* Елімізде 2020 жылға дейін 45 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте таратылған хабарламада айтылған. Осы уақыт аралығында қалалардың 97 пайызы, ауылдық елді мекендердің 75 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталады.
* Қазақстан балансында алтынның 2 мың тонналық қоры бар. Кеше бұл туралы мәлімдеген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев осыған қатысты кеніштердің 76 пайызы пайдаланылып жатқанын айтты. Бүгінде мемлекет балансында 321 алтын кен орны тіркелген.
* Қостанайда жыл соңына дейін металл илек зауыты қатарға қосылады. Мұны жеткізген облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім бастығы Талғат Майшин жаңа өндірістің жобалық қуаттылығы жылына 15 мың тонна металл илектеу екенін атап өтті. Мұндағы ұсақ сортты металл өнімдері сегіз пеште шығарылады.
* Шымкент сахнасында әлем операсының жауһарлары орындалды. Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры ұжымының көрермен назарына ұсынған туындылары қатарында «Қамар сұлу» операсы да болды. Дирижер Рүстем Рысмағанбетов жетекшілік еткен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шебер атқарылған туындыны өнерсүйер қауым жылы қабылдады.
* Шығыс Қазақстан облысының бір топ жетім балалары Қара теңіз жағалауында демалады. Осы аймақтың елден тыс жерлерде тұратын 75 тумасы сыйға тартқан 157 жолдама-сертификатты бүлдіршіндерге Өскеменде өткен бірінші Жерлестер форумында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ресей Федерациясы Ғылым, білім, мәдениет және ақпараттық саясат жөніндегі федерация кеңесі комитетінің төрайымы Зинаида Драгункина тапсырды.
* Көкшетауда денсаулық сақтау саласының үздіктері марапатқа ие болды. Дәрігерлердің төл мерекесі қарсаңында өткен салтанатты жиынға қатысқан Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин кеше медициналық мекемелер басшыларына 7 жаңа көліктің кілтін табыс етті.
* Павлодардың қоғамдық көліктеріне электронды жолақы төлемі жүйесі енгізілуде. Қаладағы үш ірі тасымалдаушы мекеме қызығушылық танытып отырған бұл жобаға «SMART CARD SYSTEM» ЖШС инвестиция құюды өз міндетіне алды.
«ҚазАқпарат», 24KZ,
Otyrar.kz, Alau.kz, Аltaynews.kz,
Egemen.kz агенттіктері мен Павлодар облысы әкімдігі сайттары деректері бойынша дайындалды.