Руханият • 29 Қаңтар, 2023

Кедергі философиясы

741 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Айналамызға адами түсінікпен қарасақ, не кедергі емес, бәрі-бәрі кедергі. Тіптен алдымыздан қарсы соққан жел де кедергі. Дүниедегі бар құбылыстар мен заттардың бәрі бір-біріне кедергі. Кедергі туралы ғылымда «сопромат» деп аталатын қыртысы қат-қабат пән бар.

Кедергі философиясы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Адамдардың қасиеттерін де шартты түрде алтын, күміс, қола, темір, шойын десек, «сопромат» адамдарға да қатысты пән болмақ.

Кедергі дегенге байыптап қарасақ, адам­ның сөзі, ісі, әрекеті, харекеті кедергі. Тіптен адам өзіне өзі кедергі, оның жоқ жерде сүрі­ніп, құлап тұрып немесе басына қонған «бақ құсын» үркітіп, ұшырып алуы, сол ебедейсіз жанның өзіне-өзі кедергі болуынан. Мақал бар «Шығасыға иесі басшы» деген. Тауып айтылған сөз.

Бүгінде қоғамда «аузыңа ие бол» деген философия талқылануда, тіптен бұл кедергіні жою үшін заңгерлер заң шығармақ. Мәселе, ауыздан шығатын былапыт, жанға жара салатын сөздер туралы. Кеш басталған іс-шара. Сөз өзгеге кедергі болмауы үшін, тегі ата-ананың бала тәрбиесінен басталса керек. Бұл бір ты­йым көзі болса, екінші мәселе қоғамда. Мен бала кезімнен білетін басшы-қосшылардың аузынан тек боқтық сөздер аңқып тұратын. Сіз қазіргі құрылыс алаңына барыңыз, былапыт сөздердің көкесін естисіз және бұл алаңда анайы сөздерді қолдану «өнерге» айналғаны қашан, онымен қалай күреспекпіз.

Адамның ісі кедергі көп жағдайда. Оның ісімен өзгелер келісе алмайды да, сенің ісің біреуге кедергі болмақ. Амалсыз мойындайсың, сенің өмірде бар болуың, қандай да болмасын іс-әрекеттерің өзгелерге кедергі болуы – та­биғи жағдай. Өмірде бәйге, бәсеке дегендер, анығына келсек кедергілер.

 

* * *

Адам баласы табиғатынан ешкімге кедергі болмай ғұмыр кешуі мүмкін бе? Бірден жауап қайтарамын. Жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Адам табиғатынан сезімге бай. Сезімдер бәсекесі болмай тұрмайды, ол ауыр мәселе. Адам кімнің сезімін оятты, қай сезімге қатысты бәсеке қалыптасты, оны кім білген. Бұл – классикалық көркем шығармалар тақырыбы. Адам кедергі, ол өмірге сезімдер дағдарысын әкеледі, туғызады, өрбітеді, сөйтіп адам санасымен қабылдай алмайтын күй кешеміз. Адамның бар болуы, оның өмірге өз проблемасымен енуі дей беріңіз.

Әр адам жеке-жеке мәселе, анығын айт­қанда, ол бағдарлама, ал адам қауымын түсініп көріңіз. Адам ата мен Хауа ана екі баласы Абыл мен Қабылға ие бола алмады, ағайынды екеуі бір-бірі­не кедергі болды. Аңызда Қабыл ағасы Абыл­ды өлтіреді. Бұдан шығатын жол бар ма? Бар. Ол мейірімділік жолы, мұсыл­мандық жол. Мұсылман адамнан кедергі аз, бірақ мүлдем жоқ дей алмаймын. Мұсылман жанның өзгеге, тіптен өзіне кедергісі күнәмен өлшенеді. Адам­дардың бір-біріне кедергісі кінә және күнә бол­са, кінә мейірімділік жолмен шешілмек, күнә жүгі ауыр. Ол Алла Тағала ісіне кедергі болумен анық­талмақ.

Адамның адамға кедергі болуы – адам­шы­лық, кісілік кеңістіктерінде үйлесімін таппақ.

Күнә кедергі іс болса, оның үйлесімі Жара­ту­­шының пендесіне қояр сауалдары арқы­лы анық­талып, жазаға тартылмақ.

Шәкәрім қажы екі дүниеге (жалған және бақи) қажетті анық нәрсе ар, ождан деп еді. Ар, ожданды анық деп мойындау мол білімді қажет етпек.

Білім де кедергі, бірақ білім табиғатында мейірімділік болғандықтан, нағыз білімде кедергілердің үйлесімдігі туралы көп айтады.

 

* * *

Өткен жылдардың бірінде, жаз айында, Жетісайдан азаматтар телефон шалды. Олардың сауалы менің «Сана болмысы» (1997) еңбегімде жарияланған «Әке күнә» деген шағын эсседегі ал-Мааридің мына өлең жолдары туралы:

«Преступленье совершает отец,

порождая –

Все равно – мудреца иль правителя края».

Олар айтады: «Ұрпағың дана болса, ел басшысы болса, оған неге әке кінәлі болмақ?» Азаматтармен келістім. Иә, балаң ақылды болса, не ел басқарса, ол әке қуанышы емес пе? Бірақ араб ақыны, ойшылы ал-Маари мәселені өзгеше қойған. Ол үнемі мәселенің түп-тамырын қуалап кетеді. Қазақ айтады «Өзі зордың көлеңкесі де зор» деп.

Қылмыс деген – ауыр ұғым. Ол түпнұсқа араб тілінде қалай екен, мамандар айтар, мәселе – кедергіде. Ғұлама баланың кедергісі де мол. Ғұлама әлемді өз көзімен, тіптен көңіл көзімен қабылдауы мүмкін. Ол өзгелер үшін кедергі емес пе? Балаң ел басқарды, ал ақыл­ды жұртты өзінше түсініп, басқару жүйесін құрастырады, иә ол жүйе ақылға сыйымды, сол заман, сол жағдай үшін, ол үшін заман, өзге жағдайлар үшін кедергі емес пе?

Ал-Маари «Әке күнә» деген мәселенің осы жағына ойысып, ой салған. Бұл ойшыл ақын осылай сөйлейді. Оны түсіну қиын. Сондықтан жұрт оны қабылдай алмай қиналады. Ол оқырманды қинайды, мәселенің түп-тамырына қатысты ой тастайды, онысы жалпы жұртқа түсініксіз. Былайша айтқанда, баланың ғұлама болғаны – әкеге қуа­ныш, балаңның ел басқарғаны да – әке қуанышы, бірақ кімнің болсын бұл өмірде кедергі екенін ұмытпайық. Өзі зордың көлең­кесі де зор. Көлеңке үнемі жақсылық жағында ма? Көлеңке түсіру де кедергінің бір көрінісі емес пе екен?

Байқасам, ал-Маари әрі кетіп ой тастаған. Жұртқа белгілі түсініктің ар жағында ұғым бар деген ой. Біз өзі зордың көлеңкесі де зор деп түсі­ніктеме жасаймыз. Онымызды бәрі түсіне, ұға қоя ма? Ал-Маари айтып отырған осы кедер­гілер хақында мынадай тұжырым жасауға болады. Алла мінсіз, ғұлама – пенде, ол мінді, тіптен ел басшысы да мінді, ол да пенде. Бұл – аксиома.

Балаңызды Құдай дағуасына қоспасаңыз, оның өзгелер үшін де, өзі үшін де кедергі болатынын мойындауыңыз керек. Мінсіз Жаратушы, жаратылған адамдар қауымында мін болмақ.

 

* * *

Елімізде жуырда президент сайлауы өтті. Президент болудан үміткерлер мүмкіндігі туралы бір мәселе ойландырды. Ол – президент болып сайлануы үшін кемі бес жыл мемлекеттік қызмет атқару тәртібі. Мүмкін прагматикалық тұрғыдан бұл кедергі арнайы жасалуы ықтимал.

Бес жылдық мемлекеттік қызмет адамды аппақ етеді дегенге, не тәжірибелі етеді дегенге кү­мәнім бар. Керісінше, мемлекеттік қызмет адам­­ның ой-өрісіне «құрсаулар» салатынға ұқсайды.

Конфуций «Сарай маңында көп жүрмедім, сондықтан көп білемін» деген.

 

* * *

Демократиялық елдерде президент бол­ғысы келген үміткерлерге мұндай кедергі қойылмаған.

Айталық, Чехияның президенті болып сайланған Вацлав Гавел бұрын ешқандай мем­лекеттік қызметте болмаған. Украинаның қазіргі пре­зиденті Владимир Зеленский де бір күн мем­лекеттік қызмет атқармаған. Келтіре берсек мысал көп. Оңтүстік Африканың Президенті Но­бель сый­лығының лауреаты Манделла түрмеден босап шығып, бірден ел президенті болды емес пе?

Президенттікке үміткерлерге міндет ре­тінде бес жыл мемлекеттік қызметті талап ету – ел бас­қаруға толық мүмкіндігі бар аза­маттарды шектеу. Бұдан кім ұтады? Ел ұтылады. Мүмкіндікті қажет жағдайларда шектеу, дәл сол кез үшін саяси шара болуы ықтимал. Ел қалпына келіп, жағдай реттелгенде президенттікке үміткерлерге кедергі жасау, сірә күн тәртібінен түсетін «норма» болса керек деген үміттемін.

 

Ғарифолла Есім,

академик, жазушы