13 Маусым, 2014

Дәстүр сабақтастығы жалғаса береді

878 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ФотоБұл күндері ауыл шаруашы­лығының егіншілік, өсімдік, селекция, тұқым шаруашылығы, агрохимия, то­пырақтану және агроэкология салалары бойынша жетекші ғылыми орталығы болып саналатын әрі еліміздің агрономиялық ғылымын қалыптастыру мен дамытуға үлкен үлес қосқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына 80 жыл толып отыр. Өткенді саралайтын болсақ, кеңестік кезеңде Қазақстанда бірқатар тәжірибе стансала­ры, танаптар мен тірек пункт­тері құрылды. Олар табиғи жағ­­дай­ларға төзімді өнімділігі жо­ғары сұрыптар шығарумен шұғыл­данды. Ол кезде ғылыми-зерттеу жұмыстары білікті маман­дар­дың жетіспеуінен ойдағыдай жүр­гізілмеді. Өйткені, жалпы жұ­мыстарды үйлестіретін ғылы­ми-әдістемелік орталық жоқ еді. Міне, сондықтан да ғылыми-зерттеу орталығын құру қажет­тілігі туындады. КСРО Халық Ко­миссарлар Кеңесінің 1934 жыл­ғы 16 шілдедегі қаулысының негізінде Қазақ КСР Халық Ко­мис­сарлар Кеңесі сол жылғы 14 тамызда Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулы қабылдады. Сөйтіп, инс­титуттың іргесі қаланды. Жалпы алғанда, институт еліміз­де егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы мекемелерінің ғылы­ми жүйесін нығайту жолында ауқымды жұмыстар атқарып, дәстүр сабақтастығын әлі күн­ге жалғастырып келеді. Олай дейтінім, институттағы бөлімдер мен зертханалар құрам­ы­нан әр жылдары Қазақ ауыл ша­руа­шылығын механикаланды­ру және электрлендіру, Шор­тан­дыдағы тәжірибе стансасы негізінде Бүкілодақтық астық шаруашылығы, Қазақ өсімдік қорғау, Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы мен Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Ал 1969 жылы жа­ңа­дан құрылған Қазақ ша­бын­дық және жайылымдық шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының құрамына сор­таң жерлер зертханасы мен көп­жылдық шөптер селекциясы және тұқым шаруашылығы бөлімі берілді. Кейінірек институттың күріш егу бөлімі Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының қарамағына өткізілді. Содан бері өз алдына отау тігіп, бөлініп шық­қан мекемелер халық игілігіне еселі еңбек етуде. Біздің институт іске кіріс­кен күнінен бастап-ақ зерттеу жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай Алматы қаласындағы орталық тәжірибе танабында, Шортанды, Жамбыл ауыл шаруашылығы тәжірибе стансаларында, Осакаров (Қара­ған­ды), Қаратал (Талдықор­ған), Қызылорда тірек пункттерінде жүргізді. Аталған жұмыстар негізінен жергілікті материалдар мен кав­каздық шығу тегі күздік қатты бидайдың үлгілерін зерттеуге бағытталды. 1937 жылы мемле­кеттік сынаққа күздік қатты бидай үлгілерінен іріктелген бір сұрып тапсырылды. Ғылыми-зерттеулер нәтижесінде Қазақ­станның әртүрлі аймақтарында егіншіліктің шөп танапты жүйе­сін жасауға, атап айтқанда то­пырақ құнарлылығын зерттеу, тыңайтқыш қолдану, арамшөпке қарсы өсімдік қорғау құралдарын кеңінен пайдалану енгізілді. Егістік қорғайтын орман алаптары қалыптасып, сондай-ақ жеміс-жидек, жүзім өсіру қызу қолға алынды. Мұндай тың іс­пен дәнді, техникалық, жеміс-жи­дек, көкөніс-бақша дақыл­дары, көпжылдық шөптер, агро­хи­мия, агромелиорация тәріз­ді бөлімдер айналысты. Бұ­ған қоса тағы басқа көптеген бөлім­­шелердің, зертханалардың жұмыс аясы кеңейді. Дәнді, дәнді-бұршақ, майлы, техникалық және жармалық дақылдар бойынша Шығыс селекция орталығы ашылып, республиканың түгел дерлік аймағын қамтыды. Суарылмайтын, тәлімі және суармалы жерлердегі аймақтық егіншілік жүйесінің негізгі буындарын, сондай-ақ, күздік және жаздық бидай өсірудің интенсивті технологиясын, ауыспалы егіс тиімділігін арттыру, топырақты үрілу мен су эрозиясынан қорғау және олардың құнарлылығын көтеру, егіс қорғайтын орман алқаптарын өсіру технологиясын жасады. Бұл жұмыстар Г.Потапов, Ш.Хабибуллин, А.Бальчугов, Н.Салашный секілді белгілі ға­лымдардың жетекшілігімен жүр­гізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша еліміздің 9 облысында егін шаруашылығын өрістету жөнінде ұсыныстар әзірленді. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Алматы облысының қуаң далалы, шөл далалы және таулы аймақтарында (Қара­ой, Үшқоңыр), сондай-ақ Оңтүс­тік Қазақстан облысының шөл­ейт аймағында (Арыс және Түркістан) ашылған тірек пункт­­тері мен Шығыс селекция орта­лы­ғында ұзақмерзімдік «ОПАКС», «Арпа», «Бидай», «Бұр­шақ», «Қант» селекциялық бағдар­­ламалары жасалды. Бұл бағдар­ламаларда теориялық зерттеулер генетикалық селекциялық негіздерді түзуге, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы дақылдары селекциясының қолданылып жүрген тәсілдері мен схемаларын зерттеуге бағытталды. Нәтижесінде 210 сұрып үлгісі алынды. Селекция, будандастыру және сұрыптаудың дәстүрлі тәсілдерімен қатар қазіргі заманғы жаңа биотехникалық тәсілдері – өсімдіктердің биологиялық қасиеттері мен шаруашылық үшін бағалы белгілері бар жаңа түр­лерін алуға, сұрыптар мен будандар шығаруға алғышарт жасады. Егіншіліктің өркендеуіне М.Ер­лепесов, І.Әбуғалиев, Н.Удоль­ская, П.Федоров, Р.Ора­за­лиев, К.Балғабеков, В.Ново­ха­тин сынды ғалымдар өнеге көрсетті. Институт ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптары мен будандарын шығару жолында қажыр-қайрат танытты. Ұзақ жылғы еңбек нә­ти­жесінде күздік бидайдың 9, жаздық жұмсақ бидайдың 11, қатты бидайдың 3, арпаның 5, сұлы­ның 2, жүгерінің 8, сояның 3, қант қызылшасының 3 және кү­­ріш­тің, бұршақтың және жем­дік дақылдардың сұрыптары шы­ға­рылып, шаруашылықтарға таратылды. Еліміз егемендік алғаннан кейін Р.Оразалиев, А.Иорганский, А.Күрішбаев, С.Кененбаев, В.Ма­каров, Д.Нұрғалиев, М.Құ­дай­бергенов, С.Әшірбаева, К.Ден­гел­баева сияқты жетекші ғалым­да­рымыз салаға көп еңбек сіңір­ді. Олар тек біздің елде ғана емес, сондай-ақ, халық­ара­­лық деңгей­де танымал болып отыр. Инс­титут ғалымдары агро­өнер­кәсіптік кешенді ұдайы дамыту мақсатында ауылша­руашылық дақылдарын респуб­ли­камыздың оңтүстік және оңтүс­тік-шығыс облыстарында бейім­ділік-ландшафтық жүйе қалып­тастыруда, өңдеу технологиясында, тәлімі және суармалы жерлерде экологиялық өндірісті, ресурсты үнемдеу мен әртараптандыру мақсатында жаңа технологияларды пайдаланып егінді тамшылатып суару тәсілдерін енгізудің зерттеулері жүргізілуде. Сонымен бірге, селекциялық салада да ізденістер жалғасу үс­тін­де. Ауа райының түрлі жағда­йы­на бейімді, зиянкестер мен ауру­­ларға төзімді, өнімділігі жоға­ры дақылдардың сұрыптары мен будандарын шығару – негізгі міндетке айналып бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Академик Рақым Оразалиев бастаған ғалымдар 150-ден астам жоғары өнімді сұрыптар мен будандар шығарып, аграрлық саланы биікке көтеріп тастады. Селекционер-ғалымдар дәнді, дәнді-бұршақ, майлы, жемдік және техникалық дақылдардың ұлттық генетикалық ресурсын құрып күрделі де іргелі істі жүзеге асырды. Ұлттық генетикалық қордың үштен бірін құрайтын 17 мыңнан астам үлгі біздің инс­титуттың қорында сақтаулы тұр. Бізде жыл сайын тұқымдық шаруашылықтарды қамтамасыз ету үшін 450 тоннадан астам жоғары сапалы дәнді дақыл, 130 тонна жемдік дәнді, 120 тонна дәнді-бұршақ, 60 тонна мақсары, 50 тонна жүгері және 10 тонна жемдік тұқым дақылдары өндіріледі. Институт ғалымдары халық­аралық деңгейі жоғары ғылыми орталықтармен тығыз байланыста зерттеу жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. Мәселен олардың қатарында мынадай халықаралық CIMMYT, ICARDA, JIRCAS, IPGRI, GTZ, USAID, FAO зерттеу мекемелері мен Ре­сей, АҚШ, Австралия, Қытай, Израиль, Мексика, Сирия, Корея, Жапония елдерінің ғылыми инс­титуттары бар. Мамандарымыз үнемі алыс-жақын шетелдердің ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибе жинақтап, егіншілік және өсімдік шаруашылығы бағытында өтетін келелі жиын­дарға қатысады. Ұзақ уақыт бойы ұтымды әрі тиімді жұмыс атқарған институттың қазіргі құрылымы 16 ғылыми бөлімнен, 2 филиалдан, «Үшқоңыр» бі­лім тарату орталығы мен қосым­ша 3 бөлімшеден тұрады. Атал­ған мекемелерде 268 адам, оның ішінде 66 ғылыми қызмет­кер, Ұлттық ғылым академия­сы­ның 2 академигі, респуб­ли­ка Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының 5 академи­гі, Моңғолия аграрлық академия­сының 1 академигі, 19 ғылым докторы, 39 ауыл шаруашылығы және биология ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді. Ғылыми әлеуеті мен өзіндік дәстүрі қалыптасқан инсти­тут­ты осы жылдар ішінде ұйым­дастырушылық әлеуеті жоғары 14 директор абыроймен басқарғанын атап айтқан жөн. 80 жылдық тарихы бар ғылыми мекеменің өсіп-өркен­деуіне талай тарланбоз ға­лымдар өлшеусіз еңбек сіңіріп, беделін әлемнің әр түкпіріне әйгіледі. Оны қазіргі буын өкілдері лайықты жалғастырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Иә, дәстүр сабақтастығы алдағы уа­қыт­та да осылайша жалғаса береді. Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының докторы, профессор.