Экономика • 26 Қаңтар, 2023

Тау-кен саласындағы қатаң талаптар

328 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 1,1 трлн теңгеге 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейтін 149 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте орта және жоғары бөліністегі өнімдерді өндіру мақсатында өнеркәсіптік даму саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру де өте маңызды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2023 жылы осындай іргелі жұмыстарды атқаруға баса көңіл бөлмек. Ведомство күш салатын шаруа тізбегі өте мол. Соның ішінде транзиттік әлеуетті арттыру, жер қойнауын пайдалану мәселесінде қатаң талаптар енгізу және құрылыс саласындағы өзгерістерді ерекшелеп атауға болады.

Тау-кен саласындағы қатаң талаптар

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ве­домство­ның кеңейтілген алқа отырысында саладағы негізгі өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, транзиттік әлеуетті арттыру мақсатындағы жобалар былтырдан бастап белсенді түр­де іске асырыла бастады. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, был­тыр желтоқсан айында министрлік көлік-логис­тикалық әлеуетті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен еді. Бұл – саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындайтын негізгі құжат. 2022 жылдың қараша айын­да теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталды. Аталған жобаны іске асыру осы учаскедегі жылжымалы құ­рамды өткізуді 5 есе арттыруға мүм­кін­дік бермек.

– Биыл Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құры­лысын бас­тап, сондай-ақ транзиттік учаскелердегі тар шеңберлі жер­лерді жою жөніндегі жұмысты жал­ғастырамыз. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» сынды жобалардың техникалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталуға тиіс», деді ведомство басшысы.

Биыл автожол саласында жалпы көлемі 10,5 мың шақырым (оның ішінде республикалық желі бойынша – 7,3 мың шақырым, жергілікті желі бойынша – 3,2 мың шақырым) жолды салу және жаңғырту жұмыстарымен қамту жал­ғаспақ. Жол сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін FIDIC халықаралық ережелерінің шарттары енгізілмек. Негізгі 50 нормативті құру арқылы қолданыстағы 1 200-ден астам салалық норматив оңтайландырылады.

Өз кезегінде вице-министр Еркебұлан Дауылбаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қолға алынған жобалардың нәтижесінде қалалық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтеріне қол­жетімділік 98,4 пайызға және ауылды жерлерде 94,5 пайызға дейін ұлғай­тылғанын атап өтті. 

– Қазір барлық қала мен ауылды жерді таза сумен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін «Әр елді мекенде таза су» ұлт­тық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жы­лы қала халқының 98,7 пайызын және ауыл халқының 96 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жобаларды қар­жыландыру үшін республикалық бюд­жет­тен шамамен 172 млрд теңге көлемін­де ақша бөлінді, – деді вице-министр.

Былтыр коммуналдық желілердің тозу деңгейі 51 пайызды құраған. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебі­нен шамамен 3 мың шақырымдай желі­ге жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Осы орайда министрлік еліміздегі кәріз-тазарту жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуі бақылауда екенін хабарлады. Айталық, қазір республикадағы 89 қаланың 27-сінде кәріз-тазарту құрылымдары қарастырылмаған. Ал 41 қалада тиісті нысандардың тозуы 60 пайыздан асып  кеткен. 

Министрлік қадағалайтын маңызды саланың бірі – құрылыс. 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 143,5 мың баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал құрылыс сала­сындағы бағаны қалыптастыру тетік­терін жетілдіру аясында, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдерді алдын алу үшін министрлік құн индексін бекітті. Е.Дауылбаевтың айтуынша, құрылыстағы сметалық құнның өсуіне жол бермеу үшін жобалау-сме­талық құжаттамадан прайс-парақтар алынып тасталды. «Сметалық баға­ның қым­бат­тауына жол бермеу үшін бірыңғай сме­талық бағалардың жинақтары әзірленді. Бұл өз кезегінде сметалық құжаттаманы дайындау үдерісін жеңілдетіп, оның сараптау үдерісін оңтайландыра түседі», деді ол. 

Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы ашық­тық­ты қамтамасыз ету үшін қазір цифр­лы технологияларды енгізу қолға алынып жатыр. Мәселен, eQurylys жүйесі шұң­қыр жерлерді қазудан бастап тұр­ғын үйдің пайдалануға берілетін кезе­ңіне дейін бақылауға мүмкіндік бере­ді. Ал «Е-Шаңырақ» платформасы тұр­ғын үй­-коммуналдық шаруашылық субъек­ті­лерінің жүйелерін біріктіріп, тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен атал­ған салаға мониторинг жүргізіп, талдау жасауға септеседі.

Вице-министр Иран Шархан өнер­кәсіп­тік даму, геология және жер қой­науын игеру бағытында былтыр атқа­рыл­ған жұмыстар мен осы жылға арнал­ған жоспарлар туралы айтып берді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өскен. Өңделген өнімнің экс­порты былтырғы 10 айда 21,7 млрд теңге­ге немесе 34,9 пайызға жетіпті. «2025 жылға дейін 134 мыңға жуық тұ­рақ­ты жұмыс орнын ашу, оның ішінде моно­қа­лаларда – 13 мың, сондай-ақ ауыл­ды жерлерде 61 мың жұмыс орнын ашу арқылы 734 жобаны іске қосу жос­пар­ланған. Барлық жоба толық қуаты­на шыққан кезде өндіріс көлемі шама­мен 10,4 трлн теңгеге жетпек», дейді И.Шархан. 

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржылай қолдау үшін ми­нистрлік несие, лизингтік қаржы­лан­дыру, капиталға үлестік қатысу мен өнер­кәсіптік гранттарды беру сынды тетік­терді пысықтады. Мәселен, 2022 жылы даму институттары арқылы жалпы сомасы 425,5 млрд теңгеге жоғарыда аталған саладағы жобаларды қаржыландыру қарастырылды. Ведомствоның ақпараты бойынша, биыл қажетті жобаларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 399,2 млрд теңгеге құжаттама дайындалған. Қазір өңдеу өнер­кәсібін дамыту мақсатында қаржы­ландырудың қосымша көздері мен тетіктері жан-жақты ойластырылып, пысықталып жатыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қа­былданған еді. Оның негізгі мақ­саты – бәсекеге қабілетті әрі жоғары техно­ло­гиялық, сондай-ақ экспортқа бағдар­ланған өнім өндірісін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібін тұрақты жолға қою арқылы дамудың шикізаттық моделінен арылу. Осыған байланысты министрлік жүйелі шараларды қабылдап жатқанын айта кетейік. Оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру, қолжетімді қаржыландыруды көздейтін тетіктерді әзірлеу мен өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді айтуға болады. 

И.Шарханның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өндіруші, өңдеуші және министрлік арасындағы ерікті үшжақты келісімді жолға қою арқылы қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүйеге келтірілді. Ол жоғарыда айтылған шараны іске асыру кезінде бірқатар өзекті мәселенің де туындайтынын алға тартты. Мәселен, тау-кен секторындағы ірі кәсіпорындардың ерікті келісімді жасаудан бас тартатын жағдайлары байқалады.

– Бұл мәселені шешу үшін шикізат­пен қамтамасыз етуге байланысты мін­детті талаптарды белгілеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушыларды шикізатпен қамта­масыз етуге міндеттеу қажет. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда қатаң шаралар қабылданады. Оның ішінде, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияларды қайтарып алу, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды бұзу, шикізатпен қамтамасыз ету бо­йынша орындалмаған міндеттемелер жиынтығы мөлшерінде тұрақсыздық төлемін қолдану қарастырылады, – деді вице-министр.

Биылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жер қойнауына мемлекеттік геология­лық зерттеуді жүргізу мен минералдық-шикізат базасын толықтыру саласын­дағы өкілеттіктер берілген болатын. Өз ке­зегінде жер қойнауына зерттеу жүр­гізетін уәкілетті органның министр­лікпен бірігуі тиісті құзыреті бар инс­пекторлық құраммен пайдалы ресурс­тардың қазіргі ахуалына қажетті мониторинг жасауға жол ашады деген сенім бар. Осы бірігудің нәтижесінде ведомствода әр нысан бо­йынша тиісті шешімдер қабылданып, жер қойнауының жай-күйі туралы толық ақпарат бір жерде шоғыр­ландырылмақ. Былтыр бюджет есебі­нен жер қойнауы­на мемлекеттік гео­логиялық зерттеу 104 нысанда жүргізіліп, оның 45-інде қажетті жұмыстар аяқталған.