Шығыстан шыққан белгілі тұлғалар туған өлкені дамытуға үлес қоспақ
Бүгінде алыс және жақын шетелдерде, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген Шығыс өңірінің есімі елге белгілі тумалары Өскеменде басқосты. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған «Жерлестер форумына» жетпістен аса осы өлкеден түлеп ұшқан азаматтар келді. Кіндік қаны тамған жерден жырақта жүрген жерлестердің ішінде ресми тұлғалар да, лауазымды шенеуніктер де, мемлекет және қоғам қайраткерлері де, кәсіпкерлер де, танымал сарапшылар да, мәдениет және өнер қайраткерлері де бар.
Жерлестер форумы Шығыс Қазақстаннан шыққан азаматтардың облыс орталығындағы хакім Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуінен басталды. Бөгесіні мен бұралаңы көп өмір даңғылында биіктен көрінген құрметті меймандар туған жерінде Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктермен танысты. Соңғы жылдары бой көтерген Өскемендегі жаңа орталық мешіт, Жекпе-жек сарайы, Жеңіл атлетика манежі және Орталық жүзу бассейні орналасқан спорт кластері мен этноауыл, сондай-ақ, қаланың оңтүстік-батысында бой көтеріп келе жатқан 19-шағын ауданда болды.
«Алтай» технопаркінде қонақтарға облыс аумағында сәтімен жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім», «Мейірім», «Tulek.kz», «Еңбек биржасы» және «Жастар қалашығы» сынды елімізде баламасы жоқ жобалар таныстырылды.
Әрі қарай форум жұмысы жерлестердің жылы жүздесуімен жалғасты. Аймақ басшысы форумды аша отырып, жиынның Шығыстан шыққан азаматтарға өскен өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыру һәм өңірдің өркендеуіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен өңірдің жылдан-жылға өркендеп келе жатқанын нақты мысалдармен атап өткен облыс әкімі Шығыс Қазақстаннан шыққан жерлестермен тығыз байланыс орнатудың арқасында жүздеген әлеуметтік-мәдени нысандардың бой көтергенін, бұл жұмыс одан әрі жалғасын таба беретінін айтты. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменов, белгілі мұнайшы М.Құлжанов, әйгілі спортшы, қоғам қайраткері Д.Тұрлыханов бастаған азаматтардың жерлестеріне ірі спорт кешендерін салып беруі өзгелерге үлгі болып жатқанына тоқталды.
1970 жылы педагогикалық институтты бітіріп, алғашқы қызметтік өрлеуін бастаған Өскемен қаласы Зинаида Драгункина үшін өте ыстық. Бүгінде Ресейдің ғылым, білім, ақпараттық саясат және мәдениет жөніндегі Федерация кеңесі комитетінің төрайымы және Мәскеудегі «Благовест» халықаралық халықтық көмек орталығының президенті болып еңбек етіп жүрген Зинаида Федоровна өзі өскен өлкенің ыстық құшағын әуежайға келіп түскен сәтінен аңғарғанын жеткізді.
Ресей қоғамындағы белгілі тұлға өзінің туған өлкесіндегі оң өзгерістерге таңданысын жасырмады.
– Облыс орталығының сәулеті айтарлықтай өзгеріпті. Қала құрылысы жанданып, жаңа нысандардың көптеп салынып жатқанын байқадым. Әсіресе, жіпке тізгендей бірінен соң бірі тұрған жаңа спорт нысандарына риза болдым. Қаланың сұлуланып, әсемденіп кеткені таңғалдырды. Менің туған қалам – бір кездегі Лениногор, қазіргі Риддер шаһарына немереммен бірге бардым. Туған үйімде болдым. Риддердің де келешекке сеніммен қадам басып келе жатқанын көрдім, – дейді комитет төрайымы.
Айта кеткен ләзім, аталған жиынға Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова да қатысты. «Өзінің кіші Отанын сүйе алмаған адам, өзінің елін де сүйе алмайды. Сондықтан бұл шараның қоғамдық маңызы, адамгершілік қыры өте үлкен деуге болады», деді Б.Әйтімова. Сенатордың айтуынша, Шығыс өңірі бүгінде экономикалық тұрғыда қуатты, түрлі бастамалардың орталығына айналып отыр.
Күршім ауданының Маралды ауылында дүниеге келген генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов Шығыс елінің толеранттылықтың, достықтың мекеніне айналғанын айрықша атап өтті. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылық қызмет еткен ҰҚК ардагері Жоғарғы Кеңеске, Парламентке осы өлкеден депутат болып сайланғанын жерлестері ұмыта қойған жоқ.
Жол құрылысымен шұғылданатын «Road Construction» ЖШС бас директоры Қуат Үзбеханов Абай ауданында қазақша күрестен турнир өткізуге, аудандық «Қаламқас» ән-би ансамбліне қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын, алдағы уақытта да бұл бағытта жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Омбы қаласындағы «Мостовик» ғылыми-өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасары Валерий Вихрев Омбы қаласы басшылығының сәлемін жеткізіп, екіжақты бірлескен жұмыстарды жандандыруға ынталы екендіктерін атап өтті.
