Оқиға • 26 Қаңтар, 2023

Мерзімді баспасөз әлеуеті артады

514 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарына арналған екі күндік форум аяқталды. Өңірлік БАҚ-ты дамыту, газеттегі жарнама және монетизация әдістері, газет тарату мен жеткізу секілді мәселелер көтерілген іс-шараның нәтижесі қандай? Үкілеген үмітпен келген аймақтардағы баспасөз өкілдерінің ұсыныстары мен талап-тілегі іс жүзінде қалай іске аспақ?

Мерзімді баспасөз әлеуеті артады

Форумның екінші күні сарапшылар медиа менеджмент, газет дизайны, суреттерді сөйлету өнері, баспа, басы­лым­дарға кадр даярлау, салалық журналистиканы дамыту мәселелерін сөз етті.

Қазір қай салада болсын менеджмент, оның ішінде тиімді басқару, үйлестіру се­кілді әдістер керек-ақ. Оның сыры неде? Бұл мәселе жөнінде «Қазақ га­зеттері» ЖШС директорының орынбасары Әскер Пириев айтып өтті.

– Өткен жылдың аяғында 12 басы­лым­ның басын біріктірген «Қазақ газеттері» ЖШС құрылды. Бұл – алдымен мерзімді басылым­дардың жұмысын оңтайландыру деген сөз. Интернет пайда болғалы газеттердің жағдайы қиындады, алайда халық баспасөзге әлі күнге дейін сенеді. Интер­неттен оқыған ақпарат, жаңалық­тардың бәрі  олардың есінде қалмайды. Ал газеттің сөзі салмақты болады. Сондық­тан баспасөз ісін тиімді ету – күн тәртібінен түспейтін мәселе, – деді Әскер Пириев.

Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазақ газеттері» қандай мақсатта құрылғанын түсіндірді.

– Қазір бірнеше басылымды біріктіру үдерісі аяқталды. Басты мақсат – басы­лымдардың әлеуетін күшейту. Атап айт­қанда, осыған дейін сыйақы, еңбегіне қаламақы ала алмай келген, жалақысы төмен басылымдардың мәселелерін шешу. Мәселен, қазір «Қазақ газеттеріне» енген баспасөз, басылымдардың қызметкерлері «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттерінің қызметкерлері секілді жалақылары өсіп, тең мүмкіндіктерге ие болады. Осылайша газеттердің, әсіресе ірі басылымдардың бірігуі өңірлік газет­тер­дің әлеуетін арттыру үшін қажет, – деді министр.

Форумда сөз тізгінін алған «Заң-медиа» корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев отандық БАҚ-тың осал тұсының бірі салалық мамандарды даярлау әдістеріне тоқталып, тәжіри­бесімен бөлісті.

– Біз көбіне журналистика факуль­тетінде оқып жатқан студенттерді тартамыз. Оларды салалық журналистикаға қарай бейімдеуге тырысып келе жатырмыз. Өйткені экономика, медицинаны зерттеп, зерделеп, сол салаға машықтанған маман болмаса, мақаланы тарқатып жаза алмайтыны белгілі. Сондықтан оқу орындарынан бастап, болашақ журналистерді сала мамандарына даярлауымыз қажет. Мы­салы, экономикаға қызығушылық та­ны­татын студенттерге экономика фа­куль­­те­тінің дәрістеріне қатысуға мүм­кін­дік ту­ғыз­са, бұдан ұтарымыз көп бол­мақ, – де­ген ұсынысын жеткізді Д.Өтеғалиев.

Сарапшылар мен өңірлік газеттердің құрылтайшылары, редакторлары айт­қандай, аймақтардағы мерзімді баспа­сөздің мәселесі көп әрі күрделі. Олардың мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тың­даған құзырлы министрлік жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуді бір­тін­деп қолға ала бастайтынын айтып, сендірді. Жалпы, БАҚ өкілдерін қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара қолға алынды. Мәселен, журналистердің құқық­тық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағ­дайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленді. Ха­лықаралық тәжірибелерді ескере отырып, әзірленген заң жобасы жұртшылық талқылауына шығарылды. Сонымен бір­ге ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жө­нін­дегі заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді.

– Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз. Басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар екенін білеміз. Министрлік «Қазпошта» акционерлік қоғамымен баспа басылымдарын уақтылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстар да өз нәтижесін береді деген ойдамыз, – деді форумды қорытындылаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Бүгінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де өткір. Осы орайда елдің шека­ралас аудандарын отандық радиохабарлармен қамту жұмыстары күшейтіліп жатыр. Министрдің айтуынша, шекаралас аймақтарды радиохабар таратумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар министр салалық журналистиканы дамыту мақсатында салалық шеберлік сыныптары өткізіліп, Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.

– Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың, тіпті сайты да жоқ екенін анықтадық. Ал кейбір өңір­лік басылымдар ақпаратты республикалық деңгей­де тарап отырғанын, сайттарының да жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Мен «Жа­ңақорған тынысы» газетін айтқым келеді. Осыны ескере отырып, өңірлік басы­лымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетеміз. Пост-шындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін, баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда, онлайн-платформалар мен интернет-жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленуде. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы орайда басылымдардың жарнама берушілермен жұмысты жүйелі жолға қойғаны абзал, – деді Дархан Қыдырәлі.

Басылымдардың келбетін қалып­тас­тыруда сапалы дизайн мен фотоның орны ерекше екені сөзсіз. Осы ретте газет дизайнын, макетін жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибелерге негізделген арнайы дәрістер ұйымдастыру жоспарда барын да айтып өтті министр.

– Фотожурналистиканың дамуына ықпал ететін іс-шаралар ретін бас­тап та кеттік. Мәселен, Орталық Азия медиафору­мына келген Пулитцер сыйлығының лау­реаты, фотожурналист Лиу Шин журна­листерге шеберлік сыныбын өткізді. Әйгілі фотографпен бірлескен жоба тал­қыланып жатыр. Өңірлік БАҚ-ты қол­дау үшін оларда жарық көрген мазмұн­ды мақалаларды республикалық басылым­дарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн. Мысалы, «Egemen Qazaqstan» газетінде мұндай үрдіс 2017-2018 жыл­дары жүзеге асырылған еді. Бұл арқылы ұлттық журналистикадағы шығар­ма­шылық байланыстар нығайып, өңірлік мәселе­лерге тұтас еліміздің назарын аудара аламыз. Шал­ғай аймақтардағы басы­лымдарда шың­далып шыққан жас журна­листерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәсе­лесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс, – деді министр.

Осылайша өңірлік мерзімді баспа­сөздің жай-күйі сөз болған алғашқы форум жыл сайын ұйымдастырылып, онда кө­терілген мәселелер ретімен шешімін тауып отырмақ.