ANTIKOR • 23 Қаңтар, 2023

Пара беру проблеманы шешпейді

398 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір халық «парамен ұсталды» деген ақпаратқа селк етпейтін болды. Жемқорларды құрықтайтын қызметкерлердің өздері кейде парамен ұсталып жатады. Қоғамда бұл кеселмен күрес шараларына сенімсіздік қалыптасқаны рас. Тамырын тереңге тартқан жемқорлықты жою үшін батыл қадамдар қажет деп есептейді жұртшылық.

Пара беру проблеманы шешпейді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, жемқорлықпен күрес шаралары жүйелі жалғасып жатыр деп ұран­датқанымен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін теріс және заңсыз пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу, кедергі жасау, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері әлі де ел аумағында белең алып отыр. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазір қоғамда жиі ұшырасып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымыра­сыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін жиі еске салады. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл ретте, Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аудар­ды. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданғанын атап өткен жөн. Кейінгі үш жылда 200-ге жуық судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Қылмыстық үдерістің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық үдеріске негізсіз тартылуы­на жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылып жатыр.

«Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Сот­тарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келіп отыр», деген еді Президент былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары батыл әрекет етпей, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

Былтыр Антикор Call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау келіп түскен, оның ішінде жемқорлық құқық бұзу­шы­лық фактілері бойынша 233 хабарлама тіркелген. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталса, 18-і сотқа жолданды. Сондай-ақ сотқа дейін­гі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі бойынша 20 іс тоқтатылып, 25-і ведомстволық бағыныстылығы бойынша жолданған.

Жемқорларды ұстауға қарапайым тұрғындар да белсенді атсалысып жат­қа­нын атап өткен жөн. Ол үшін сыйақы да қарастырылған. Мәселен, жуыр­да жемқорлық туралы хабарлаған Аты­рау облысының тұрғыны 12 миллион теңгеден астам сыйақы алды. Ол Аты­рау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескен. Сыйақы параның жалпы сомасының 10% құрайды.

Жалпы, елімізде былтыр 134 аза­мат­қа 40,6 миллион теңге сыйақы үлес­ті­рілген. Ең үлкен сыйақы көлемі Аты­рау және Қызылорда облыстарын­да берілді. Сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу қағидаларына сәйкес төлемдер азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарыл­ғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет ақпарат берушілердің толық құ­пия­­лылығын қамтамасыз етеді. Осы жыл­­дың 3 қаңтарынан бастап азамат­тар­дың бұл санаты куәгерлерді қорғау бағдар­­ламасына ауысқанын атап өткен жөн.

Анығы сол, қай жерде ақша көп, сол жерде парақорлықтың исі шығады. Елімізде көбіне ауыл шаруашылығы, кеден, құрылыс, білім беру, коммуналдық бағыт, денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлық фактілері көп тіркеледі. Бір ғана агроөнеркәсіп кешенінің айналасында дау-дамай, айғай-шу толастар емес. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің көп анықталатыны жасырын емес. Соңғы 5 жылда мемлекет шаруаларды қолдау үшін екі триллион теңге бөлген. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. Бұл сала жыл­дар бойы жемқорлыққа белшеден батып жатқаны жиі айтылып жүр. «Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жер­лер­ді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық бол­ған кезде шаруалар жемшөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде ша­руа­ларға субсидия ретінде күн батарея­сы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұр­­ғын­­дарына не қажет екеніне ешкім бас қа­­тыр­маған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының баға­сы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкі­­летті органдардың жауапсыздығынан бол­ған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек», деген болатын Президент.

Кейінгі кезде мемлекеттік қызмет­шілерді темір тордың ар жағына «серуен­детіп», жаза басқан бұрынғы әріптес­терінің уақытша қоныс тепкен орнын көрсету дәстүрі пайда болды. Ойлансын, сабақ болсын деген мақсат қой. Себебі енді ғана мемлекеттік қызметші мәр­тебесін иеленіп, алғашқы сатыға қадам басқан жастар жетерлік.

Қазіргі уақытта сингапурлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мо­делі үздіктердің қатарында. Сингапур тәуелсіздік алған сәтінде 1965 жылы сыбайлас жемқорлығы ең жоғарғы көрсеткішті ел болған: шенеуіктерге парасыз бір шешімді қабылдауға да рұқсат берілмейтін. Індеттің тамырына балта шабу үшін заңдар қатаң болды және соттық жүйе тәуелсіздігі жоғарылады. Бар-жоғы бірнеше жылдан соң осы сияқты іс-шаралар кешенінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деңгейі жедел төмендеді. Қазіргі уақытта Сингапур әлемде сыбайлас жемқорлық көрсеткіші ең төмен мемлекеттердің алғашқы ондығына енеді.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы мемлекет. Сыбайлас жемқорлық қылмыс­тары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мем­лекетіміздің басқару жүйесін тұншық­тырып, өзге маңызды салалардың дамуы­на нұқсан келтіріп отырғаны рас. Шын мәнінде адал қызмет атқаратын мемле­кеттік органдардың арқасында ғана еліміз­дің экономикалық дамуы тұрақты бола­ты­ны анық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әркім өз отбасынан бас­тау керек. Мемлекеттік қызметшілердің пара алғанына таңданамыз-ау. Кейде өзі­міз де ұсақ та болсын жымысқы әрекет­терге жол беретініміз жасырын емес. Жол ережесін бұзып, жол-патрульдік қызмет­кері тоқтат­са: «Асығып бара жатыр едік» деп ақталамыз. Баламыз жақсы мектепке қабылдану үшін таныс директорларды іздейміз. Ауылдасың немесе руласың үлкен қызметке тағайындалса, «бір көмегі тиер» деп балаша мәз боламыз. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезектен құтылу үшін айла тапқың келіп тұрады. Осы сияқты ұсақ дүниелер сыбайлас жем­қорлыққа апаратын жол болып саналады.

Ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оператив­тілігі айрықша маңызға ие. Анығында, «Жемқорлыққа қарсымыз!» деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанмен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру жалқының жұмысы, ардың ісі болып саналады. Сондықтан қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі – еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.