Медицина • 22 Қаңтар, 2023

Теріскейде дәрігер жетіспейді

274 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыс маусымы эпиде­мио­логиялық ахуалдың ұшына түсетін кезі ғой. Оған ауа райының суықтығы алдымен әсер етеді. Жылы жерден шыққан жандар бірден қымтануды ойламай, суық ызғардың бойын алып кет­кенін байқамай қалады. Әсіресе тершіген бойымен далаға шыққандар арасынан суықтың кесірінен болатын сырқатқа ұшырап қалуы жиі болады. Биыл солтүстікте қыс біршама жайлы болса да, тұмау жұқтырған адамдар саны 800-ден артық болып отыр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында тұмаудың өршуі жоғары.

Теріскейде дәрігер жетіспейді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мамандар бұл кеселдің тағы бір себебі – жаман індеттің кезінде үнемі жылы жерде отырып, сабақты онлайн режімде оқып, таза ауа көрмей үйде отырған балалар бойындағы иммунитеті төмендеп кеткенінен де болып отыр деседі. Екі жыл бойы үйге қамалған балалар мен жас­өс­пірімдердің ағзасы биыл да­лаға шыққанда тұмаудың вирустарына қарсы күресе алмай жатқан көрінеді. Оның үстіне, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің айтуы­на қарағанда, тұмауға қарсы вакцинаны тек тәуекелі жоғары топқа жататын адамдар ғана салдырған. Олардың саны – 75 мыңға жуық. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымы бойынша барлық тұрғынның кем дегенде 10 пайызы тұмауға қарсы вакцина ектіруі керек екен.  «Өткен жылмен салыстырғанда тұмау жұқтыру 1,6 есеге өскен. Әсіресе Петропавл қаласында оның өсімі тым жоғары», деді ол өзінің сөзінде.

Облыстың санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау де­пар­­таментінің басшысы Әсет Жұ­матаев халықтың тұмау­ға қарсы вакцина алуға құл­қы төмендігін айтты. «Егер тұрғын­дар талай сынақтан өтіп, пайдалы екені дәлелденген тұмауға қарсы вакцинаны жаппай алған болса, аурудың таралымы бұлай өршімес еді», деді ол. 

Қазір тұмаудың қалыпты штамымен ауырған 10 адам облыс ауруханаларында емделіп жатыр. Қалғандары стационар­лардан күндізгі ем алуда. Соны­мен бірге 6 адам доңыз тұмауына ұшырап, емделіп шыққан.

Ал КВИ бойынша қазір 12 адам емделуде, оның төртеуі – ауыр халде.

Осы мәселенің бәрі жуырда облыс әкімі Айдарбек Сапаров­тың қатысуымен болған кеңесте қаралды. Өңір басшысы аудан әкімдеріне инфекциялық дерт­тің таралуына жол бермеу туралы нақты тапсырма бер­­ді. Сонымен қатар соңғы уа­қыт­та туберкулез ауруының өсуі байқалатынына қатты назар аударып, тұрғындарды диаг­нос­тикалау ісін шұғыл жан­дандыру қажеттігін айтты. «Жал­пы, өңірдегі санитарлық-эпи­демиологиялық ахуал қа­лып­ты десек те, кейбір ин­фек­ция­лық дерттердің өсуі бәрімізді алаң­датуға тиіс. Әр әкім өзі басқа­ратын аудандарда оның өсу себебін анықтап, қажетті шаралар жасауды ұсынсын», деді ол.

Отырыста қаралған екінші мә­селе денсаулық сақтау маман­да­рының жетіспеушілігіне арна­л­-
­­­ды. 2022 жылдың қорытын­дысына қарағанда облыста 208 дәрігер және 200-ден аса орта дәрежедегі денсаулық сақтау мамандары жетіспейді екен. Соның ішінде психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог, эндекринолог мамандарына зәру. Мәселен, бір эндикринолог бірнеше аурухана мен емханада істеп, пациенттерге дер кезінде тиісті кеңес бере алмай, зар қақтырып қояды. Сонымен бірге аудан әкімдері де жас мамандарды құшақ жая қарсы алуда шабан қимылдайды. Тиісті көтерме ақысын төлемей немесе үй алатын ақшасын бермей, көп уақыт соңынан жүргізіп қояды. Мәселен, Есіл ауданына барған жоғары білімді маман тиесілі пәтерін бір жылға жақын жүріп алды. Егер өздеріне деген алаңсыз қамқорлықты сезінсе жас мамандар ауылға барудан қашпас еді.  

Денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Құмар Кү­семісов былтыр облысқа сырттан 280 дәрігер келгенін айтты. Оның ішінде 132-сі – жас мамандар. Соның 95-сі ғана ауылға тұрақтаған. Қалғаны қала­да қалған. «Сырттан келуші­лермен қатар облыстан дәрігер мамандардың көшіп кетуі де толастамай отыр. Былтыр 218 маман көшіп кетті. Оның 78-і – ауылдық елді мекендердің дәрігерлері. Көшіп кетушілер арасынан негізгі бөлігі – өңірден тыс миграцияға кетушілер және зейнет жасына іліккендер», деді ол.

Алайда басқарма басшысы мамандардан көз жазып қалмас үшін қандай шаралар қолданғанын немесе қандай шаралар қолдану керектігін ауызға да алмады. Кәдімгі статист секілді, қанша кел­генін және қанша кеткенін ғана айтты. Дәрігерлердің Ре­сейге көшіп кетуі некен-саяқ екеніне қарамастан миграцияға кетушілер көп дегенді тілге тиек ете берді.

Облыс әкімі А.Сапаров тұрақ­тандыру үшін мамандарға жайлы жағдай ұйымдастыруды тапсырды. «Бұл – әсіресе жас мамандарды тұрақтандырудың ең басты критериі. Сонымен қатар басқа аймақтарға да шы­ғып, соның ішінде Ресейге де барып, мамандар тарту жұмысының жоспарын жа­саңыздар», деді ол денсаулық сақтау басқармасының басшысына. Сонымен бірге аудан­дарды аралау барысында ауруханаларда өте қымбат жабдықтардың қолданылмай тұрғанын көргенін айтты. Аппараттарды жұмыс істете алатын маман жоқ көрінеді. «Қымбат жабдықтарды апармас бұрын онымен жұмыс істей алатын мамандарды қамтамасыз ету керек еді. Бұл – аталған мәселеге салғырттықпен, біржақты қарау­дың көрінісі. Қазір облыс ауруханаларына нақты қанша маман керек екенін және оларды сырттан тарту үшін не қажеттігін көрсетіп, ұсыныс жасаңыздар. Керек болса, көтерме ақшаларын, көші-қон шығындарын да арттырамыз. Бұл – қолдан келетін шаруа», деп қорытты жиынды А.Сапаров.

 

Солтүстік Қазақстан облысы