Әскери бөлім 1992 жылғы 21 қазанда Алматыда армия басқармасына қызмет көрсететін дербес күзет батальонының базасында құрылған. 30 жылдық тарихында ұжымға 12 командир басшылық жасаған екен. Бөлімнің тұңғыш командирі – подполковник Сергей Николаевич Арсютин, екінші командирі – полковник Александр Дмитриевич Суптеля, кейіннен әскери ұжымды екі рет басқарған полковник Еркен Еркенұлы Әбдікерімовтер бүгінде дүниеден өткен.
Әр жылдары бөлімді басқарған командирлердің бірқатары қазір құрметті демалыста. Полковниктер Руслан Мұздыбаев, Қайрат Бозтаев, Айдар Абдрахман, Еркін Алашбеков секілді офицерлер Қарулы Күштерде абыройлы қызмет атқарып жүр. Бүгінде әскери бөлімге подполковник Қуаныш Серікұлы Сейітбатқалов басшылық жасайды.
1999 жылы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштердің Бас штабы Алматы қаласынан Ақмолаға қоныс аударғанда 83205 әскери бөлімі де Арқа төсіне табан тіреді. Сол тұстағы бөлім командирі капитан Еркен Әбдікерімов көштің басында болып, ыстық-суығын бірдей көрген азамат. Бұл Еркен Еркенұлы бастаған алматылықтарды жаңа астана жатсына қойған жоқ десек те, елордаға түпкілікті орнығу ұжымның кез келген мүшесінен табандылық пен жанқиярлықты талап еткен кез еді. Бөлімнің штаб бастығы подполковник Максим Каральный сол тұста мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаз болатын. Елордаға алғашқылардың бірі болып келген подполковник М.Каральныйдың да айтары көп.
– 1997 жылы мерзімді қызметімді өтеуге Павлодар қалалық әскери комиссариатынан шақырылдым. Бұл әскери бөлімге келіп түсуімнің тарихы қызық, – деп есіне алады ол. – 1992 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған тұста немерелес бауырым Алексей Боряковті қалалық комиссариат әскерге шақырып, қолына құжаттарын ұстатып, Алматыға ұшаққа отырғызып жібереді. Астанаға алғаш келген Алексей қолындағы бір жапырақ қағазға жазып алған мекенжай арқылы әскери бөлімді тауып алады. Бақылау өткізу пунктіне келсе, кезекшілікте тұрған сарбаздар: «Бауырым, әскерде не жоғалттың, үйіңе қайт!» деп келеке етіп күліпті. Бұл кеңес өкіметінің іргесі сөгілмей тұрғанда одақтың әр тұсынан шақырылған сақа жігіттер екен. Алексейдің тәуелсіз Қазақстан әскеріндегі қызметі осылай басталған.
Кейін мені де әскерге шақырғанда комиссариаттағыларға 83205 әскери бөліміне жіберу туралы өтініш айттым. Сәйкестік шығар, сол жолы осы бөлімге команда жасақталып жатыр екен. Сөйтіп, араға 3 жыл салып, Алексей бауырым қызмет өткерген ұжымға келіп түстім.
Максим Витальевичтің тағдырына әскери бөлімнің елордаға коныс аудару миссиясына қатысу жазылыпты. 1999 жылы алғашқылардың бірі болып, жаңа астанаға көшіп келген ол сол тұстағы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығы генерал-майор Сәбит Таулановтың жүргізушісі болады.
Максим Витальевич мерзімді қызметі аяқталған соң әскери бөлімге Қарулы Күштердің қызметкері болып жұмысқа орналасты. 2001 жылы келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылды. 21 жылдық қызмет өтілінде сырттай оқып, жоғары білім алуға да үлгерді.
Әскери полиция жасағында, Гвардейск гарнизонында, Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасында бірқатар қызмет атқарды. Әскери өмірі қатардағы жауынгерден басталған Максим Витальевич бүгінде командирдің бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын абыроймен атқарып жүрген азамат.
Әскери бөлімнің жеке құрамы алғашқы күннен жоғарғы қолбасшылықтың қойған тапсырмаларын мүлтіксіз орындап келеді. Елімізде өткен бірқатар кең көлемді халықаралық оқу-жаттығуларға қатысып, тәжірибе шыңдап жүр. Бұл жөнінде штаб бастығы: «2022 жылы қыркүйек айында өткен «Айбалта-2022» оқу-жаттығуларының шешуші кезеңіне Қорғаныс министрлігінің жылжымалы командалық пункті қатысып, әскерлерді басқаруды сауатты үйлестіре білді», дейді.
Айтса айтқандай, әскери бөлімде жауынгерлік оқу жылының әр кезеңінде толық құрамда қосалқы ауданға әскери техникамен марш жасап, далалық командалық пункті өрістету жауынгерлік даярлық шеңберінде өткізіліп тұрады. Онда Қорғаныс министрлігінің далалық командалық пунктін, оның әзірлігі мен мүмкіндіктері тексеріліп, жедел топтардың жұмысы бағаланады.
Сондай-ақ Орталық Азия өңірінде теңдесі жоқ бұл штабтық машиналардың төрт модульді кешені Қазақстан армиясының сапына 2012 жылы келіп түскенін атап өткен жөн.
Ал автомобильдер маршын орындаудағы негізгі міндеттердің бірі әскери қызметшілердің әскери техника жүргізу дағдысын жетілдіру болады.
Бұдан өзге бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы Қорғаныс министрлігін, сондай-ақ Ақмола өңірлік гарнизонына қарасты бірқатар әскери бөлімді киім-кешек, азық-түлік үлесімен қамтамасыз етіп отырады.
– Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы мен құрылымдық бөлімше басшыларын қызметтік көлікпен қамтамасыз ету біздің бөлімнің міндетіне кіреді, – дейді подполковник Максим Каральный. – Елімізге іссапармен келетін шетелдік әскери делегацияны алып жүретін көліктер халықаралық деңгейдегі бірнеше іс-шараларға қатысты. Жеке құрамның еңбегі Қорғаныс министрлігінің басшылығы тарапынан да, меймандар тарапынан үнемі жоғары баға алып, көтермеленіп келеді.
Мемлекеттік мерекелердің құрметіне өткізілетін әскери шерулерге 83205 әскери бөлімінің автокөлік техникалары да қатысып жүргенін білеміз. Оның ішінде парадтық кабриолет көліктеріне арнайы тоқталып өткен жөн. Алматы мен Астана жұртшылығына 2000 жылдардың басына дейінгі өткен әскери шерулерден Газ «Чайка» парадтық кабриолеттері таныс болуы мүмкін. Бұл көліктерді бүгінде негізінен Орталық Азия әскери округінен мұра болып қалған деуге болады. Қазір оның біреуі Қарулы Күштердің әскери-тарихи музейіндегі жәдігерлер қатарын толықтырып тұрса, енді бірін 83205 әскери бөлімінің автопаркінен көруге болады. Соңғы жылдардағы шерулерден жаңа екі «Линкольн» парадтық кабриолетін көріп жүрміз.
Сонымен бірге күнделікті қызметте қолданылатын Қарулы Күштердің мөрлері мен мөртаңбалары да қамтамасыз ету бөлімінде әзірленетінін біле жүрген жөн. 83205 әскери бөлімінің баспаханасы нормативтік-құқықтық актілерді, жалпыәскери жарғыларды басып шығарып, Қарулы Күштерді толық қамтамасыз етіп отыр.
Ұжымда әскери тәртіпті нығайту, оң моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мен қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Жағымды психологиялық ахуал жетістікке жетудің тиімді тәсілі деп білетін жеке құрамның ұраны – «Жеткіземіз, жеңеміз!» Бұл – өзіне сенімділіктің белгісі болса керек.
Мұхарбек МАХАМБЕТ,
әскери журналист