Қысқы спорт • 23 Қаңтар, 2023

Қысқы Олимпиадаға ұялмай жіберетін спортшыларымыз бар – Сағдат Садық

560 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Нью-Йоркта 2023 жылғы қысқы Универсиада ойындарының жабылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қысқы Олимпиадаға ұялмай жіберетін спортшыларымыз бар – Сағдат Садық

Жастарымыз 2023 жылғы қысқы Универсиадада 11 медаль еншіледі. Қазақстан делегациясын Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садықов Сағдат Кәбірұлы бастап барған еді. Біз бас директормен әңгімелестік. 

- Сағдат Кәбірұлы, АҚШ-тан жеткен ақжолтай жаңалықтарға қуанып отырмыз. Студенттеріміз жарап-ақ тұр! 

- Соңғы жарыс күнінде біздің хоккейшілер Жапония командасын 8-1 есебімен ұтып, елімізге қола медаль сыйлады. Бұдан бұрын Канада командасын ұтады деген ойда болған едік. 4-1 есебімен жеңілсек те, тартысты өткен ойыннан біздің команданың сағы сынбады. Олай дейтін себебім, «АҚШ командасымен негізгі ойын уақытында тең дәрежеде ойнап, қосымша уақытта есе жіберген Жапониямен кездесу қалай болар екен» деген уайымым болды. Бірақ бұл күдігім хоккейшілерімізбен тілдескен соң сейілді. «Кіммен және қалай ойнағанына қарамаңыз, біз жеңеміз!» деген сөздері өте сенімді шықты. Көздерінде от, сөздерінде жалын бар біздің жастарға сенім арттым. Сенімді ақтады. Сөздерінде тұрды.  Алпауыт 12 мемлекеттің жас хоккейшілерінің бәсекесінде Қазақстанның командасы жүлдегер атанды. Ел қоржынына ең соңғы жүлдені шаңғымен жүгіруден сынға түскен Ксения Шалыгина салды. Бүгін Универисаданың жабылуы болды.

в

- Бәрекелді! Универсиадаға қатысушылар қалай таңдалды? 

- Бір мысал келтіре кетейін, АҚШ-та әр оқу орнының өз хоккей клубтары бар. Ал біз ондай деңгейге әлі жете қойған жоқпыз. Сондықтан біз университеттер арасында іріктеу өткіздік. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерінен өнер көрсететін Ұлттық құрама сапындағы студент жастарға сенім арттық. Федерация ұсынған әрі мықты, әрі студент спортшыларды Нью-Йоркқа алып келдік. 

- Бұл жолғы Универсиадада қысқы спорт түрлерінен осал деген сынға қалып жататын қаракөздеріміздің көптеп қатысқанын байқадық және олар жеңімпаз болып, жүлдегер атанып жатты. 

- Иә, бұл нәтижелер – көңілге ерекше жылу сыйлады. Айта кету керек, қысқы Унивесиадада тұңғыш рет қазақ баласы биатлоннан чемпион болды. Ешкімді бөліп-жарып отырғаным жоқ. Бірақ тарихи факт екені рас. Тағы бір айта кететін жайт: бұрындары Универсидаға қатысқан спортшыларымыздың көбі көш соңында қалып қойып жататын кездер жиі болатын. Ал бұл жолы бәрі де лайықты өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы жастар өзге бәсекелестеріне табанды қарсылық көрсете алды. Осылайша, қысқы спорт түрлерінен болашақта Олимпиада алтынын көптеп күтуге болады деген ойға қалып отырмын. Әрине әлде де еңбектенуіміз керек. Жалпы қысқы Олимпиадаға ұялмай жібере алатын спортшыларымыз бар. 

к

- Осы жолы өткізілген Универсиаданың ерекшелігі бар ма? 

Бұрындары бұл додаға 28 жасқа дейінгі спортшылар қатысатын. Ал осы жолы 25 жастағы жастар бақ сынады. Соған қарамастан қол жеткізген жетістіктерімізді естіп-көріп отырсыздар. Сол себепті Олимпиада ойындарында үміт күттіретін спортшыларымыз бар деп айтуға болады. Енді біз Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығы ретінде елімізде қысқы спорт түрлерінің қайсысын дамыта аламыз және лигаларды қалай қалыптастырамыз деген мәселелерді ойласып отырмыз. Біз осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуымыз керек. Мәселен, өзіңіз де күні кеше Қазақстан мен Канада арасындағы хоккей ойынын тамашалаған шығарсыз. Канадалық хоккейші студенттер қалай өнер көрсетті! Яғни, Канада мемлекеті үшін келесі Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар дайын деген сөз. Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.

