Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыстық мәслихатқа 30 депутат, оның ішінде 15-і партиялық тізім бойынша, 15-і бір мандатты округтерден сайланады. Петропавл қаласы мәслихатында барлығы бір мандатты округтер бойынша 18 депутат сайланды. 13 аудандық мәслихатқа 145 депутат сайланады.
Сайлау күні облыстық мәслихатта – 15, қалалық мәслихатта – 18, аудандық мәслихаттарда – 145 округтік сайлау комиссиялары жұмыс істейді.
Облыста барлығы 631 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына екі кандидаттан құжаттар қабылданды. Олардың Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігі анықталып жатыр.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанын ұйымдастыру және өткізу бойынша семинар-кеңестер өткізілу үстінде. Комиссиялардың қызметін ұйымдастыру тетіктері, олардың өкілеттіктері сарапталып, сайлау процесіне қатысушыларды оқыту, кандидаттармен байланыс, комиссиялар жұмысының ашықтығы және саяси партиялармен өзара жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді облыстық сайлау комиссиясы.