты. Конференция жұ­мысына Қазақстаннан қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Қылышбай Бисенов “Парламент­тік дипломатия және халық­ара­лық байланыстар – Қазақ­стан­ның моделі” деген тақырыпта баяндама жасады. Депутаттың баяндамасында парламенттік дип­ломатия мен халықаралық бай­ланыстың қазақстандық моделі туралы айтылды. Мәжіліс депутаты конферен­цияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Парламенті аты­нан сәлем жолдап, түркиялық әріп­тестерін Түркия Парламенті­нің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Әрі қарай баяндамада әлемдік саяси және экономикалық үде­ріс­тердің жаһандану жағдайын­да­ғы өзара байланыстары, ядролық қаруды таратпау, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, осы проблема­лар­дың шешілуі тығыз инте­гра­ция мен өзара ынтымақтастық нә­тижесінде ғана мүмкін бола­ты­ны атап өтілді. Қазақстан бүгінгі күні дәл осы мақсатты позиция ұстанып отыр. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты халыққа Жол­дауында атаған болатын. Қ.Бисеновтің баяндамасында айтылғанындай, соңғы жылдар­да­ғы парламентаризм рөлінің артуы бұл халықаралық қоғам­дас­тықтың объективті заңды­лық­ты даму барысы болып табылады. Жалпыәлемдік даму үдерісінің бір бөлігі бола отырып, парла­мент­аралық байланыстар пар­ла­менттік дипломатияның, оның ұлттық мәселе ғана емес, жаһан­дық мәселелерді шешудегі рөлі­нің артуымен сипатталады. Депу­тат Қазақстан Парламентінің әлем­дік үдерістерден тыс қал­майтындығын атап көрсетті. Әрі қарай Қ.Бисенов қазақ­стан­дық парламентшілердің жұ­мыс тәжірибесімен бөлісті. Ол біздің парламентшілердің халық­ара­лық мәселелерге белсене ара­ласуы оларды шешу ғана емес, демократиялық бай тәжірибесі бар мемлекеттердің тәжірибе­сі­мен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл жағдайда Қазақ­стан­ның оң тәжірибесі жетерлік. Мысалы, Қазақстанның бастама­сы­мен өмірге келген мәдениет­аралық, дінаралық үнқатысудың қазақстандық моделі Батыс пен Ислам әлемінің жалпыұлттық келісімге келуіне алып келді, бұл өз кезегінде біздің мемлекетті­лі­гіміздің негізі болып қалыптасты. Аталған саясатты жүзеге асыру­дың тетігі біздің елімізде жаңа саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болып табылады. Сөзінің соңында Қ.Бисенов қонақтар мен конференцияға қатысушыларды Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті депут­атта­ры­ның әрі қарай да парламент­аралық қызметті дамытатын­ды­ғына, әртүрлі елдермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастық негізінде ұлттық мүдделердің сақ­талуына жұмыс жасайтын­дық­тарына сендірді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. ТӨРАЛҚАДАҒЫ ДЕПУТАТТАР ЕСЕБІ “Нұр Отан” ха­лықтық-демо­кра­тия­лық пар­тия­сының Пар­­ламент Мәжілісін­дегі фракциясы төралқа­сы­ның кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырыста депутат Вале­рий Доскаловтың баян­дау­ында “Нұр Отан” ХДП Пар­ламент Мәжілісіндегі фрак­циясы жанындағы Қоғамдық ұйымдармен байланыс жө­ніндегі кеңестің 2010 жылғы 22 сәуірде өткізген “Тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңнаманы іске асырудың практикалық аспектілері” тақырыбындағы “дөңгелек үстелдің” қорытындылары қаралды. “Дөңгелек үстелге” қатысушылар құрылыс сала­сы мен республиканың тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын дамытуда кезде­се­тін проблемалы мәселелерді шешу жөніндегі өз ұсыныс­тарын Үкімет атына жолдау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ фракция тура­лы ережеге сәйкес, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутатта­ры – “Нұр Отан” ХДП фрак­циясы мүшелері Сан­сыз­бай Есілов пен Елена Тарасенконың 2007 жылдың қыркүйек айы мен 2010 жыл­дың мамыр айы аралы­ғында фракция құрамында атқарған жұмыстары туралы есептері де тыңдалды. Сонымен қатар, төралқа мүшелері алдағы маусым айында өтетін “Ел Пре­зи­дентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақ­стан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер тұрғы­сында “Жол картасы” бағ­дар­ламасының іске асу ба­рысы туралы” мәселе бой­ынша фракция жиналысына дайындық шараларын да талқылады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ФОРУМҒА  ҚАТЫСУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ  КЕЗДЕСУ Мәжілісте Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған де­пу­тат­тар мен Ассамблеяның ұйым­дас­тыруымен “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” атты халық­аралық форумға қатысушылар арасында кездесу өтті. Кездесуді жүргізген депутат Қайрат Сәдуақасов форум қонақ­та­рына әлемде теңдесі жоқ бірлік пен достықтың институты болып отырған Қазақстан халқы Ассам­блея­сы 1995 жылы 1 наурызда Ел­ба­сы Н.Назарбаевтың Жарлығы­мен құрылғанын, одан Мәжіліске сайланған тоғыз депутаттың бүгін­де еліміздің заң шығару орнында қоғамның әлеуметтік, экономи­ка­лық мәселелеріне қатыстып отыр­ғанын мәлім етті. Бүгінде Ассам­блеядан сайланған депутаттар “Жаңа Қазақстан” атты депутат­тық топ құрған, оның құрамына “Нұр Отан” ХДП-дан сайланған алты депутат қосылған. Форум жұ­мысына сәттілік тілеген депутаттар қонақтармен пікір алмасты. Шараға Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутат­тары, ТМД-ға қатысушы елдердің және шетелдің білікті ғалымдары қатысуда, деп хабарлады Мәжі­лістің баспасөз қызметі.