- Алдағы жоспарларыңыз жайлы біле отырсақ... 

- Бұйырса, Қытайда өтетін жазғы Универсиадаға ел ішінде іріктеу өтікіземіз. Дайындық басталады. Студенттер одағыммен бірлесіп регламент жасаймыз. Сосын іріктеуде топ жарған жастарды Қытайға алып барамыз. Сонымен қатар Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің тапсырмасымен студенттерді Универсиадаға жай ғана алып бармаймыз, біз алдымен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз және олармен бірге ғылыми жұмыстар жүргіземіз. 

к

- Қазақстандық жастардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығы жайлы айта аласыз ба?

- Универсиада – Олимпиададан кейінгі ең ірі дода. Сондықтан келешекте Олимпиада жүлделеріне зор үмітпен қарауға болады. Бірақ бұл жерде ғылыми жұмыстар жүргізілуі қажет. Кеше біз Жапонядан келген әріптестерімізбен сөйлестік. Олар қысқы спорт түрлеріне қатты мән беріп отыр. Бір ғана мысал, кезінде шаңғымен сырғанаудан Қазақстан қай тұғырда тұрды, Жапония қай сатыда еді? Ал қазір жапондар бізді басып озды. Тіпті, хоккей төңірегінде де ойланатын сұрақтар көп. Міне, осындай мәселелерді шешу үшін жұмыстарды мектептен бастауымыз керек. Бұл ретте Оқу ағарту министрлігі де үлкен шаруалар атқарғалы отыр. Сондықтан осыларды бір жүйеге келтіруіміз керек. Мысалы, мектеп – студент – ұлттық команда деген үш саты жасауымыз қажет. Қазіргі уақытта соған қарай бет бұрып отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Айтпақшы, бүгін түнде спортшылардың алды елге орала бастайды. Айта кетейік, ел қоржынында үш алтын, төрт күміс және төрт қола бар. 

Биатлон - Куралес Вадим Вадимович (1 орын) 

Шаңғымен секіру - Васильев Данил Юрьевич (1 орын)

 

Биатлон – ерлер командалық спринт 10 км:

Тұрлыбеков Бекентай Мұратұлы - 1 орын

Мухин Александр Александрович – 3 орын

 

Әйелдер арасында 3 × 5 км эстафеталық шаңғы жарысы – (3 орын)

  1. Рақышева Айша Викторқызы,
  2. Шалыгина Ксения Владимировна,
  3. Степашкина Надежда Александровна. 

Шаңғы жарысы Масс старт 15 км – Шалыгина Ксения Владимировна  (3 орын)

 

Ерлер арасындағы трамплин – 2 орын  

1.Васильев Данил Юрьевич,

2. Ткаченко Сергей Викторович.

 

Шорт-тректен командалық микс (2000 м) - 2 орын

  1. Әжғалиева Алина Уразбекқызы
  2. Хан Яна Витальевна
  3. Ермек Малика Жамбылқызы
  4. Ғалиахметов Әділ Қазбекұлы
  5. Шамуханов Еркебұлан Қазбекұлы
  6. Әбілқатымов Әлішер Мақсұтұлы

 

Ерлер арасында биатлоннан Масс старт (15 км) - Мухин Александр Александрович (2 орын) 

Ерлер (5000 м) - 2 орын

  1. Ғалиахметов Әділ Қазбекұлы
  2. Шамуханов Еркебұлан Қазбекұлы
  3. Клименко Валерий Андреевич
  4. Жәнісов Санжар Сапарбекұлы
  5. Хван Антон Юрьевич

 

Шайбалы хоккей - 3 орын 

  1. Гавриленко Иван
  2. Диханбек Мәди
  3. Королев Артем
  4. Полохов Кирилл
  5. Кирилл Никитин
  6. Сүлейменов Абылайхан
  7. Данил Бутенко
  8. Александров Станислав
  9. Бойко Олег
  10. Борисевич Александр
  11. Андрей Буялский
  12. Гусейнов Диас
  13. Данияр Саян
  14. Мұхаметов Максим
  15. Мусоров Максим
  16. Мұратов Батырлан
  17. Маңғысбаев Абай
  18. Өмірбеков Әлихан
  19. Логвин Всеволод
  20. Қаратаев Денис
  21. Роман Калмыков
  22. Андрей Шутов

Әңгімелескен Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