Экономика • 23 Қаңтар, 2023

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауда айтқан тағы бір тапсырмасының ойдағыдай орындалғанына куә болдық. Дәлірек айтсақ, кеше өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру басталды. Осылайша, жүздеген жүргізушінің жанын жеген маңызды мәселенің түйіні тарқай түсті.

Шетелдік автокөліктерді  заңдастыру басталды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ел Президенті Жолдауда ше­тел­дік көліктерге қатысты мәсе­леге назар аударғаны есімізде.

– Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуал­ды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмасынан кейін көлік жүргізушілері үніміз жоғарыға жетті деп қуанған еді. Солардың қатарында алматылық Сейілбек Олжабеков те бар.
39 жастағы тұрғын кеше шетелдік көлікті заңдастырған алғашқы тұрғын атанды. Ол тақымындағы Toyota Alphard-ты 2019 жылы Армениядан әкелген екен.

фвыа

– Көпбалалы әкемін. Табысымды дәл осы көлікпен табамын. Жо­лау­шылар тасымалдаймын. Мем­ле­­кет­тің мен секілді жүргізушілер бетпе-бет келген мәселеге назар аудар­­ға­нына қуаныштымын. Бүгін ал­ғаш­қы­лардың бірі болып көлігімді заң­­дастырдым. Бұл – халыққа берілген тамаша мүмкіндік, – дейді Сейілбек Олжабеков.

Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­циясы ше­телдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарын жылдам әрі дұрыс орындаудың тиімді тетіктерін ұсынды. Ол үшін ең алдымен көлік иесі eGov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беруі қажет. Мұны дербес компьютер арқылы істеуге болады. Компьютер жоқ болса, еліміздің кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы өтініш беруге мүмкіндік бар. Бұл ретте аталған қызметті екінші деңгейлі банктердің қосымшалары («Kaspi», «HomeBank») арқылы алу тетіктері пысықталып жатқанын еске саламыз. Сондай-ақ автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы қажет.

Берілген өтінімді Ішкі істер ми­нистрлігі қарайды. Көлік иесінің жеке ка­бинетіне өтініштен бас тарту туралы хабарлама келсе, себебін білу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару­дың қажеті жоқ. Дұрысы тікелей мем­лекеттік органға хабарласқан абзал. Ал өтініш қабылданған болса, автокөлікті тексеру үшін Маман­дан­дырылған халыққа қызмет көрсету орталығына онлайн кезекке тұру қажет. Ол үшін мәртебе парағында «кезекке тұру» батырмасын басып, мекенжайлар тізімінде көрсетілген орталықтардың бірін таңдап, соныңда күні мен уақытын белгілеу керек. Алдын ала онлайн кезекке тұрмаған жағдайда, азаматтарға қызмет көрсетілмейді. Осыны қаперде ұстаған абзал.

Заңдастыруға рұқсат алған авто­көлікті Мамандандырылған ха­лыққа қызмет көрсету орталы­ғы­ның тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкелу керек. Талонды тексеру пунктінде немесе Халыққа қызмет көрсету орталығының мо­бильді қосымшасы арқылы алуға болады.

Тексеруді толық өткеннен кейін, автокөлікті тіркеу үшін Маман­дан­дырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына өту керек. Одан әрі қызметкерге авто­кө­лікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасын және көліктің шетелдік техникалық пас­портын тапсыру маңызды. Осыдан кейін алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде қар­жы төлейсіз. Төлемді QR арқылы орта­­лықта төлеуге мүмкіндік бар. Төлем жүргізілгеннен кейін сол күні көлік иесіне техникалық паспорт және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері бе­рі­леді.

Өздеріңіз білетіндей, шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыс­тары бір реттік акция ретінде ұйым­­дас­тырылып жатыр. Бұл ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокө­лік­терге, шағын, орта автобус­тарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде басқару органдарының оң жақта орналасуына қатысты қол­да­нылады. Тіркелетін шетелдік авто­кө­ліктерге жа­сына және эко­ло­гиялық сыныбына талаптар қо­йыл­май­ды.

Өткен жылдың қазан айында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елі­мізге 300 мыңнан аса шетелдік көлік келгенін айтқан еді.