Бұқаралық ақпарат құралдары Бердібек Мәшбекұлының ел мүддесіндегі жағымды жетістіктерін аз жазған жоқ.
Сондай-ақ ол – әдебиет, өнер, руханият әлеміндегі көрнекті тұлғалардың шығармаларын білу арқылы олармен сыйластық қарым-қатынасын да сақтап жүретін парасатты азамат
Халқымыздың ел басқару дәстүрінде, тарихында ежелден ел алдына шыққан адамға талап та, тілек те ең жоғары тұрғыдан қаралатыны қоғам санасында орныққан. Сондықтан да мейлі, ауыл, аудан, қала болсын немесе облыс, республика көлеміндегі болсын, билік басына келген адамның көпшілік көңілінен шығуы да оңай емес. Сол қиынға шыдас беріп, халық қамын қамтуға адал еңбек ететін адамдарды да ел таниды, ондайда олар билік басындағы адамға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетеді. Қандай да бастық, лауазымды қызметкер болса-дағы ел кейбір жағдайдың бір күнде шешілмейтінін, мысалы егістік суаратын канал бір күнде өзен болмайтынын немесе мектеп бір күнде тұрғызылмайтынын жақсы біледі. Сол проблемаларды шешу жолдары, қаржыландыру көздері анықталып, жоба-жоспарлар жасалып, орындаушылары белгіленіп, жауапкершілік тұрақталып жатқаны ел сенімін орнықтырады.
Қысқа қайырып айтқанда, елмен бірге болу, тіл табысу, олардың мұң-мұқтажын дер кезінде шешуге нақты қарекет жасау, адамдардың құқығын сыйлау, заң аясында тұрмыс құрып, сөз бен істің бірлігін байланыстырып, еңбек ете білген басшы халық қолдауына ие болып, ыстық ықыласына кенелері де сөзсіз.
Сондай елге танымал азаматтарымыздың бірі – Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев. Ол жастайынан өз қабілетін қатесіз бағамдап, өмір жолын дұрыс таңдай білген жігіт. Жоғары оқу орнына түспес бұрын жастардың басым көпшілігіне тән қандай да еңбек етуді ауырсынбай, жеңіл жол іздемей жұмысшы да болды, азаматтық парызын орындап, әскер қатарында да қызмет етті.
Біздің Конституциямызға сәйкес әрбір адам тегін орта білім алуға құқылы. Әрі қарай мамандық таңдау әр адамның өз құқы, өз қабілеті. Жоғары оқу орнына түсіп, экономика мамандығын игерді. Бір кездері жастардың басым көпшілігі осы мамандыққа құштар болды, соған ұмтылды. Алайда олардың бәрі бірдей экономист бола алған жоқ. Кейбірі диплом алғаннан кейін-ақ ол мамандықпен жұмыс істеуге зауқы болмай немесе талап тұрғысынан көріне алмай басқа салаларға ізденді. Енді біреулер өздері алысқа бара алмады.
Бұл орайда Бердібек Мәшбекұлының жолы болды деуге толық негізі бар. Ол жоғары оқу орнын бітірген 24 жасынан бері Қаржы-экономика министрлігінің экономисінен бастап, аға экономист, бас экономист, қаржы-жоспарлау басқармасының бастығы, министрдің осы сала бойынша орынбасары сияқты барлық сатылардан өтіп, әлеуметтік министрі, Үкімет кеңсесі, облыс әкімі, Премьердің орынбасары дәрежесіндегі жоғары лауазымды қызметтері түгелдей экономика теориясы мен тәжірибесімен байланысты болды.
Әсіресе бұрынғы кеңес одағының экономикалық жүйесі дағдарысқа ұшырап, жаңа еркін экономикалық жүйеге көшу барысындағы өтпелі кезеңнің қиындықтары мен қайшылықтары жағдайында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұрын-соңды болмаған реформалар өткізу – еліміз үшін үлкен сынақ болғаны да белгілі. Сол сынақ кезеңінде Бердібек Мәшбекұлы республика тұрмысының ең сезімтал құрылымдарының ойдағыдай жұмыс істеп, халыққа қызмет етуіне атсалысты. Осы салаларды басқара жүріп, экономика саласынан докторлық диссертация да қорғады, талай сараптамалық еңбек жазды. Жеке басының білімін көтеріп, толықтырып, ел-жұрт мұқтажы мен сұранысының шешімдерін табуда нәтижелі еңбек ете алды.
Қарапайым халық кейбір жағдайда билік адамдарына ашық сенім көрсетпейді, іштей наразылығын білдірмей, тіксініп тұрады. Өйткені өсіп алған кейбір биліктегілер тез арада өзінің қайдан шыққанын ұмытып, жәй адамдармен мансап тұрғысынан «жоғарыдан» сөйлеседі. Қысқасы – сөйлесе алмайды. Бердібектің ең мықты жері де, көп шенеуніктен артықшылығы да кез келген әлеуметтік топпен олардың «өз тілінде» сөйлеседі. Өзін-өзі бақылау тетігі өте сезімтал. Айтқанын, берген уәдесінің орындалуын қатаң қадағалайды. Қоғам, көпшілік басшы адамдардың айтқан сөзін, берген уәдесін ұмытпайды. Күндердің күнінде, қажет болған жағдайда, ел алдында, кезекті бір кездесу, жиында берілген уәде, шешімнің орындалғанын немесе орындалмағанын, яки ұмытылғанын да айтып, не абыройға абырой қосады немесе бар абыройды көпшілік алдында төмендетеді, Бекең осындай халық сынағын естен шығармай, оларға бар жауапкершілігімен әрі тиянақтылығымен жауап беруді қалтқысыз міндеті санайды. Мұндай ішкі ережесі тәртіп деңгейінде қатаң сақталады. Ел сенімі осындайда нығая түсері де анық. Сенім деңгейі, көңіл күйі әрине, халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты.
Бердібек Мәшбекұлы тәуелсіз мемлекетіміздің соңғы 30 жылдан астам дәуірінде Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет кеңсесі бастығы, министр, Кеден комитеті төрағасы қызметтерін айтпағанның өзінде жиырма жылға жуық Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі қызметтерін атқарыпты. Әңгіме тек жоғары лауазымдарда емес, адамның сол мемлекеттік жауапты орындарда зор абыроймен еңбек етуінде. Ол туралы қоғамдық пікір сарапталып, әкімдер жұмысына рейтингтік баға беретін әртүрлі институттардың, бұқаралық ақпарат құралдарының әр жылдар қорытындысы бойынша дауыс беру арқылы жинақтап жариялаған көрсеткіштері де куә. Көп жылдар әкім Сапарбаев үздік топтың қатарында аталып жүрді. Бекең республика Президенті қай орынға қойса да, сонда табысты еңбек ете алды. Адал, әділ, білікті басшыға жақсы сөз ерді. Кейбір мансап иелерін қызмет көтереді. Ал Бердібек Мәшбекұлы өзінің еңбекқорлығымен, мемлекет ісіне адалдығымен министр, әкім деген лауазымдардың беделін көтерді. Жас әкімдерге, әсіресе аудан, қала дәрежесіндегі қызметкерлерге жақсы үлгі бола білді. Қай өңірге, қай салаға барса да Сапарбаевтың өзіне тән жұмысының ізі, нәтижесі бар. Олар мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар болсын немесе спорттық, өнер кешендері, жол құрылысы, кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары болсын ел-жұрттың тұрмыс жағдайын жақсартуға қосылған қоғамдық, елдік қор, қазына.
Бұқаралық ақпарат құралдары Бердібек Мәшбекұлының ел мүддесіндегі жағымды жетістіктерін аз жазған жоқ.
Сондай-ақ ол – әдебиет, өнер, руханият әлеміндегі көрнекті тұлғалардың шығармаларын білу арқылы олармен сыйластық қарым-қатынасын да сақтап жүретін парасатты азамат.
Көп нәрсеге, әсіресе билік өкілдеріне сыни көзбен қарап, олардың кейбір аңғармай қалған сыңаржақ тірліктерін дер кезінде түйреп алатын халық ақыны Фариза Оңғарсынова «Сыр-сұхбат» кітабында былай деп жазыпты: «...Бер-
дібек Сапарбаев мырзаны Білім министрлігінде қаржы бөлімін, кейін Министрлер кабинетінің қаржы саласын басқарған кезінен жақсы білемін: қазақ мектептерінің, балаларға арналған басылымдардың күрделі мәселелерін шешуде ұлтқа жанашыр, ұяты, мейірімі кетпеген азамат екенін көргенбіз. Креслоның биіктеуіне көтерілсе болды, көкіректеріне нан пісіп шыға келетін басшылардан емес, қай салада, қай өңірде істесе де күн-түн демей елдің мерейін өсірем деп дамыл көрмейтін азаматты ру мен жүзге жіліктеп кінә артуға тырысу негізсіз және елге абырой бермейтін жай...
...Сапарбаев Өскеменге барып, қаланың жолдары мен жолөрнектерін салдыра бастағанда, қаланың орыс-қазағы оған «Бардюрбек» деп ат қойыпты дегенді еститінбіз.
Бұл күнде қала тұрғындары да, облыс аудандарының еңбеккерлері де облыс басшысына бір шақырым жерден бас киімдерін алып сәлем береді.
Міне, ел-жұртқа жұғымды, қара басының қамынан халықтың мүддесін биік қоятын басшы осындай болады!» (Оңғарсынова Ф. Сыр-сұхбат. Алматы: Атамұра, 2013. – 90-96-б.).
Бердібектің ресми өмірбаянымен танысқан жан «нендей керемет жолы болғыш адам» деп ойлап қалуы да мүмкін. Шынында да, кез келген, әсіресе жас мемлекеттік қызметкерлер қызығатындай еңбек жолы көрініп тұр. Әрине, ондай үлкен сенім әркімнің басына қона беретін бақыт құсы емес. Бәрі де өлшеусіз еңбекпен, білікпен, біліммен келетіні де хақ. Оның атқарған қызметтері, сол қызметке бекітілуі де жайдан-жай емес, белгілі бір жауапты кезеңдермен байланысты. Кезінде бұрынғы Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының қосылуы да саяси-әлеуметтік мәжбүрліктен туындап, сондай өткір жағдайларды жарастырып, әртүрлі әлеуметтік топтарды теңестіріп, жалпы ортақ мүддеге жұмылдыра білу де осы біздің Бекеңнің қолынан келген.
