Президент • 26 Қаңтар, 2023

Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды - Тоқаев

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды - Тоқаев

«Өздеріңізге мәлім, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Былтыр конституциялық реформаны қолға алдық. Ата заңға аса маңызды өзгерістер енгіздік. Қараша айында Президент сайлауы өтті. Жуырда Сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Сонымен қатар менің Жарлығыммен бірнеше сенатор тағайындалды. Осымен Сенаттың құрамын жаңғырту үдерісі аяқталды. Депутаттардың жартысына жуығы жаңарды», деді Президент.

Осы орайда ол мұнда әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері барын айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілген. Осылайша, Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылған.

«Жалпы бұл Палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.