Қоғам • 23 Қаңтар, 2023

Ескі жер атаулары ескерілсе

487 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысы орын тепкен аумақтың ортағасырлық тарихын қарастыратын болсақ, бұл жердің шежіресі Қимақ қағанатымен тікелей байланысты. Тарихшылардың дерегінше, Қимақ бірлестігі 656 жылы Батыс Түрік қағанаты құлаған соң құрылған. Өкінішке қарай, Керекудегі көптеген көне топонимикалық атаудың сыры әлі күнге ашылмай отыр.

Ескі жер атаулары ескерілсе

Биыл Ертістің бойын ен жайлаған Пав­лодар өңірінің облыс ретінде құрыл­ғанына 85 жыл толып отыр. Осы ретте По­танин атындағы тарихи-өлкетану музе­йінде Ертіс-Баян өңірінің әкімшілік-аумақ­тық құрылысының жалпы тарихын және елді мекендер атауларының өзгері­сін қамтитын деректі көрме ашылды.

Келушілерге аталған музейде және өңірдегі мемлекеттік мұрағат қорларында сақталған ескі карталар, қаулылар мен шешімдер, топонимикалық географиялық жер атауларының тізімдері бар құнды кітаптар мен қолжазбалар ұсынылды.

Теріскейде Ресеймен шектесетін Кереку жұрты үшін көне атаулардың сырын ашу, тарихи атауларды қайтару өте маңызды мәселе екені әмбеге аян. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі өлке тарихының ғылыми зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рүстембек Қалымқұлов аймақтың әкімшілік-аумақтық құрылысының жалпы тарихы және елді мекендер атау­ларына қатысты ұзақ жылдардан бері із­деніс үстінде жүргенін айтады. Оның сөзін­ше, Павлодар облысының әкімшілік бас­қа­рылуы мен аумақтық құрылысы 1822 жылғы үш әкімшілік аумақтық құрылым: округ, болыс, ауылдарды ұйым­д­астыруды қарастыратын «Сібір қыр­ғыздары туралы» Жарғы негізінде жүзеге асқан. Соның негізінде 1833 жылы Баянауыл сыртқы округі құрылды. Ал 1868 жылы «Старшиндардың жерді бірігіп пайдалануы», «Қыстық қоныстарының көршілес орналасуы» жағдайларына сәйкес әкімшілік аумақтық реформа жүзеге асып, облыс орталығы Семей қаласы атала отырып, Павлодар үйезі пайда болған. Үйезге қарасты рулық атаулар жер-су аттарымен алмастырылған. Ал әкім­шілік-аумақтық құрылымды түбі­рі­мен қайта құру жұмыстары кеңес өкі­меті жыл­дарында қолға алынды. 1920-1921 жыл­дары Семей облысына губерния мәр­тебесі беріліп, Павлодар үйезі өзгеріс­ке ұшы­раған. Нәтижесінде, бұл жерде 62 бо­лыстық орналасады. Кейін келе әкімшілік аумақтар өзгертіле отырып, Павлодар облысы 1938 жылы 15 қаңтарда құрылады.

– Облысымыздың құрылуы мәселесін қозғағанда өңірдің көне тарихынан бастап бүгінге жеткен құрылымына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Ата-бабаларымыз қоныс тепкен елді мекен атаулары тарихи кезеңдерді өт­керді. Енді тарихи атауларды неге қайта жаң­ғыртпасқа? Әсіресе, облыс атауына байланысты көкейімізде сан сауал жүр. Ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша бұл жерлерде Қимақ дербес мемлекеті болғандығы туралы дәлелденген. Араб тарихшысы Әл-Идрисидің мәліметі бо­йынша қимақтарда 16 қала болған. Олар таулы, жазық, көлді, табиғи байлығы мол құнарлы жерлерде орналасқан. Бүгінгі археологтер балбал тастар арқы­лы ата-бабаларымыздың жазбалары болғандығын, жалпы мәдениеті дамы­ған мемлекет болғанын айғақтап отыр. Осы деректерді жас ұрпаққа кеңі­нен танытып, өлкетану бағытында көп шаруа атқаруымыз қажет, – дейді Р.Қалымқұлов.

Жалпы, бүгінде Павлодар облысының Железин, Успен, Тереңкөл, Шарбақты, Ертіс аудандарында жер-су атауларына қатысты мәселе баршылық. Бұл жер­лерге кезінде Ресей империясының бекі­ністері пайда болуымен және кеңес өкі­меті жылдары тың игерудің легімен өзге ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Сәйкесінше бұрынғы жер атаулары өзгеріске ұшырап, тарихи атаулардың көбі ел аузында мүлде сақталмай қалған. Мәселен, Железин ауданының атауына қатысты тарихшылардың пікірі екіге жарылады. Аймақтағы өлкетанушылардың бірқатары Железин – «Желөзен» деген қазақ атауынан шыққан, кезінде өзге ұлт­тың зерттеушілері оны бұрмалап жазып жіберген болуы мүмкін дейді. Жеңіс Мар­данов атындағы өлкетанушылар қо­ға­мының мүшесі Мұрат Багжиков бұл пікір­мен келісіп отыр. Ақсақал аудан ор­та­лығында Железин (Желөзен) атты өзен бар екенін, өңірдегі желдің негізгі ба­ғы­ты осы өзен бағытынан соғатынын ауа рай­ын болжаушылар баяғыда негіздеп бер­­ге­нін айтады. Сондықтан орыс тіліне бе­йім­деліп жазылып кеткен мұндай атау­лар­ды қайта қарап, мүмкіндігі болса қаза­қы көне атауларды қайтару мақсат етілуде.

Атап өтерлігі, облыстың 85 жылды­ғына орай «Ertis» мультимедиялы му­зейінде «Киелі елім – қасиетті жерім!» атты көрме де ұйымдастырылды. Музей бас­шысы Гүлжайнат Әлиева атап өткен­дей, мұнда мекеме қорындағы белгілі фотограф Д.Багаевтың, фотожурналист В.Бугаевтың және өзге де авторлардың тари­хи фотосуреттері қойылған. Барлығы 50-ге жуық экспонатта Павлодар қала­сы мен облысының құрылу тарихы баян­далған. Өңір шежіресінен сыр шертетін құжаттар арасында 1978 жылы Қазақстан компартиясы ұсынған түрлі деректемелер бар. Аймақ экономикасы мен өнер-мәде­ниетіне еңбегі сіңген тұлғалар жа­йында да көптеген қызықты жәдігерді тамашалауға болады.

 

Павлодар облысы