Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаковтың, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталығының жетекшісі, Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасованың, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Этносаралық және діни толеранттылық мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметовтің қатысуымен брифинг өтті.
«Қазіргі күні әлем екі жол ұстануда, оның бірі – жаһандық интеграциялануға ұмтылу», деп сөзін бастаған А.Башмаков әрі қарай оны таратып әкетті. Соңғы 15 жылдың ішінде жаһандық интеграция қанатын жая түсті. Ол дүниежүзіндегі барлық дерлік мемлекеттердің экономикасына дендеп еніп, күллі саланы, технологияларды қамтып отыр. Мысал ретінде Еуропалық одақты келтіруге болады. Бүгінгі күні әлемде 50-ге тарта осындай ұйым бар. Және бұрын ұйқылы-ояу жатқан елдердің өзі бүгін интеграцияның қажеттігін ұғынып, соған ұмтылу үстінде. Мен мұндай қадамдардың дұрыстығына күмән келтірмеймін. Тек, әр елде интеграцияға деген түсінік әртүрлі екені де рас. Мәселен, экономикасы барлық жағынан алға кеткен Жапония дүниетанымдық көзқарас, мәдениет, тіл, ұлт бітімі мен болмысын сақтау мәселелерінде өте сақтық танытуда. Сол себептен де олар жаһандық интеграциялану үдерісіне кірігіп кетпейді, деген ойын ортаға салды.
Ал екінші жолдың жаһандық интеграцияланған әлем ішінде, яғни аймақтық интеграция түрінде жүріп жатқанына тоқталды. «29 мамырда Астанада құрылған Еуразиялық экономикалық одақ–аймақтық интеграция үдерісінің көрінісі. Мен бұл үрдістен біріктіруші үш құрамды көремін. Оның алғашқысы, әрине, экономикалық интеграция. Үдеріс жүрудің басты мақсаты да сол. Қайталап айтайын, бұл ешқандай саяси, не әскери одақ емес, тек экономикалық тұрғыдан бас біріктіру. 1000 беттен асатын, Мемлекет басшылары қол қойған шартта бір де бір ел өзінің саяси бостандығын немесе мемлекетінің тәуелсіздігін жоғалтпайды, деп жазылған. Екіншісі, – мәдени басымдық және біздің елдеріміздің тарихы мен рухани адамгершілік қалыптарының, еуразиялық ділінің ортақтығында жатыр», деген А.Башмаковтан кейін сөз алған профессор Әділ Ахметов әңгімесін былай тұздықтады.
«Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қойылды, экономикалық прагматизм айқын көрініп тұр. Елдің егемендігіне ешқандай қауіп жоқ, ол тек бізге ғана емес одақ мүшелері – басқа мемлекеттер үшін де солай, күдік сейілді. Енді әрі қарай не істейміз? Экономикалық одақ қарапайым халыққа не береді? Мен бұл сұраққа оп-оңай жауап берер едім. Мұны өмірмен байланыстырып айтайық. Кеше Бурабайда Президенттің қатысуымен Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Осы отырыстан не түйдіңіздер? Мысалы, Қазақстанның көпвекторлы саясаты өзгерді ме? Еліміздің көпвекторлы саясаты мен сындарлы ішкі саясаты әрі қарай жалғаса береді. Өткенде Астанада 10 мың адам қатысқан экономикалық форум болды және ол жыл сайын өткізіледі, дәл сол кезде Ресейде де сондай форум өтті. Көптеген келісімдерге қол қойылды. Ресей де өзінің көпвекторлы саясатын жүргізіп жатыр. Бүгін ақпарат құралдарынан Беларусьтің Африкамен, Қытаймен байланыс орнатып жатқанын оқыдым. Бұл дегеніміз, қол қойылған тарихи құжаттың біздің екіжақты, көпжақты байланыстарымызға ешқандай кері әсерінің жоқ екенін көрсетеді».
Осылай деген Ә.Ахметов бұрын біздің тұтынушыларымыз 17 млн. болса, енді ауқымымыз ұлғайып, 170 млн. адамға өнім шығаруымызға болатынын атап көрсетті. Қазақстанның инвестициялық климаты өте қолайлы, кеше ғана Президент шетел инвесторлары кеңесінің мүшелеріне керемет жаңалық жеткізді, бізге инвестиция әкеліп жатқан 10 елдің азаматтарына Қазақстан жеріне визасыз келулеріне рұқсат берілетінін айтты. Оның ішінде АҚШ, Италия, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия сияқты мемлекеттер бар. Ол не деген сөз? Мысалы бізде салыққа деген жеңілдіктер бар, мүлікке салықтар жеңілдеуде, ал қай жерде осындай тартымдылық болса, сол жерге инвесторлардың да қызығушылығы арта түседі. ЕАЭО арқылы біз елімізге қаржы құюды молайтамыз. Неғұрлым қаражат көбейіп, бірлескен кәсіпорындар ашылып, халыққа жұмыс табылып жатса және осында әлемдік стандартқа сәйкес тауарлар шығарылса, біздің экономикалық әлеуетіміз арта түседі. Сіздердің міндеттеріңіз – осы жағдайларды халыққа дұрыс түсіндіре білу, деді байыпты ойын қарапайым тілмен түсіндіре білген ғалым.
Брифингке енді бір қатысушы әлеуметтанушы ғалым Айгүл Сәдуақасова журналистер назарына әлеуметтік сауалдамада жинақталған ойларды ұсынды. «Өткен жылы ҚХА мен Мәдениет және ақпарат министрлігі екіжақты зерттеу жүргізді. Шекара маңында қоныс тепкен Қазақстан мен Ресей азаматтарына бірдей мазмұнда сауалдар қойылды: «Бір-бірлеріңізбен қарым-қатынастарыңыз қандай?» – деген. Бұл сауалға олар: «Қарым-қатынастармыз өте тығыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр», – деген тұрғыда жауаптар берген. Осындай мысалдың өзі біздің интеграциялық үдерісіміздің алға жүретінін көрсетеді», – деді.
Брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».