Бокс • 22 Қаңтар, 2023

Жартылай финалға шыққан 20 өрен

2019 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Таиландтың астанасы – Бангкокта бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты (U-22) жалғасып жатыр. Күні кеше ғана жартылай финалға жолдама алған барлық былғары қолғап шеберлерінің есімдері белгілі болды. Әзірге жерлестеріміздің аяқалысы жаман емес. Тай еліне сапар шеккен Қазақстанның 25 өренінің (13 ер+12 әйел) 20-сы (11 ер+9 әйел) жартылай финалда күш сынасу құрметіне ие болды.

Жартылай финалға шыққан 20 өрен

Ширек финалда Санжар Тәш­кенбай (48 кило) Чомбай Джексонды қуып жүріп сабаса, Нұрсұлтан Ал­тынбек (54 кило) Ахмед Шахар Мұхам­мед Имдад­тың екі аяғын бір етікке тықты. Махмұд Сабырхан (57 кило) Ақмал Мұхаммедті үшінші раундта айқын басымдықпен ұтты. Бұл қарсыластардың барлығы да – Ма­лайзиядан. Дәл сол секілді Мұхам­медсабыр Базарбайұлы (63,5 кило) ринг қожайыны Роекпиджит Су­фароекті техникалық нокаутпен жеңсе, Талғат Сырымбетовтің (60 кило) тәжік­стандық Абубакр Му­родзодадан мерейі үстем болды. Бәсеке басталған бетте Сабыржан Ақ­қалыков (71 кило) кувейттік Саль­ман Әл-Шаммариді ауыр соқ­қылардың астына алып, оны бірнеше рет есеңгіретті. Төрешінің жекпе-жекті екінші раундта тоқтатудан басқа амалы қалмады. Диас Молжігітов (75 кило) қырғызстандық Даниэль Абдрахмановты екі рет нокдаунға жі­берсе, Ерасыл Жақпеков (80 кило) пен Бекбол Мурасбеков арасындағы кездесуде қырғыз спортшысы жарақат алып, жеңіс біздің жігітке берілді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Мөлдір Тойкова (50 кило) өзбекстандық Фарзона Фазиловадан, Виктория Гра­феева (57 кило) таиландтық Нат­нича Чонгпронгклонгтан айласын асыр­ды. Ал Даниял Сәбит (51 кило), Әнел Құдай­берген (48 кило), Жансая Рақым­берді (52 кило) жарысты мерзімі­нен бұрын аяқтады. Ширек финалда Сағындық Тоғамбай (86 кило) өзбек­стандық Шох­жахон Абдуллаевтан но­­каутпен жеңілді. Сонымен қатар қаты­сушылар санының аздығынан әйел­дердің аса ауыр салмақтағы сайыстары өтпейтін болды. Соның салдарынан біздің Елдана Тәліп жүлдеден қағылды.

Естеріңізге сала кетейік, Бангкокта Абзал Серік (67 кило), Ерхат Бекзат (92 кило), Аманат Сабырғали (+92 кило), Әнел Сақыш (54 кило), Шахназ Исаева (60 кило), Назерке Серік (63 кило), Ақнар Ищанова (66 кило), Жасмин Қи­затова (70 кило), Дана Дидай (75 кило) және Гүлсая Ержан (81 кило) сынды былғары қолғап шебер­леріміз бірде-бір рет рингке шықпай-ақ, бірден жартылай финалға жолдама алған еді.