Ауыл • 26 Қаңтар, 2023

Титықтатқан тұқым мәселесі

372 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда кез келген салада тың бастамалар көтеріліп жатыр. Орын алған олқылықтарды жоюға ден қойылғаны дұрыс-ақ. Жаңа Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына да жаңаша бетбұрыс жасалуы тиіс.

Титықтатқан тұқым мәселесі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде ауыл­ды дамытуды көздейтін жаңа Жар­лыққа қол қойғанын мәлім­деді. Онда Үкіметке ауылды дамы­тудың 5 жылға арналған нақ­ты жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиім­ді жұмыс жүргіземіз», деді Мем­лекет басшысы. Бұл – халықтың көкейіндегі мәселе. Қолға алынатын жобаның ішінде бәрі де қамтылады деген үмітіміз зор.

Жердің байлығын тиімді, өркениетті жолмен пайдалану маңызды. Несін жасырайық, кезін­де елімізде ауыл шаруашы­лығы саласы жақсы өркендеді. Жыл са­йын мол өнім жинаған, табысқа кенелген кеңшарлар болды. Әрине, тапқан пайдасынан шығыны көп, артта қалған кеңшарлардың да болғаны рас. 1990 жылдары жаппай жекешелендіру тұсында «Өнімділігі жоғары кеңшарларды алып қалайық» деп жанашырлық білдірген азаматтар көп болды. Ол кезде жер телімдері жекеге бө­лініп берілді. Техникалар та­лан-таражға түсіп кетті. Оның сыр­­тында қаншама білікті маман­дар­дан айырылып қалдық. Ең өк­і­ніш­тісі, білікті агрономдар, мал дә­рі­герлері керексіз болып қал­ды. Халық соның бәрін бастан өткерді.

Ауыл шаруашылығын өркен­дету­ді ең бірінші жерден бастау керек. Ал жермен шұғылданатын ма­ман – агроном. Бүгінде «ауыс­па­лы егістік» деген тәсіл атымен жоқ, ол сақталмайды. Қазір­гі адамдар ондай түсінікті ұмы­та бастаған. Мәселен, бір жер­ге мақтаны ондаған жыл бойы еге береді. Жерді тоздырып жіберді. Топыраққа дамыл бе­ріп, қоректендіру керек қой. Жер­ге дәнді екпей тұрып, оның топы­ра­ғын жан-жақты зерттеп ал­ған дұрыс. Бұрын картограм­ма жаса­латын еді. Бұл ретте, зерт­теу инс­титуттарының жұмыс­тары жаңа сипат алуы тиіс. Өйт­кені топырақтың құнарын анық­тауға жіберген сынама да то­лық­қанды зерттелмей жатады. Инс­ти­туттардың осыған жеткілікті түрде мән бермей отырғаны қынжылтады. Айталық, келесі жылы ол алқапқа қандай өнім егуге болатынын биыл анықтап қоюы­мыз қажет. Топырақ құра­мында азоттың, фосфордың құра­мы қанша? Калий бар ма? Тұзы қанша пайыз? Мұндай зерттеуді ешкім жасап жатқан жоқ. Дұрыс өнім аламыз десек, жұмысты әуелі картограмма жасаудан бас­тау керек. Мәселен, ол жерде азот көп болса, шаруа қожалығы оны білмей, тағы да азот берсе, өсімдікті өлтіреді. Мүмкін калийі жетпейтін шығар?

Бұрын тұқым өсіретін екпелер мен тәжірибе шаруашылығы болды. Ал кеңшарда тұқым өсіруші агроном маманы жұмыс істеді. Ол тек қана тұқым шаруашылығымен айналысты. Бір-екі гектар жерге арпа, күріш, бидайдың тұқымын егеді. Одан сұрыпталып алынған тұқымды кеңшарға береді. Біз кезінде күріш егумен айналыстық. Ол кезде тұқымның сертификаты болмаса, алқапқа егуге тыйым салынатын-ды. «ҚазАгроэксперт» компаниясының өкілі болып істедім. Сонда 350-ден астам зерт­теу жұмысын жүргіздім. Оның ішінде күріш те, мақта да, ар­па-бидай да, жоңышқа да бар. Ди­қан­шылардан сұрасам, арпаның қандай түрін егіп жатқанын білмейді. «Қандай сұрып, мұның сертификаты бар ма? Қайдан алдыңыз?» десем, «Оны қайдан білеміз? Сатып алдық қой. Мен тұқымын пәленшеден алдым» дейді. Бұл неге алып келеді? Бір­неше жылдан кейін жер мүлдем жа­рамсыз не улы болып қалуы ықтимал. Кеңес өкіметі кезінде бір алқапқа жоңышқа егіп, жердің бәрін шоңайна басып кеткен. Оны мал жемейді. Жесе, қырылады. Содан құтыла алмай қалған. Ол жерді бірнеше қайтара жыртып, үлкен күшпен тазартылған. Сондай апатқа алып келуі мүмкін. Қазір шаруадан «Қанша өнім аласың?» деп ешкім сұрамайды, та­лап етпейді. Еккенін жинап алса, сол да қуаныш. Өлшеусіз кетіп жатқан шығынын ешкім есептемейді.

