Аймақтар • 23 Қаңтар, 2023

Қанатқақты жоба – Атырауда

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Құқықтық көмек» қанатқақты жобасының заңгерлері Атырау облы­сына арнайы барып, өңір тұрғындарын толғандырған мәселелерге құлақ түрді.

Қанатқақты жоба –  Атырауда

Айта кетейік, «Құқықтық көмек» – «Amanat» партиясының мұрындық болуымен іске қосылған жоба. Ауыл, ауданда тұратын қарапайым халық­тың құқығын қорғайтын жоба шеңберінде белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан бастаған бір топ заңгер жақында Атырау облысында болды.

Олар сотта және тағы басқа жағ­дайда талап-арыз толтыру, өкілеттік ету, өзін қорғау мәселелері бойынша Исатай, Индер, Мақат, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында азаматтарға кеңес берді.

Қабылдауға келген азаматтарды тұрғын-үйді жекешелендіру, жеке сот орындаушыларының қызметі, еңбек даулары, алимент төлемеу мәселелері толғандырады. Жалпы, заңгерлер 100-ден астам адам қабылдады.

«Amanat» партиясы қолға ал­ған жаңа жоба ең алдымен ауыл тұр­ғындарына құқықтық кө­мек көрсе­туге арналып отыр. Жасы­ратыны жоқ, құқықтық сипаттағы мәселені шешу кезінде қала тұрғындары көп мүмкіндікке ие. Ал ауыл тұрғын­дарының сапалы құқықтық көмек алуға деген мүмкіндігі ұдайы бола бермейді. Сондықтан бұл партиялық жобаның мәні мен маңызы ерекше», деді Абзал Құспан.

Ол сондай-ақ аталған бастама тұрғындар жиі ұшырасатын заңдағы қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Мәсе­лен, бір топ азамат заңгерлерге 2020 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет етіп жүрген кезде заңсыз қысқартуға ұшырағандарын жеткізді.

Өз мәселесін айта келген тұрғын­ның бірі ұзақ уақыт бойы құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Себебі оның атына іс жүзінде ол иелік етпейтін автокөлік ресімделіпті.

Бір топ әйел пәтерлерді жекеше­лендіру кезінде пайда болған мәселе­лер бойынша шағым айтты. Олар­дың айтуынша, тұруға жарамсыз ескі үйлер берілген. Жалға берілген пәтерлерде өмір сүру мүмкін емес. Ал үй ішін өз бетінше қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмысын жүргізу үшін олар осы пәтерлерді жекешелендіргісі келеді.

«Шалғайдағы елді мекен тұрғын­дары үшін бұл жобаның пайдасы көп. Бізге облыс орталығына барып, маман іздеудің қажеті жоқ. «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен білікті маман бізге өзі келіп, қажетті кеңес берді», деп атап өтті өңір тұрғыны Гүлнар Жұмағұлова.

Өз кезегінде, заңгерлер әрбір өті­нішті мұқият қарап, құжаттармен танысып, әрі қарай қалай әрекет ету керек екені жөнінде кеңес берді.

Келіп түскен сауалдарды ескере отырып, келешекте жұмысты WhatsApp-тағы автоматтандырылған чат-бот арқылы онлайн режімде жүргізу жоспарланып отыр. Бот 2000-нан астам заңгер тіркелген zan.bar мобильді қосымшасының адвокаттар базасымен өзара әрекет­теседі. Сөйтіп, партия сапалы қыз­мет­терге қол жеткізе алмайтын отан­даста­рымыздың құқығын цифр­лан­дырудың көмегімен қорғауды көздеп отыр.

Атырау облысында қанатқақты режімде бастау алған «Amanat» пар­тия­сы­ның «Құқықтық көмек» жобасы еліміздің барлық өңірінде жалғасады.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар