14 Маусым, 2014

Сессия жұмысынан кейін ой бөлісті

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше  «Rixos President Astana» қонақүйінде ЭКСПО-2017 Комиссары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) Бас Ассамблеясының 155-сессиясының қоры­тын­дысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихаты болып өтті. Баспасөз мәслихатында сөз алған «ЭКСПО-2017» Комис­сары – Сыртқы істер минис­трінің бірінші орынбаса­ры Рәпіл Жошыбаев шетел­дік қатысушылармен келіссөз­дер басталғанын және инвестиция­лық әріптестіктер орнатылып жат­қанын жеткізді. «Көрме өткізу­дің халықаралық талапта­ры бойынша, Туды алмайынша ЭКСПО көрмесінің кешендерін салуға біздің құқымыз жоқ болатын. Бірақ климаттық жағдайларды ескере келе, ХКБ бізге сәуір айынан-ақ құрылысты бастай беруге келісім берді», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев брифингте. Ол сондай-ақ, көрмеге дай­ындық жұмыстарының кес­те мерзімінен ешбір кешікпей жү­р­гі­зіліп келе жатқандығын, құ­ры­лыс қарқынының күннен-күнге арту үстінде екенін тілге тиек етті. Бұған дейін хабарла­ға­ны­мыздай, Франция астанасы Париж қаласында маусымның 11-і күні Халықаралық көрмелер бю­росы Бас Ассамблеясының 155-і сессиясы өтіп, онда Қазақ­стан ХКБ туын қабылдап ал­ған болатын. 12 маусым күні Ұлт­тық компания басшысы Т.Ер­мегияев Бурабайдағы шетелдік ин­вес­торлар кеңесі отырысы аясын­да Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевқа байрақты салтанатты жағдайда табыс етті. Айта кетейік, Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) 1931 жылы көрмелерді ұйымдастыру мен өткізу жұмыстарын реттеу мақсатында құрылған. Оның штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан. Қазіргі таңда әлемнің 168 мемлекеті Көрмелер бюросына мүше болып табылады. Астана ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі 3 айға – 2017 жылғы 10 мау­сымнан 10 қыркүйекке дейін со­зыл­мақ. Көрмеге 100-ден аса мем­лекет, 10-нан аса халық­аралық беделді ұйымдар мен инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы компаниялар қатысады деп күтілуде. Баспасөз мәслихаты барысында брифинг өткізушілер журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді. «Егемен-ақпарат».