Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 28 мамыр күні жұмыс бабындағы сапармен Көкшетауға келді. Елбасының тікұшағы бірден “Васильковский ГОК” АҚ арнайы алаңына қонды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен оның жанындағы ресми адамдарды Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко мен акционерлік қоғам президенті Алидар Өтемұратов қарсы алды.
Мемлекет басшысы өндіріс орнын аралауды карьер жұмысымен танысудан бастады. Құз жартастың ішінде қыбырлаған тіршілік. Айналма жолдарда “таусоғар” экскаваторлар тиеген үй көлеміндей жүкті арқалаған алып “БелАЗ-дар” тізбесі биікке өрлеп келеді. Елбасы осынау “құс жолына” сәт сапар тілеп, екпінді еселей түсуді тапсырды. Сонымен қатар, кенші, тәжірибелі металлург Нұрсұлтан Әбішұлы өндірістік кестедегі жаралысты да өз қолымен атқарды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев көптен күткен тарихи оқиғаның қоңырауын соқты. Мың сан қауым қатысқан салтанатты сәтте Мемлекет басшысы жаңадан салынған алтын айыру фабрикасын іске қосты. Әуеде “Нұрсұлтан! Қазақстан!” деген қуатты алақай ұран қалықтады.
“Индустриялық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Қазақстан табысты индустриялық держава болады – мен бұған әбден сенімдімін”, деп атап көрсетті Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында. Елбасы бүгінгі сапарында осы ойларының нақты жүзеге асқанының бір белгісі ретінде жаңа сипаттағы кен байыту комбинатындағы іргелі өзгерістерді үлгі етті.
Әлем рыногындағы қаржылық тұрақсыздық жағдайында алтын өндірісі инвестициялық тартымды салалардың бірі болып отыр. Қазақстан бүгіндері жер жүзінің бәсекелестікке қабілетті елу елінің қатарына қосылуға ұмтылуда. Бірақ, кейбір көрсеткіштер бойынша біздің мемлекетіміз алғашқы ондықтың қатарынан көріне білді. Мұнда еліміздің әлемдік өлшемдегі алтын қорының молдығы мен оны өндіруде Достастық мемлекеттері арасында жетекші орынға шыққанымызды айтар едік. Осы орайда, қайта жаңғырған Васильков кен байыту комбинатының өзіндік салмақты үлесі барлығы мәлім.
Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс орны күрделі бұралаң белесті бастан өткерді. Алып кешен, тіпті, 1987 жылы кеннен алтынды айыру барысындағы қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Соған қарамастан, 1991 жылы Васильков кен орнында ТМД-да алғаш рет кенді үймелеп ұсақтау тәсілі қолданылды. Ол алтын айыру деңгейін көтеріп, кәсіпорын тиімділігін арттырады деп күтілді. Әйткенмен, аталған әдіс табиғи қоры біртіндеп азайып келе жатқан қышқыл құрамды кеннің тиімді өңделуін қамтамасыз еткенімен, қорлануы жөнінде мейлінше сенімді сульфид кенін қайта өңдеу үшін жаңа технологияларды және қомақты инвестиция жұмылдыруды алға тартты.
Компанияның бұрынғы басшылары 2003-2006 жылдары жаңа алтын айыру фабрикасын салуға талпыныс жасап көрген, бірақ әртүрлі себептермен, ең бастысы, заманалық технологияның жоқтығынан құрылыс қолға алынбай қалды. Осының салдарынан кеніштен өзі құрылған күннен бастап 2006 жылға дейін бас-аяғы 11,5 тонна қымбат металл мен 14,3 миллион тонна кен алынды.
“Менің тапсырмаммен кеніште түбегейлі қайта құру жұмыстары басталды, – деді Елбасы. Оған 60 миллиард теңге немесе 700 миллион доллардан астам инвестиция жұмылдырылды. Акционерлік қоғамға жаңа басшылықтың келуімен және жаңа қаржыландыру көзінің ашылуымен жағдай күрт өзгерді. Көптен күткен алтын айыру фабрикасының құрылысы 2008 жылдың сәуірінде басталып, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Мұндай серпіліс әлемдік тәжірибеде болмаған. Әдетте мұндай нысандарды пайдалануға беруге орта есеппен бес жыл уақыт жұмсалады”.
Қайтарым көңілдегі есептен асып түсетін түрі бар. Білікті мамандардың сараптауынша, аталған нысанның толық қуатына енуімен жылына 8 миллион тонна кен өңдеуге мүмкіндік туады, ал алынған жалпы кеннің көлемін 122,3 миллион тоннаға жеткізу жоспарлануда. Алып кеніште қазірдің өзінде жылына 13-14,5 тонна алтын өндіру белгіленген немесе кенішті пайдаланудың барлық кезеңінде 215 тонна алтын алу жөнінде тұжырым жасалуда. Бұл өткен кезеңдердегі көрсеткіштерден 10 есе артық деген сөз. Компанияның түпкі өнімі – катодты алтын (Доре қорытпасы).
Өндірістік үдерістегі негізгі өзгеріс құрамында алтыны бар кенді қайта өңдеу кезінде оны үймелеп үгітуден бас тарту және алтын айыру барысындағы дәстүрлі тәсілдермен бірге күрделі әрі кешенді технологияны енгізу болып табылады. Ол флотация, гравитация және циандау тәсілінен көрініс береді. Жаңа фабрика 600 атаудан тұратын, көптеген көрсеткіштері бойынша заманалық озық құралдармен жабдықталған. Бұлар негізінен Канада, Австралия, АҚШ, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия, Италия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілген. Кен өндірісі паркінің жабдықтары толық алмастырылды. Қазір мұнда Америка, Жапония, Швецияның сыннан өткен заманалық 67 дана тау-кен техникасы жұмыс істеуде. Бұл техникалардың жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды.
Елбасы баламасы жоқ жоғары технологиялық жабдықтардың сипаттамасына назар аударды. Кен кесегінің көлемі 350 мм. деңгейіндегі алғашқы ірі уақтау үдерісі “Sandyіk” (Швеция) екі жақ уатқышымен атқарылады. Әлемдегі ең ірі құрылғының бірі саналатын қондырғының әрқайсысының жылдық қуаты 4 миллион тоннадан асып түседі. Орта және ұсақ уақтау жұмысында да осы фирманың озық жабдықтары пайдаланылады. Жіңішке уақтау үдерісіне Германиядан RP-16/170/180 роллерлік жаныштауыштары алдырылған. Делегация мүшелері оны іске қосып көргенде әдеттегі тарсыл-гүрсіл мен жер дүниені сілкіндірерлік тербелістің жоқтығына тәнті болды.
Уақталған кенді ұнтақтау Финляндияның “Outotec” фирмасының әлемдегі ең қуатты шар диірмендері арқылы жүзеге асырылады. Небары 400 текше метр көлемдегі диірмен сағатына 500 тонна кенді қайта өңдей алады екен. Ал, оның ұнтақталуы 74 микронға тең.
Фабрикада “Knelson XD” (Канада) орталықтан тепкіш елеуіштері орнатылған. Ол өнімділігі, тиімділігі және үнем көрсеткіштері бойынша өзге аспаптардан асып түсетіні айтылды. Сондай-ақ, “Deswіk” фирмасының ультрадиірмендері кенді адам шашынан да жіңішке деңгейде ұнтақтайтыны іс барысында көрсетілді.
Әрине, мұндай озық технология мен жабдықтарды басқару жоғары біліктілікті талап етеді. Бүгінгі күні комбинат құрамында 1950 адам бар. 2009 жылдың қаңтары мен 2010 жылдың наурызы аралығында ұжымға 1287 қызметкер қабылданыпты. Былтыр 1000 адам кәсіби даярлықтан өткен. Жалпы, компания 2007 жылдан бері кадрларды оқыту мен қайта даярлауға 2 миллион долларға жуық қаржы жұмсағаны болашақтың беріктігін аңғартады. Сондай-ақ, акционерлік қоғам ұжым мүшелеріне мейлінше еңбек және әлеуметтік қолайлы жағдайлар туғызуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлетіндігі айқын байқалады. Оны осы мақсаттарға 4 миллион доллар инвестиция тартылғанымен дәлелдеуге болады.
Фабриканың қалыпты жұмыс ырғағына риза болған Елбасы Н.Ә.Назарбаев жұмысшылар мен жиналғандар алдында Көкшетауды көкке өрлеткен сөз сөйледі.
– Қуаныштарда кездесу адам баласын жүрек тербер толғаныстарға бөлейді, – деді Мемлекет басшысы. – Елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламамен 144 жаңа өндіріс орны салынады. Оның 72-сі биылғы бірінші жарты жылдықта іске қосылады. Ақмола облысында осындай 12 жоба арнайы бақылауға алынған. Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемлекеттердің өзін теңселтіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіпорындар салып жатырмыз. Астаналық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі “алтын зауыт” пайдалануға берілді. Бұл көп ұлтты халқымыздың ынтымақ-берекесінің, бауырмалдығы мен бейбітшілік сүйгіш кең жүрегінің, төзімділігі мен табандылығының арқасында мүмкін болып отыр.
Баршаңызға бақыт пен амандық тілей отырып, Васильков кенішінің атауын “Алтынтау” деп өзгерту жөнінде ұсыныс айтқым келеді. Ел тарихында айшықты орны бар Көкшетаудың Алтын тауы биіктей берсін!
Көкше аспанында Елбасы құрметіне жолданған алақай қол шапалақтау мен “Рахмет, рахмет!” деген жүрекжарды ілтипат қалықтады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапарында “Зеренді Астық” ЖШС-інде болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.
Бақберген АМАЛБЕК, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Ақмола облысы.