Ауыл • 24 Қаңтар, 2023

Бірлігі жарасқан мекен

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылдың түтіні түзу ұшып, босағасына береке үйірілу үшін бірлік керек. Елінің бас көтерер ер-азаматтары жұмыла қимылдаған жерде тәп-тәуір тірлік бар.

Бірлігі жарасқан мекен

Атбасар қаласынан жиырма шақырымдай ұзап шыққан соң қарамы әжептәуір ажарлы ауыл көзге ілігеді. Түп-түзу көшелерінде көлденең жат­қан бір бұрау жоқ. Үйлері де көзтартарлық. Қора-қопсы­лары­ның жанында үйілген қоян­жон маялар тоқтықты аңға­р­тып тұрғандай. Бұл – Новосель­ское ауылдық округі. Етек-жеңі кең пішілген елді мекенде 334 шаңырақ бар. Ұзын-ырғасы 14 ұлттың өкілі, 900-ге жуық адам бір үйдің баласындай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», тату-тәтті тіршілік етеді. «Бір­лік бар жерде, тірлік бар» дегендей, бір жақсысы, ырыс-ынты­маққа үйі­ріліп, жыл өткен сайын әлеу­меттік-тұрмыстық жағдай­ы көп-көрім жақсарып келеді.

– Округтің орталық қонысы – Никольское ауылы, – дейді округ әкімі Юлия Поль, – орта мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, Мәдениет үйі, спорт кешені, оннан аса сауда орны жұмыс істейді. Кейінгі жылдары шалғайдағы ауылдарға көп қамқорлық жасалып жатыр. Сол жақсылықтың шара­патын біз де көріп отырмыз. Елге қайыры­мы тиіп тұрған бағ­­дарлама­ның бірі – «Ауыл – ел бе­сігі». Осы бағдарламаның аясын­да фельдшерлік-акушерлік пункт­ті күрделі жөндеуден өткізіп ал­дық. Қазіргі күні ауылдағы ме­ди­­циналық мекемелерге жет­кі­лік­­ті көңіл бөлініп отыр. Біздің округ­тің тұр­ғындары да басы ауы­рып, бал­­тыры сыздай қалса, алғаш­қы ме­ди­ци­налық көмекті толық ала алады.

Шынында да, бұл – шарапаты мол шаруа. Өңірдегі көптеген елді мекенде медициналық қыз­меттің болмауы немесе әлсіз­дігі тұрғындардың кір жуып, кін­дік кескен атамекендерінен кө­шуіне себепші болып отырғанын жасыруға болмас. Ауыл­дың ажарын келтіріп, жан жадыра­тар жылылық ұялатуға себеп­ші болып отырған жергілікті серіктес­тік басшылары екенін де бірауыз сөзбен айта кетсек, өзгелер­ге өнеге болар еді. Округ әкімі­нің айтуына қарағанда, Павел Шакола мен Юрий Скубак тәріз­ді серіктестік басшылары ел жұ­мы­сына араласып, қамқорлық қолын созуда. Міне, қақаған қыста шалғайдағы шағын ауылдар қар көп түскендіктен жол жабылып қала ма деп алаңдап отырса, бұл жерде мұндай мәселе туындамайды. Серіктестік басшылары жол бойын уақтылы айнадай етіп тазалап, округте тұратын тұрғындардың шамасы келмей жатқан шаруаларын екі айтқызбай тындырып береді.

Ауыл тұрғындарының әлеу­­мет­тік-тұрмыстық жағ­­да­йын жақ­сартумен қатар, жас ма­ман­дардың да орнығуына қолұшын беріп жатыр. Былтыр жас маман­дарға арнайы төрт үй салып беріпті.

– Маған да жайлы пәтер берілді, – дейді Гүлжанат Ермек­қызы, – осындай қамқорлық көр­се­тіліп жатқан жерде жаның­ды салып жұмыс істеуге әбден бола­ды. Бар жақсылық, игі істер бір арнада тоғысып, туған елі­міз­дің тұғырын биіктетуге бағытталып жатқаны жақсы емес пе?! Негізінде, ауылға келген жас маман аламын деп емес, қызметімді сіңіріп, еңбек етемін деп келуі керек. Ал жергілікті серіктестіктер тарапынан осындай қамқорлық көрсетіліп жатса, ортақ мақсаттағы оңды іс сүттей ұйып, берекесі арта түсер еді.

Ауыл тұрғыны Юрий Ску­бак­­тың айтуына қарағанда, осы топырақта туып-өскен ел аза­мат­тарының бірлігі мықты бол­ған­дықтан, ешқандай көшу бай­қал­майды. Қайта керісінше, ішін­ара жастар ауылға оралып жатыр. Бұл да – жақсылықтың белгісі. Тұрғындардың пікіріне құлақ түрсеңіз, серіктестік бас­шысы Павел Шаколаның қара­пайым­дылығын, өтініш айтып барған кісінің тілегін екі етпейтінін есту­ге болады. Ел мақтаған жігіт­тің еңсесі биік.

– Туған жерге байланған тамыр ешқашан үзілмейді, – дейді Павел Шаколаның өзі, – біз осы жердің игілігін көріп отырғаннан кейін қолымызда барымызбен бөлісіп, ең алдымен ауылдың жағдайын ойлауымыз керек. Айталық, ел көшіп кетсе, серіктестіктің жұ­мы­сын кім істер еді? Табыс болса, игілік үйірілсе, ол жұмысқа жұмыл­ған жалпы жұрттың бірлігі. Елді мекенде ауызсу тарапын­да еш мәселе жоқ. Көшелер то­лық жарықтандырылды, жол­ды жөндеп тұрамыз. Ауыл мәде­ниетін өр­кен­детіп, тұрғын­дардың бұқаралық спорт­пен айналысуына жыл сайын мол қаржы бөлеміз. Осындай ықы­ластың игілігін де көріп отырмыз.

Айтса айтқандай, ауыл тір­лігі алға басып келеді. Соның бар­лығы дерлік берік бірліктің ар­қасы. Сол бірлікті бекемдеп отыр­ған азаматтардың өнімді ең­бегі өзгеге өнеге болса, қанеки?!

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы