Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, жүйені енгізудегі басты мақсат – қолда бар картографиялық деректерді енгізу арқылы сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметті автоматтандыру. Бірінші кезекте облыс орталығы аумағындағы жер учаскелерінің шекараларын сәйкестендіру үшін аэрофототүсірілім жұмыстары жүргізілген.
– Облыс және Тараз қаласы тұрғындары үшін геопорталдың ашық картасы жасалып, оның 160-тан астам электронды кезекші картасы қызмет бабында пайдалану үшін әзірленді. Геопорталға арналған бірыңғай талапқа сай 367 картографиялық дерек енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үшін сәулет және қала құрылысы саласының 6 қызметі, жер қатынастары саласының 8 қызметі автоматтандырылған болатын. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасына қарасты өңірлік геоақпараттық жүйесі орталығы тарапынан бірқатар автоматтандырылған мемлекеттік қызметті іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың да біз үшін маңызы зор болып тұр, – дейді А.Қарабалаев.
Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімдігіне қарасты барлық 14 басқармада 24 автоматтандырылған қызмет енгізіліп, тиісті деректермен толықтырылады. Одан басқа да атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең.
А.Қарабалаевтың пікірінше, өңірдегі геоақпараттық жүйені толыққанды іске қосудың маңызы айрықша. Ол үшін қажетті деректермен толықтыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек. Жүйе жұмысы толық қамтылуы үшін мүлде уақыт жоғалтуға болмайтын көрінеді.
– 2023 жылы облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесін толық көлемде әрі мақсатқа сай іске қосу және қажетті деректермен толықтыру үшін екі өзекті мәселені ретке келтіруге басымдық беретін боламыз. Нақтырақ айтар болсам, өңірдегі 359 елді мекеннің бас жоспары цифрландырылып, геоақпараттық жүйеге енгізіледі. Жалпы, бас жоспар жобасын цифрландыру арқылы қызыл сызықтағы, функционалдық және қорғау аймақтары, әрбір жер учаскелерінің нысаналы мақсаты, көше жолы желісі, бос жер учаскелері және өзге мәселелер реттеліп, қала құрылысы деректері енгізіледі.
Бұдан бөлек, аудан орталықтарына 1:500 масштабтағы аэрофототүсірілім жұмыстарын жүргізуге ден қоймақпыз. Ондағы мақсат – бос жер телімдерін анықтау барысында таңдалған жер учаскесінің қолданыстағы жер телімінің шекарасына кірмей дәл конфигурацияда болуын қамтамасыз ету, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын дәл масштабпен байланыстыру. Нәтижесінде, геопортал ақпараттық жүйесіне облыс бойынша елді мекендер шегіндегі бос жер учаскелерін жариялауға мүмкіндік туады, – дейді А.Қарабалаев.
Жамбыл облысы