Шаруалар не егерін білмейді. Жері бар. Әйтеуір өнім алып, салығы мен түрлі қарыздарын өтеуді ойлайды. Мақта егеді, ертеңіне шаруа қарызға батады. Мақта егу үшін барлық құжат­тарың­ды зауытқа тапсы­руың керек. Сөйтіп, тұқымды да, тыңайт­­қыштарды да қымбатқа сатып алады. Содан келіп еккен өнімін ала алмайды да, зауытқа қарыз болады, ақырында жерінен айы­рылады. Шаруалар осындай жағдайға душар болып отыр. Шаруа қожалықтарына барып, семинарлар өткізген абзал болар еді. Диқанға «Сіз мына тұқымды ексеңіз, осындай көлемде өнім ала­сыз» деп дұрыс бағыт беретін ғы­лыми-зерттеу институттары жоқ болып тұр. Мал және егін, көк­өніс өсірушілер үшін тұқым шаруа­шылығын ғылыми тұрғыда қол­ға алатын және ғалымдар тіке­лей айналысатын орталықтар керек.

Топырақтың құнарлығын анықтауға байланысты бір мысал. Бір жылы зерттеу институтының өкілдері келіп, күріш өсіп тұрған жерден және кезінде топырағы сортаң болғасын ештеңе екпей тас­тап кеткен жерден сынама алды. Топырақ құрамын зерттей келіп, келесі жылы сортаң жерге күріш егіп еді, жылда күріштен өнім алып жүрген алқапқа қара­ған­да 5 центнер жоғары өнім ал­ды. Бұл – ғылыми зерттеудің нәти­жесі. Сондықтан қандай өнім алу үшін де ғылымның пайдасы мол.

Жерді тоздырмаудың неше­түрлі тәсілі бар. Сол кезде айтылды, бірақ жалғасы болмай қалды. Жерді тоздырмау үшін ауыспалы егістікті сақтау керек. Егілетін өнімнің түрлерін ғы­лыми түрде ауыстырып тұру қа­жет. Бізде бір жерге жыл са­йын мақта еге береді. Ол жер 10-15 жыл­да тозып кетеді. Қазан айына дейін алқапта мақта жатады, оны жинап болғанша қараша келеді. Бұл кезде жер қатып кетеді. Наурызда жер жыртып, сәуір айында тұқым егеді. Бұл дұрыс емес, технологияға қарсы. Негізі топырақ қатып кетпеуі үшін жерді жыртудың нешетүрлі жолдары бар. Жерді тыңайту мақсатында алқапты қазан айында жырту керек. Сонда топырақ суға бөгіп жатады. Зиянкестер қырылып қалады. Әрі күзде жыртылған жерге тұқым себілсе, ол екі-үш есе өнім береді.

Тұқым шаруашылығына түбегейлі жаңа көзқарас керек. Өйткені әр өңірде топырақ құрамы әр түрлі. Мысалы, шетелден әкелген жүгері тұқымын өсіріп жатыр. Ол Жетісу өңірінде жақсы өнім береді, ал сортаң топырағы бар аймақтарда шықпайды. Тұқым шаруашылығымен айналысып жатқан ешкім жоқ. «Бұл сала қалай болып жатыр?» деп бір адам ынта білдірмейді. Ел бойынша тұқым шаруашылығымен айналысатын 6-7 зерттеу институты бар. Бұл ұйымдарға жаңаша талап қойылуы керек. Олар әр өңірдің табиғатына қарай өсетін өнімдерді анықтап, ұсынуы қажет. Бізге солтүстікте жақсы өнім алынатын тұқым жара­майды. Оңтүстіктің өз жерінде өсірілген тұқым керек. Мысалы, қазір жоңышқаның Түркияда шық­қан өнімін әкеліп егуде. Ол біздің табиғатқа келе ме, келмей ме? Анық­таған адам жоқ.

Бұл ретте, бірнеше ұсынысым бар. Тұқым шаруашылығына Үкіметтің бөлетін жеңілдетілген несиесі бар. Он жыл көлеміне техника, тұқым және тыңайтқыштар алуға қаржы қарастырылған. Бұл жұмысты жүйелі жүргізіп, шаруаларға қолжетімді ету қажет. Өйткені әркім өз күшімен ауқым­ды іс тындыра алмайды. Арық, атыздар да тозған, су дұрыс жүрмейді. Бір жерге тұрып қалған су бұзы­лып, аталған жерге нешетүр­лі жәндіктер, құрттар пайда болып, кейін ол егіс алқабына таралады. Шыққан өнімді жеп қояды. Зиян­кестер содан пайда болады. Тұқым шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Тұқым жақсар­май, сапалы өнім алынбайды.

Тұқым шаруашылығымен айналысатындарға субсидия бөлінуі керек. Шаруалар екі-үш гектардан жер алады. Алайда біреуінде де заманауи техника жоқ. Бұрынғы техникалары мүлдем ескірді. Лизинг бо­йынша алудың жаңа тәсілдерін қарастырған жөн. Ең қиыны, лизингке алу үшін шаруаның кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі болуы тиіс. Көп жағдайда кепілдікке қоятын мүлкі болмайды. Ауылдағы үйінің құны түкке де жетпейді. Жаңа техника он жылдай жақсы жұмыс істесе, шаруа қарызынан толық құтылады. Сонда ғана сапалы өнім алуға болады. Айталық, қазір қант қымбаттап кетті. Оның тапшылығын болғызбай, бұл мәселені шешудің жолы – қант қызылшасын өсіруді дұрыс жолға қою. Ал оны өсіру оңай емес. Соған қажетті барлық тех­ни­­каларды алып, зауыттарды іске қосу керек. Қандай өнімді де өзі­міз де өсіріп, халық сұра­ны­сын қамтамасыз еткенге еш­теңе жет­пейді. Сондай-ақ май өнді­ретін дәнді-дақылдарды да көп­теп өсіру қажет. Мұның бәрін мемле­кеттік деңгейде қарастыру қажет.

 

Қуатбек АЙМЕН,

агроном, еңбек ардагері

 

Түркістан облысы,

Шардара ауданы