Әдебиет • 23 Қаңтар, 2023

Ақын шығармаларын айшықтады

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл елордадағы Сәкен Сейфуллин музейінің құрылғанына 35 жыл толады. Алғашқы ашылған күннен осы шаһардың рухани-мәдени ордасына айналған шаңырақта дауылпаз ақынға қатысты бірқатар құнды деректер мен жәдігерлер сақталған. Жақында мұражайда айтулы күнге байланыс­ты «Латын және төте қарпімен жазылған Сәкен шығармалары» атты көрме ашылды.

Ақын шығармаларын айшықтады

Жалпы, ақын музейінің ашылған күні ешқашан ескерусіз қалмаған. Жыл сайын осы күні түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Біз айтып отырған көрме де – соның бір көрінісі. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұғырлы тұлғаның шығармаларын насихаттау.

С.Сейфуллин музейінің ғылыми қызметкері Қабиден Қуанышбайдың айтуынша, көрмеге көрнекті қайрат­кердің латын және төте қарпімен шық­қан еңбектерімен бірге ол құрастырған кітаптар қойылған. Со­лардың ішінен 1914 жылы жарық көрген «Өткен күндер» ат­ты тұңғыш жыр жинағы мен 1927 жылы төте қарпімен, 1936 жылы латын графи­касымен басылған, атақты «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық рома­нын ерекше айтуға болады. Сон­дай-ақ 1935 жылы Алматыдағы Қазақ­­­стан көркем әдебиет баспасынан Сәкеннің алғысөзімен шыққан Ыбырай Алтынсариннің жыр жинағы да бар. Бұл кітапқа ағартушының 25 өлеңі енген. Сонымен бірге көр­­­­ме тө­рінен қаламгердің 1932-1935 жыл­­­дары шығармалары енген «Әдебиет майданы» журналы, 1973 жылы шыққан «Лотос» атты афро-азиялық өлеңдер альманахы және «Социалистан», «Экспресс» кітаптары мен жары Гүлбаһрамға 1929-1935 жыл­­дары жазған хаттары орын алған.