Қазақстан • 23 Қаңтар, 2023

Күнбағыс майының өндіріс көлемі 62%-ға артты

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір жылда баға 17%-ға өскен, деп хабарлайды Egemen.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Күнбағыс майының өндіріс көлемі 62%-ға артты

2022 жылғы қаңтар–желтоқсанда күнбағыс майы өндірісі 537,1 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62,2%-ға артық.

Мұндай айтарлықтай өсім тазартылмаған күнбағыс майы өндірісінің бір жылда 2,1 есе, яғни 376,7 мың тоннаға дейін көбеюі есебінен болып отыр. Тазартылған күнбағыс майының өндірісі бір жылда 8,7% ғана өсіп, 160,4 мың тоннаны құрады. 

2022 жылдың қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар күнбағыс майына сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 81,5% қамтамасыз етті. Осы кезеңде өнім көлемі 389,9 мың тоннаға жетіп, 2021 жылғы қаңтар–қазанмен салыстырғанда 47,1%-ға көбейді, импорт та бір жылда 28%-ға өсіп 88,6 мың тоннаны құрады.

Айта кетейік, күнбағыс майының экспорты бірден 2,5 есе өсіп, 187,5 мың тоннаға жетті (ресурстардың 40%-ға жуығы). Бұл ретте ішкі нарықтағы сатылым 12% ғана өсіп, 291,1 мың тоннаны құрады. 

2022 жылдың желтоқсан айының соңында күнбағыс майы бір айда 0,4%, бір жылда 17,1% қымбаттады. Еске салсақ, 2021 жылдың желтоқсан айында сектордағы бағаның бір айдағы өсімі 0,1%, жылдық өсім 30,1% болған.

Өңірлер бойынша күнбағыс майы бағасының бір жылдық қымбаттауы Солтүстік Қазақстан облысында 10%-дан Қарағанды облысында 25,1%-ға дейін ауытқиды. Бағаның айтарлықтай өсуі сондай-ақ Алматыда (23,4%) және Ұлытау облысында (22,1%) байқалды. 

2022 жылғы желтоқсанда күнбағыс майының орташа бөлшек сауда бағасы литріне 910 теңге болды.

Күнбағыс майы ең қымбат өңірлер Қонаев пен Жезқазған қалалары (1024 және 1003 теңге). Ең арзан қала Семей мен Өскемен (777 және 783 теңге).