Қоғам • 23 Қаңтар, 2023

Ақкетік – әрі тарихи, әрі халықтық атау

780 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстауда сұраудан халық жалықпай, шешуге билік асықпай жылдар бойы созылып келе жатқан мәселенің бірі – Форт-Шевченко қаласының ата­уын Ақкетікке ауыстыру жайы. Бұл туралы Egemen Qazaqstan газетінің 2018 жылғы 26 маусымдағы №118 санында «Қарашаңырақты кім «ұстап» отыр?» деген мақала да жарияланған еді. Алайда өзгерген ештеңе жоқ, сондықтан бұл мәселеге қайта қалам тербеуге мәжбүрміз.

Ақкетік – әрі тарихи,  әрі халықтық атау

Барыс-келіс, алыс-беріске қолайы жоқ жайдақ дала болса кең даланы тінти зерт­теген орыстың көзі түсіп, осы жерге мұр­нынан шаншыла тоқтап-тұрақтар ма еді?! Олар текті топыраққа мыңғырта балық аулап масайрап, мәлінте тал егіп серуендеп, айқышын айқайлата шіркеу салып бекерден бекер жайғасып алды дейсіз бе?! Тарасты не үшін Маңғыстауға, Түпқарағанға жер аударды – ақынға шын мәнінде кесілген жаза ма, әлде қазақ жерін отарлау, жергілікті халықты діни бағытынан адастыру мақсатындағы шо­ви­нистік-миссионерлік астыртын тап­сыр­ма ма? Бұл сұрақтар ашылуы, ақи­қа­ты айтылуға тиіс жұмбақ күйінде әлі жауап­сыз келеді. Бірақ «елу жылда ел жаңа» дегендей, қалай болғанда да халық­тың талап-тілегі, қалау-мұраты ескері­ліп, Жібек жолының оңтайлы мүйісі, Маңғыстаудағы небір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың алтын бесігі болған өңірдегі көне қаланы төл атауымен атайтын уақыт баяғыда келген еді.

1939 жылы украин халқының айтулы ақыны Тарас Шевченконың мерейтойы­на орай Маңғыстаудағы қала аты оған телін­ген, не деген құрмет? Жалпы, сол кез­­де­гі түбектегі Ақкетік Мәскеудегі мыр­­­за­лар­дың есінен бір сәтке де шық­па­ған сияқ­­ты – олар өздеріне ұнаған ығай-сы­­ғай­­лар­­дың есімін Ақкетікке айдар­лау­ды ұмыт қалдырмаған. Ақкетікте ал­ды­­мен саяси мақсатта, яғни Орталық Азия елдерін жаулап алу үшін Ново-Петровск атты бекініс-қорған орнатып, ке­йін патша құрметіне қаланы Форт-Алек­сандровск атаған еді. 1918 жылы Петро­градта атып өлтірілген қызыл төңкерісші М.Урицкийдің құрметіне Ре­сейдің өзінде бірнеше қала В.Ленин бұй­ры­ғымен Урицкийдің атына берілсе, Маң­ғыстаудағы Ақкетік тағы алдымен ауыз­ға ілігіп, 1924 жылдан бастап Ақкетік Форт-Урицк атанды. Жиырма жылдан соң Шевченконың «тонын жамылған» Ақкетік 80 жыл бойы осы тонның астынан шыға алмай келеді. Бір кездері Ақтау қа­ла­сының аты да Шевченко болғанын ес­керсек, Маңғыстаудағы екі қаланың екеуі­нің де аты украин ақынына берілген екен.

Кейінгі жылдары маңғыстаулық азаматтар қаланың төл атын қайтаруға бел шеше кірісті, арнайы құрылған бастама­шыл топтың ұйытқы болуымен талай іс-ша­ралар өтіп, құжаттар толтырылды, құзырлы орындарға заңға сай хаттар жіберіл­ді, көңіл көншітетін нәтиже жоқ. Қала­ның атауы өзгергеннен Түпқарағанда Тарас тақтан түсіп қалайын деп тұрған жоқ – ақынның атында үлкен саябақ, музей, ескерткіштер мен құдығы бар және мұның бәрі көздің қарашығындай сақталып-қорғалуда. Жыл сайын мамыр айында музей күніне орай украин халқының қатысуымен Тарас Шевченконы ұлықтау күні ұйымдастырылады.

– Тәуелсіздік алғалы елімізде көптеген қала, облыс, аудан, ауыл, атаулары байыр­ғы тарихи атауларына өзгертілді. Жер­­гілікті халық тарапынан өлкенің кәрі ша­ңырағы, маңызды қаланы Ақкетік тари­­хи атауына ауыстыру мәселесі көп­тен көтері­ліп келеді, бұл туралы облыс­тық, рес­­пуб­ликалық басылымдарға бір­не­­ше рет мақалалар да шықты, алайда өзге­­ріс­ке қол жеткізе алмай келеміз. Отар­­­­шыл­­­дық-тоталитарлық дәуірден қал­ған, идео­­логиялық жағынан ескірген Форт-Шев­­ченконың орнына өзінің тарихи Ақ­кетік атауы берілсе аға буынға қуа­ныш, жас ұрпаққа отансүйгіштік сезім, үлгі сыйлай алар едік, – дейді бастама­шыл топ өкілі, Түпқараған аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Қуаныш Сүйеубаев.

Тарихи атауды қайтару мәселесі Форт төңірегіне келгенде неге сиырқұйым­шақтанып кетеді? Өңірдің, елдің дамуы­на, ұлттың бүтіндігіне зияны тимесе түк пайдасы тимеген Баутин есімі де тұтастай бір ауылды меншіктеп отыр. Маңғыстаулықтардың өз өңірлеріне тарихи атауды қайтаруға талпынуы дұрыс, бұл – қандай да бір ұлтты жек көру емес, өз топырағында тарихи әділдікті қалпына келтіру. Ата-баба жерінің, тарихи мекеннің бір қарыс жері қандай қымбат, қандай маңызды болатынын қай ұлт та түсінеді деп ойлаймыз.

 

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20