Жамбыл облысының Қордай ауданында болған дағдарыс тұсында да Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адамдар арасындағы ушығып тұрған келіспеушіліктің аптығын сабырға, сабасына түсіріп, тіршілікке жүгіндіреді деп Бердібек Мәшбекұлын вице-премьер қызметінен шұғыл түрде Жамбыл облысының әкімі етіп тағайындаған. Бұл дер кезінде қабылданған ұтқыр шешім болды. Және мұндай шешімнің маңыздылығын ел де түсініп, қысқа мерзімде қоғамдық келісім орнықтырылды.
Қаңтар қасіретінің зардабын да Бекең елмен бірге көтерді. Әрине, қиналады, қынжылады. Оның ескі досы, әріптесі, өзі де Ақтөбе облысының әкімі, сенатор болған белгілі мемлекет қайраткері Елеусін Сағындықов «Шынның жүзі» атты ғұмырбаяндық эссесінде: «... Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең танымал саясаткерлердің бірі Бердібек Мәшбекұлы ылғи алдыңғы шепте жүреді... ...Қоғамның «қызуы» көтерілсе – басады, төтенше жағдай туа қалса – шешімін табады...», дейді. (Сағындықов Е. Шынның жүзі. Астана, 2022. – 388-б.).
Табиғатынан, өзінің адамгершілік парызын тек қызметпен байланыстырмайды. Азамат ретінде өзінің жеке басында қаншама ауыртпалық болса да онысын сыртқа көрсетпей күйзелетінін оған жанашыр тілектес адамдар түсінеді.
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір қасиеті – қаншама лауазымды қызметтерде жүрсе де өмір жолында тапқан достарынан, жақындарынан қол үзбегендігі.
Өткен ғасырдың 90-жылдары мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етумен бірге бұрын біздің құзырымызда болмаған жаңа қызмет бағыттары, жаңа салалардың іргетасын тез арада қалап, тұрғызып, халықаралық талаптарға сай қарым-қатынас орнату кезек күттірмес міндеттер болды. Солардың ең алдыңғы қатарында, әрине, сыртқы істер министрлігі мен кеден қызметі, қорғаныс, қауіпсіздік проблемалары тұрды. Бұл шұғыл ұйымдастыру жұмыстарын талап етті. Кеден қызметінің құқықтық негізін, ол салада қызмет істейтін мамандардың жұмысын жолға қою керек. Ең бастысы – бізде әлі кеден мамандары жоқ еді. Көршілес елдермен шекарамызды анықтап, кеден бекеттерін ол жерлерде өту желілерінің жұмысын қамтамасыз ету бір күнде немесе бір айда біте қоятын жұмыс емес. Алғашқы жылдар кеден қызметкерлерін дайындау, оқыту, оларды жабдықтау тағы басқа толып жатқан мәселелерді шешу қажеттігі туындады.
Бекең өзінен бұрынғы кеден комитетін басқарған Н.Тілемісов, Ғ.Қасымов, М.Нүкеновтер толық аяқтай алмаған жақсы істерді жалғастырып, саланың беделін, сапасын көтеріп, жаңа белестерге көтерді.
Кәсіби журналист, кеден қызметкері Бекен Нұрахметов «Тау басын бұлт басса да кір шалмайды» атты мақаласында Бердібек Сапарбаевтың Кеден комитетінің төрағасы тұсындағы атқарған қыруар шаруасының кейбіріне тоқталып: «... Бердібек Мәшбекұлының келуімен қатар көптен асыға күткен және халықаралық конвенциялар мен басқа да құжаттардың нормалары ескерілген Кеден кодексі Парламентте үлкен талқылаудан өтіп барып қабылданды. Сонымен қатар Кодексте Қазақстан Республикасының негізгі сауда серіктестіктері мемлекеттерінің (ЕурАЗЭК, ТМД, ЕД және т.б.) Кеден заңнамаларының тәжірибесіне негізделген ережелер көрініс тапты... ...Ол кеден комитетін үш жарым жылға жуық басқарып, көп еңбек сіңірді. Қазақстан кеденінің жұмыс процестерін халықаралық стандарттарға сай етіп көтерді, бүкіл әлемге таныта білді», – деп жазыпты (Нұрахметов Б. Менің тағдырымдағы адамдар. Алматы: Арна, 2013. – 68-б).
Бекең енді ресми қызметтерін абыроймен тәмамдап, Президент жарлығымен әкімдік қызметін тапсырып, зейнетке шықты. Иә, ол да еңбекқор замандастары қатарында еліне деген адал еңбегінің жемісін, жақсылығын көруге толық құқылы. Жетпіс деген мерейлі жасына орай ұлтымыздың «Жақсының жақсылығын айт» деген ұстанымын ақ тілегімізге қосқанды жөн көрдік.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері