Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Өскемендік ғалымдар жаңа жобаны қолға алды

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендік ғалымдар егіс алқабын кеңейтпей-ақ күнбағыстың өнімділігін 30% арттыруға мүмкіндік беретін бастаманы іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскемендік ғалымдар жаңа жобаны қолға алды

Отандық телеарнаның мәліметінше, жергілікті өнертапқыштар топыраққа сұйық тыңайтқыш себетін құрылғыны дамытып жатыр. Жоба Қостанай мен Қызылжардың агро-кәсіпорындарымен бірлесе қолға алынған.

Қазір ғылыми зертханада қарбалас. Цифрлы фрезерлі станоктың көмегімен ауыл шаруашылығы техникасының күрделі қосалқы бөлшектері әзірленіп жатыр.

Ғалымдардың мақсаты – құрылғының жұмыс істеу тиімділігін арттыру, тыңайтқышқа кететін шығынды азайту. Өскемендік ғалым Бағдат Азаматовтың ұстанымы осындай. Ол қазір әріптестерімен бірге жаңа құрылғыны әзірлеу үстінде. «Өңірдің ерекшелігі ескерілуі керек. Материал берік әрі төзімді болуы қажет. Сондықтан қосалқы бөлшектердің көпшілігін жаңадан саламыз», дейді өнертапқыш.   

Бірлескен жобаға шетелдік қаржы ұйымдары 300 млн теңге грант беріпті. Фермерлер бұл қаржының ақталатынына сенімді.

Жоба сәтімен жүзеге асса, өңірдегі күнбағыстың өнімділігі 30% артады. Ал тазартылмаған күнбағыс майы өндірісінің 80% астамының Шығыс Қазақстан облысына тиесілі екені мәлім. Сондықтан әр гектар жерді тиімді пайдалануға тура келеді.

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