Бесқарағай ауданының түлегі, ішкі істер органының генерал-майоры Рүстем Хайдаров болса, еліміздегі 500-дей Кеңес Одағы Батырының 111-і Шығыс өңірінен шыққанын, яғни, өлкенің ерліктің ордасы екендігін білдіретінін жеткізіп, батырларды лайықты құрметтеу мақсатындағы ұсыныстарын жеткізді.
Кіндік кескен өлкенің дамуына үлес қосқысы келген Жерлестер форумына қатысушылар мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында 36 меморандумға қол қойылды. Аталған келісімнің жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгені құрайды. Жобалардың ішінде Семейдің Түйемойнақ аралында туристік демалыс аймағын құру, тұрмыстық химия зауыты, спорттық-сауықтыру кешендері сынды ірі құрылыстар бар. Сондай-ақ, жерлестердің көмегімен Үржар ауданында кірпіш зауытының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жобаның құны 47 миллион теңгені құрайды. Ал Курчатов қаласының түлектері Абай ескерткішін орнатуды жоспарлап отыр. Бүгінде көрші елдің Новосібір және Краснояр қалаларында тұратын курчатовтықтар ескерткіш қаржысын өз қалталарынан төлейді. Атап айтқанда, барша курчатовтықтардың атынан Игорь Павлов пен Елена Истомина қала алаңына құны 7,5 миллион теңгеге бағаланған хакім Абайдың ескерткішін орнатпақ.
– Сіздердің жерлестер форумын өткізу туралы идеяларыңызды біздің Курчатов қаласының тумалары алғашқылардың бірі болып қолдады. Өткен жылы барлығымыз жиылып, туған қаламызға көмек көрсетуді ұйғардық. Меморандум қабылдау мәселесі сол кезде шешілді, – деді «Қазақстан ядролық қоғамы» қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Жданова.
Бұдан өзге, Курчатов қаласында Жеңіс алаңының жанындағы гүлзарда полигонда жұмыс істеген адамдар туралы естелік белгі қойылатын болады. Оны дайындау мен орнатуды осы қалада туып-өсіп, еңбек еткен Наталья Александровнаның өзі қаржыландыратын болды. Айтуынша, курчатовтық жерлестер мектеп, спорт алаңын күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтармен қамтамасыз етуді де ойластыруда.
Шемонайха ауданында туып-өсіп, бүгінде Алтай аймағының орталығы Барнаулда тұрып жатқан Татьяна Нагорняк Волчанка ауылындағы «Сәуле» жетімдер үйіне балалардың ойын алаңын салуға қаражат бөлетін болды.
Тағы бір тарту – Аягөз ауданының тұрғындарына арналады. Аталған ауданнан түлеп ұшқан Парламент депутаты Нұртай Сабильянов пен Марат Шәкенов әйгілі ақын Дулат Бабатайұлына ескерткіш орнатуға шешім қабылдады.
Форум соңында Зинаида Драгункина жетекшілік ететін «Благовест» халықтық көмек орталығы Шығыс өңіріндегі жетім балалар, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың балаларына Ресейдің Анапа қаласындағы «Русь» шипажайына жолдама сыйлады. Өз кезегінде өңір басшысы Ресейде қоғамдық-саяси қызметімен ерекше көзге түсіп жүрген З.Драгункинаға Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын беруге ұсыныс жасады.
Форум барысында «Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде өңірде Пржевальский жылқысын өсіру жоспарланып отырғаны белгілі болды. Аталған жобаның бастамашысы – белгілі этнолог, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай. Жабайы жылқылардың тұқымы әлемде мыңға жуық қана екен. Бұл жоба 2014-2016 жылдарға жоспарланып отыр. Келісімнің жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайды.
– Менің жобамның мақсаты – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, жоғалып бара жатқан жылқы түрін тарихи отанына қайтару. Бүгінде бүкіл әлемде экотуризм саласы дамып келеді. Осы арқылы жергілікті жерлердің флорасы мен фаунасы қалпына келтіріліп жатыр. Біз Германияның Жануарлар саябағы жетекшілерімен келіссөз жүргіздік. Олар бізбен әріптестікке дайын екендіктерін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша бұл жануардан 5-6 бас қана қалды. Жуырда Шығыс Қазақстанға 2-3 Пржевальский жылқысын әкеліп, көбейтуге кірісеміз, – деді А.Тоқтабай.
Пржевальский жылқыларын Зайсан ауданындағы Сарытерек ауылы маңында өсіру жоспарланып отыр. Аталған жобаға аудан әкімдігі 500 гектардан астам жер телімін бөлген екен.
Сондай-ақ, Жерлестер форумының қонақтары «Азия-авто» АҚ зауытында, Әулие Троицкий шіркеуінде болып, «Туған ел – алтын бесігім» акциясы шеңберінде ұйымдастырылған Бесқарағай ауданының облыс орталығындағы мәдени күндеріне қатысты. Кешкілік облыстық сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафттық қорық-мұражайында алау жағып, жастық шақтарын еске алысып, сыр шертісті. «Әркімнің өз жері Мысыр шәрі» дегендей, туған жерге жиналған жерлестер басқосудан арқа-жарқа болып, сейіліп қайтты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретті түсірген
Есімхан Орынбаев.