Қазақстан • 26 Қаңтар, 2023

Премьер-министр Бағдат Мусинге ескерту жасады

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне Қазақстандағы интернеттің сапасыздығы үшін ескерту жасап, мәселені тез арада шешуді талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Премьер-министр Бағдат Мусинге ескерту жасады

Ведомство алқасында Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда интернет әлі де сапасыз екеніне назар аударды.

«Бағдат Батырбекұлы, елімізде интернет пен ұялы байланыс сапасына шағымданып жатқан азаматтардың саны өсіп келе жатқанын өзіңіз де көріп отырсыз. Тіпті ірі қалалар мен мегаполистердің өзінде де интернет әлсіз екенін байқадық. Қазір кез келген жұмысты ұялы телефонның көмегімен жасауға болады, бірақ кейде байланыс ұстамай, интернет істемей қалады. Бұл мәселені шешу керек», деді Әлихан Смайылов.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қалалар мен аудан орталықтары, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық автожолдар сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс екенін еске салды.

«Әзірленіп жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде тиісті шаралар қабылданғаны жөн. Сонымен қатар бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстарын жалғастыру қажет. Тиісті жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», деп ескертті Премьер-министр.