Бокс • 24 Қаңтар, 2023

Алты жігітіміз алтын үшін айқасады

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бокстан Бангкокта өтіп жатқан жастар арасындағы (U-22) Азия чемпионаты мәреге жақындады. Дүйсенбі күні біз ерлер арасындағы жартылай финалдық сайыстарды тамашаладық. Сол кеште шаршы алаңға шыққан 11 жерлесіміздің бесеуі осы межеде сүрініп, қола медальді қанағат тұтты. Ал жеңіске жеткен алты жігітіміз ертең чемпиондық атақ үшін таласады.

Алты жігітіміз алтын үшін айқасады

Алдымен жеңілістің кермек дәмін татып, өз жанкүйерлерін жерге қаратқандар жайында әңгімелейік. 60 кило салмақтағы Талғат Сырымбетов Пхутханет Родсукті бірінші раундта нок­даунға жіберді. Алайда одан кейін Таиландтың тастүлегі қар­қынын күрт күшейтіп, қанда­сымызды біраз әбігерге салды. Талғат та аянып қалған жоқ. Десек те бәсеке аяқталғаннан кейін төрешілер біраз ойлана-тол­ғана келе, жергілікті былғары қолғап шеберінің қолын көтерді. 63,5 килодағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қанша тырысса да, моңғолиялық Тулга Оюн­баа­тар­дың осал тұсын таба алмады.

Ең соңғы болып рингке көте­рілген үш боксшымыздың үшеуі де үлкен сынақ­тарға әлі де даяр емес екендерінен байқатты. Ең өкініштісі, олардың барлығы да Өзбекстанның өрендерінен ұтылды. Атап айтсақ, Ерасыл Жақ­пеков (80 кило) Жасурбек Юлдошевке, Ерхат Бекзат (92 кило) Нусратбек Тохировқа, ал Аманат Сабырғали (+92 кило) Жахонгир Зокировқа есе жіберді. Осы жайттың өзі-ақ қазіргі кезде қазақтарға қара­ғанда өзбек боксының көші бір­шама ілгері екенін аңғартса керек. Әрине, республикалық федерацияның басшылары мен ұлттық құрама бапкерлері біздің бұл пікірімізді теріске шығаруға тырысатыны анық. Бірақ жартылай финалда Қазақстан мен Өзбекстанның былғары қолғап шеберлері өзара үш рет кездесіп, бұл бәсекелердің барлығы «ала тақиялылардың» жеңісімен аяқталғанын олар қалай түсіндірер екен? Соның алдында ғана дәл осы межеде өзбек­тің бұрымдылары қа­зақтың үш қызын оңдырмай сабап тастағаны тағы бар. Соған қалай намыстанбайсың?! Елге келген соң біздің «майталмандар» әдеттегідей барлық кінәні төрешілерге артып, өздерін ақ­тап алуға тырыса ма? Әлде бұл жолы басқа уәж айта ма? Осындай сан­сыз сауалдардың жауа­бын санаулы күндерден кейін Қазақ­станның жастар құрамасы Тай елі сапарынан орал­ғаннан кейін білетін боламыз.

Жартылай финалда қарсылас­тарын қапы қалдырып, финалға шыққан алты жігітке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 48 кило салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәш­кенбай Наттхапхонг Тхуам­чароенді тізе бүктірді. Тө­ре­шілер ринг қожайынына бо­лысқылары келгенімен, қа­зақ боксшысына килігуге еш ілік таппады. Бұл жекпе-жекте Санжар күмәнсіз жеңіске жетті. 54 килодағы Нұрсұлтан Алтынбек қырғызстандық Ис­лам Торобаевтан басым түссе, 57 килодағы Махмұд Сабыр­хан филиппиндік Джеричо Акай­ларды еш қиналмай еңсерді. 67 кило салмақтағы Абзал Серік Пенх Вантхунгпен күш сынас­ты. Қандасымыздың шеберлік дең­гейі Камбоджаның өкілінен әлдеқайда жоғары екені бірден байқалды. Абзал оны алдап та, арбап та ұрды. Үшінші раундта бір рет есеңгіретіп те алды.

71 кило салмақтағы Сабыржан Аққалы­қовтың тәжікстандық Довуд Махкамовты жеңетініне ешкімнің күмәні болған жоқ. Жастар арасында әлем чемпионы деген атағы бар қазақ боксшысы ересектер дуына да еркін қосылып, біраз уақыттан бері өрелі өнерімен көзге түсіп жүр. Жартылай финалда ол қарсыласын сан соқтырды. 75 килодағы Диас Молжігітовтің қытайлық Аиликути Кахаерден мысы басым болды.

Жартылай финалға дейін жеткен бокс­шылардың саны бойынша Қазақстан мен Өзбекстан өзгелерден көші ілгері тұр. Олар­дың әрқайсысының 11 өрені жеңіс тұғырына көтерілді. Үшінші орында – Қыр­ғызстан. Қырғыздың жеті спортшысы дәл сондай құрметке бөленді. Сондай-ақ осы межеде өнер көрсеткен басқа мемлекет өкілде­рінің саны мынадай: Таиланд пен Филиппин – 4, Моңғолия, Тәжікстан, Қытай – 3, Индонезия мен Камбоджа – 2 және Малай­зия мен Непал – 1. Енді солардың арасынан кімдердің озып шығып, Азия чемпионы атанатынын 26 қаңтарда білетін боламыз. Ал қыздардың финалдық сайысы бүгін өтеді.

Ертең өтетін ақтық сында Санжар Тәш­кенбай Шодиер­жон Мелкузиевпен, Абзал Серік Бекзод Хамидовпен, Сабыр­жан Ақ­қа­лықов Нурис­лам Ис­моиловпен және Диас Мол­жігітов Алохон Абдуллаевпен ай­қа­са­ды. Бұл боксшылардың барлығы да – Өз­бекс­таннан. Яғни көршілес қос мемлекеттің өзара «қақтығысы» қайта жал­­ғасатын болады. Осы жолы жі­гіт­теріміз намысқа тырысады деп үміт­тене­міз. Ал Нұрсұлтан Алтынбек филип­пиндік Флинт Джарамен жұды­рықтасса, Мах­мұт Сабырхан таиландтық Саравут Суктхетпен сайысқа түседі.