Бокс • 23 Қаңтар, 2023

Жеті қыздың жеңілісі

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таиландтың астанасы Бангкок­та бокстан жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесулері өтті. Алғашқы күні біз қыздар ара­сын­дағы бәсекелерді тама­ша­ладық. Шаршы алаңға тоғыз бұ­рымдымыз шықты. Солардың ара­сынан тек екеуі ғана ақтық сайыста күш сынасу құрметіне ие болды.

Жеті қыздың жеңілісі

Жексенбідегі жарыс Қазақстанның жанкүйерлері үшін көңілсіздеу басталды. 50 кило салмақтағы Мөлдір Тойкова Нгуен Нгок Траннан ойсырай ұтылды. Вьетнам боксшысы бірінші және екінші раундтарда жерлесімізді нокдаунға жіберіп, төреші соңғы кезеңде жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. 54 килодағы Әнел Сақыш өзбекстандық Нигина Уктамовамен қол­ғап түйістірді. Уктамова был­тыр Польшаның Кельц қаласында өткен әлем біріншілігінде бас жүлдені ол­жалаған болатын. Қазір де ол нағыз бабында екен. Бәсеке барысында Әнелді екі рет есеңгіреткен Нигина еш кедергісіз финалға шықты. Көп кешікпей 57 кило салмақ дәрежесіндегі Виктория Графеева тағы бір өзбек қызы, Азия чемпионы Ситора Тұрдыбековамен сайысқа түсті. Бұл бәсеке де көршілеріміздің пайдасына шешілді.

Таиландтық Порнтип Буапамен айқасқан 60 кило салмақтағы Шахназ Исаева тіптен дәрменсіз көрінді. Қарсы­ласы оны жақсылап тұрып сабап, екінші раундта нокаутқа жіберді. 63 килодағы Назерке Серік те ел сенімін ақтамады. Ол моңғолиялық Ганзориг Бадмаарагке лайықты қарсылық көрсете алмады. 66 кило салмақтағы Өзбекстан мен Қазақ­станның өзара тартысы тағы да алғашқылардың пайдасына шешілді. Бұл жолы Ақнар Ищанованың Найбахор Хамидоваға шамасы жетпеді.

Алты боксшымыз ұтылған соң барып қана қазақ қыздары өздерінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 70 кило салмақтағы Жасмин Қизатова вьетнамдық Труонг Мин Тху Кюнхты үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Өкінішке қарай, Жасминнің жеңісті жолын Дана Дидай жалғастыра алмады. 75 килода сынға түскен ол таиландтық Маникон Байсоннан оңбай таяқ жеді. Қарсыласы оны үш рет нокдаунға жіберді. Дананың мұрнынан қан кеткеннен кейін төреші бәсекені мерзімінен бұрын тоқтатты. Ең соңғы болып 81 кило салмақта Гүлсая Ержан рингке көтерілді. Ол Непал бокс­шысы Жебегу Тришаны еш қиналмай ұтты. Сөйтіп, жартылай финалға шыққан тоғыз бұрымдымыздың тек екеуі ғана ақтық сынға жолдама алды. Әрине, бұл жағдай елімізде қыздар боксы тұралап қалғанын көрсетеді.

Кеше ерлер жартылай финалдық бәсекелерін өткізді. Бұл межеде біздің бокс­шылар мына қарсыластарымен күш сынасты: Санжар Тәшкенбай (48 кило) Наттхапхонг Тхуамчароен (Таи­ланд), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кило) Ислам Торобаев (Қырғызстан), Махмұд Сабырхан (57 кило) Джеричо Акайлар (Филиппины), Талғат Сырымбетов (60 кило) Пхутханет Родсук (Таиланд), Мұ­хаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кило) Тулга Оюнбаатар (Моңғолия), Абзал Серік (67 кило) Пенх Вантхунг (Кам­боджа), Сабыржан Аққалыков (71 кило) Довуд Махкамов (Тәжікстан), Диас Мол­жігітов (75 кило) Аиликути Кахаер (Қытай), Ерасыл Жақпеков (80 кило) Жасурбек Юлдошев (Өзбекстан), Ерхат Бекзат (92 кило) Нусратбек Тохиров (Өз­бекстан) және Аманат Сабырғали (+92 кило) Жахонгир Зокиров (Өзбекстан). Бұл жекпе-жектердің қалай аяқталғаны жайын­да газетіміздің келесі санында егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз.