Аймақтар • 30 Қаңтар, 2023

Қайратты ерге бақ тұрар

270 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1958 жылы Панфилов ауданындағы Гвардия кеңшарына сонау АҚШ-тан асыл тұқымды, қызылкүрең түсті «Санта-Гертруда» сырының 200 басы жеткізілді. Аталған кеңшардың ең озат, ең тәжірибелі малшылары Нұрғали Мұқанов, Тұрсын Нұрғалиев, Рамазан Әкімбеков, Балабек Қалиевке сол асыл тұқым малдарды табын-табын етіп бөліп, бердітіп. Дәл сол жылдары бұл сырлардың құлағына сырға, құлағының ішіне арнайы аспаппен өшпейтін көк сиямен нөмірлер сіңдірілді. Мұндай тәсілмен нөмірлеу бұл өңірде бұдан бұрын болмаған еді.

Қайратты ерге бақ тұрар

Сонымен қатар малшыларға арнайы мал мамандары бекітіліп, осы малдарды жайлауда, қыстауда, көктеуде қалай бағу керек екені қадағаланып, түрлі мал індетіне қарсы дәрілеу пысықталып, күйлеген сиырлар мен құнажындарды техник-ұрықтандырушылар арнайы аспаппен қолдан сапалы ұрықтандырып отырды. Бұл жұмысты жүргізді ғылыми жолға көшірді. Еңбек пен ғылым шынайы үйлесім тапқанда ғана нәтижелі жетістіктің болатынын мал мамандары мен басшылар сол жылдары-ақ нақты білді. Осылай айналасы төрт жылда төрт малшы баққан төрт табын «Санта-Гертруда» сыырлары бұзауларымен алты табын болып, жалпы саны 340 басқа жетті.

Аттары аталған төрт бақташы малшылардың аудандық, облыстық, республикиқ жиналыстарына құрметпен шақырылып, жарыс жеңімпазы деп танылып, сый-сияпаттар мен орден-медальдар тағылды. «Жақсының артында із қалады» деген осы ғой. Балабек қарияның ұлдары Бақыт пен Қайрат асыл тұқымды малды сол жылдардан бері үзіліссіз бағумен мектепте оқып жүргенде-ақ айналысты, күтіп-бағудың, өсірудің неше түрлі сырын жадыларында берік сақтап өсті. Қыстауы Панфилов ауданындағы Гвардия кеңшарының орталығы Айдарлы ауылы және ауыл маңындағы Дарбазақұм, Іле өзенінің жағасы болғандықтан да мұнда көбіне қамыс, шағыншөп, қамыс тұқымдас шөптер, жыңғыл, ши өседі. Құмдағы тораңғы, жиде, сексеуіліңіз тағы бар. Басқа да неше түрлі шөптері мен ағаштар ірі қараға, оның ішінде «Санта-Гертрудаға» өткен жарты ғасырдан аса уақыттан бері жайлы жайылым болып келеді. Арғы атасы жабай зебур бұқасы болғандықтан да, жер жағдайы да АҚШ-тың Техас штатымен ұқсастық болып, бұл ірі қара мұнда алғашқы жылдан-ақ жақсы жерсініп кеткен еді. Тіпті өздерін сонау зебурлар жайылып жүрген жайылымда жүргендей маңғаз да қамсыз сезінген екен.

Ет бағытында өсіріліп отырған бүгінгі «Санта-Гертруда» тұқымы 1940 жылы АҚШ-та бірнеше жыл­ғы ғылыми зерттеулерден кейін асыл тұқымды ірі қара малы ретінде қабылданған. Бұл «Санта-Гертру­да» тұқымы Америкада зебур бұқасы мен шортгор сиырын будандастыру арқылы алынған. Зебур бұқасы қатал табиғатқа өте тө­зімді болған. Сол ататегін бүгінгі «Санта-Гертруда» тұқымы сақ­тап қалған. Ал зебур бен бизон­ды шағылыстырып зубробизон сиы­ры алынған. «Санта-Гертруда» сиырында осы зубробизонның да айқын белгілері баршылық. Әсіресе мойнының қысқа әрі өте жуан болып, етті мойынға мол жинайтыны осыған дәлел. Өте қатал қыс болмаса, қосымша жемшөпті қажетсінбейді. Анау-мынау қысқа мойымайды. Өсіп тұрған жыныс қамысқа сескенбестен жарып кіріп, қамыс түбіндегі күлтеленген неше түрлі шөп пен майда қамысты аузымен орып жей береді.

Жайлауы – Қызылқия, Үшсу­дың құйғаны, Аяқсаз, Орбұлақ. Мұн­дағы қарағайлар мен аршалар көктем, жаз, күз айларында сонадай­дан менмұндалап жайқалып тұнып тұр. Іші толған сан түрлі аң мен құс. Осы жайылымдарда аталған асыл тұқымды сиырлар емін-еркін ештеңеден жасқанбай жайылуда. Жай сиырлар шыға алмайтын қия беттерге қорықпай батыл көтеріліп, шөптің неше түрін қарпып жеп, жылқыдай шөпті күрт-күрт шайнайды. Жайлаудың өзінде жайылымда жүрген бұл сиырлар тәулігіне 800 грамға дейін салмақ қосып жүр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Осы ірі қараның жүріс-тұрысынан жабайы зебурдың батылдығын көресіз. Сәл қауіпті сезсе болды, көздері шатынап шыға келеді. Тіпті адамның өзіне де тұра жүгіреді. Сақтанбасаң, адамды мерт қылатын шарт-шұрт мінезі бар. Қасқырға алдырмайды. Егер қақты-соқты ұрылар бір-екі бас «Санта-Гертруданы» табыннан бөліп алып, басқа жаққа айдаса, ол сиырлар жүрмейді. Жүйрік аттай зулап отырып қайтадан өз табынына қосылады. Мұндай сәтте жаяу адамның өзіне қарай мүйізін шайқалтып тұра жүгіреді.

Бақыттың «Санта-Гертруда» ірі қара малын алғаш мектепте оқып жүргенде әкесіне осы малды бағысқалы және өзінің бас малшы болғалы жарты ғасырдан асты. Осы жылдарда бұл малдың құбылмалы мінезінен бастап, қыры мен сырын, тұяқтары сыртылдап аяқасты жосып кететін қырын, қыстау мен жайлаудағы жайылымдарда қалай-қалай жайылатынын, қай бағытқа қарай тізіліп кетерін Қалиевтер әулеті өте жақсы біледі. Бұл да «мал баққанға бітеді» деген дана мақалға сайып тұр. Осы қызылкүрең сиырдың әлі жазылмаған талай-талай сырлары бар. Мал бордақылау алаңына қойып жемшөбін дұрыстап берсеңіз, тез семіреді. Әрқайсысы тәулігіне 1200 грамға дейін сал­мақ қосады. Еті бір май, бір ет, өте жұмсақ, жанға жұғымды. Сондықтан да бұл ірі қараның етін тұтынушылар бірден сатып алады. Әсіресе мейрамханалар мен асханалардан сұраныс жоғары. Ғалымдардың зерттеуінше, «Санта-Гертруда» етінде адам денсаулығын нығайтуға өте қажетті заттардың мол екені анықталған. Ал жай сиырлардың сүтінің майлылығы 3-3,2 пайызды құраса, «Санта-Гертруданың» сиырларының сүті­нің майлылығы 4,8 пайызды көрсетіп жүр. Сондықтан да сарымайы сап-сары реңді, дәмді болады, тіпті құрты мен сықпасының сыртына майы шымырлап шығып тұрады. Жесеңіз дәмі шіркін таң­да­йында қалады. Бал қымызды аңсағандай етін де, сүтін де, айранын да, құртын да, сықпасын да аңсап тұрасыз.

Ынтымағы жарасқан ағайынды екі отбасы жеке шаруашы­лы­ғын­да­­­­ғы мал басын жыл сайын мо­лай­­тып келеді. Табындағы мал­дарды ерекше күтіп бағатын бі­лік­ті де қайратты малшылар қысы-жазы уақытпен санаспай мал бағуда. Малшылардың айлық жала­қы­ла­рын өз уақытында беріп тұру­мен қатар, отбасыларына үнемі әлеу­меттік жағынан көмектесіп тұ­рады. Сыйластық пен сенім жарасқан жерде ырыс та, береке де ар­та түсетіні сөзсіз. Ағайынды Бақыт пен Қайрат және абысындар Гүлқадиша мен Гүлжамал, малшылар мен олардың отбасыларының ара­сындағы сыйластық пен жарас­тық үйлесін тапқан.

1994 жылы Қалиевтер кең­шар­дан бөлініп, жеке шаруа қожа­лы­ғын құрғанда бұзау, тайынша, сиырын қосқанда 60 бас ірі қарасы болса, бұл күнде бұл екі ағайындының біріккен жеке шаруа қожалығындағы асыл тұқымды «Санта-Гертруда» малының саны 420-дан асты. Б.Қалиевтен мал өсіру үшін сатып алушылардың малының саны 2 мыңнан асып кеткен. Бұған қоса, шаруа қожалықтағы жылқысы – 200-ге, асыл тұқымды қойы 1 200 басқа жетті. Еңбегінің нәтижелі болғаны – осы.

Ауданымыздың атын асқақ­та­ту­ға ағайынды Қалиевтердің жеке шаруа қожалығының қосып жатқан үлесі үлкен. Бақыт 1962 жылы Көк­тал ауылында дүниеге келген. Әкесі Балабек пен анасы Сәруар екеуі сол жылы «Санта-Гертруда» асыл тұқымды сиырын бағып жүріп, жазда Белжайлауда, қыста Іле өзені жағасындағы жайылымда қоныстады. Ары-бері көшіп жүріп, бесікте тербетіліп өскен Бақыт 1970 жылы Көктал кентіндегі Абай атындағы қазақ орта мектебінің бірінші сыныбына оқуға барып, 1980 жылы аталған мектепті жақсы дәрежеде аяқтап шығады. Алты жасынан бастап атқа мінген Бақыт әкесі Балабекке көмекші-малшы болып көмектесіп өсті.

Бірде әкесі Балабек қария мен анасы Сәруар екеуі көрші жай­лау­дағы достарының елуге толған тойы­­­на кетіп, табындағы бүкіл сиырды 15 жастағы Бақыттың қарауында қалдырды. Бақыт түскі шайын ішіп, бірер сағат демалып ала­­йын деп Үшсудың құйғанындағы алты қанатты үйлеріне келіп, үш сағаттай түсте тынығады. Содан атына міне салып, жайылымдағы сиырларына келгенінде қызыл бұқа бастап жүретін елудей «Санта-Гертруда» сиырлары табында жоқ болып шықты. Тамыз айының соңы еді. Жайлаудағы малдар қыстауға қаша бастаған кез болғандықтан Бақыт астындағы қаракер бесті атына қамшыны үсті-үстіне басты да қыстауға апаратын қара жолмен өздерінен он бес шақырым жердегі Аяқсазға суыт тартты. Әлгі өзінің табынынан бөлінген елудей асыл тұқымды «Санта-Гертруда» сиырларының іздері топырақ жолда сайрап жатты. Атпен бір сағат бойы шауып келген Бақыт Аяқсазға жеткенде қыстауға апаратын жолда дәу қызыл күрең бұқа бастаған сиырларына кезікті. Екі сағатта бұзауларымен санағанда елудей сиырды Үшсудың құйғанындағы өз табынына айдап жеткізді. Дәл осы кезде екі атқа мінген әкесі мен шешесі де тойдан келіп еді. Барлық жағдайды баласы Бақыттан естіп білген Балабек қария 15 жастағы Бақыттың мына ісіне дән риза болып: «Осы жермен 1856 жылы 30 шілдеде ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов өткен екен. Оны Шоқанның біздің үйдегі кітабынан оқығанмын. Шоқан басқан жерді басқан менің балам Бақытыма Шоқанның абыройы жұғысты болсын», деп дауыстап жіберіп еді.

Бақыттың баласы Жанібек Бақытұлы ауыл шаруашылығы уни­­вер­ситетінің мал дәрігері факуль­­тетін бітірген. Қазіргі кезде Бақыттың жеке шаруа қожалығында бас мал маманы болып қызмет атқарып жүр. Бақыттың жеке шаруа қожалығында екі «МТ3-82» тракторы, бір шөпті сығымдап байлайтын агригат, бір жүк тасымалдайтын трактор, екі трактор тіркемесі, жол және егістік жерлерді тегістейтін бір қуатты трактор бар. Шөп шабу, шөпті сығымдап байлау, жүгері ору тағы басқа да жұмыстарды осы техникалардың күшімен атқарып келеді.

Бұл ағайынды шаруақорлардың айналасына тигізген шарапаты мол. Атап айтқанда, тәжірибелі малшысы Нұрбол Сәрсенбаевқа Көктал кентінен тұрғын үй салып, сыйлады. Аудандағы Суан қорына екі жылқыны көмекке берді. Сарпылдақ, Айдарлы, Дарбазақұм ауылдарындағы үйлерді салуға көмек көрсетті. Көктал кентіндегі үлкен мешітті тұрғызуға ақшалай көмек берді. «Қайратты ерге бақ тұрар, қатты жерге қақ тұрар» дегендей, Қалиевтердің халыққа тигізер қайыр-шарапаты мұнымен таусылмайтыны анық.

 

Садық ЖҰМАБАЙ,

Журналистер одағының мүшесі