Ауыл • 30 Қаңтар, 2023

Абыройлы Ағзам ақсақал

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды аймағында ішімдік сатпайтын әрі татпайтын ауыл Тікенекті деген ауыл бар. Нұра ауданына қарасты бұл Тікенектінің екі жылда бірде-бір қылмыс жасамаған үлгілі ауыл екенін жазғанбыз. Мұның өзі елең еткізетіндей жаңалық еді. Енді трактордың құлағында ойнаған 84 жастағы ақсақалы ауылды қардан аршып, жұрт аузында жүр. Бұл – ғұмыры егін алқабында өткен, нәпақасын маңдай терімен тапқан қария.

Абыройлы Ағзам ақсақал

Ерікті түрде осындай сауапты іс атқарған ақсақалдың сойы – Минниагзам Авлияров. Минниагзам ақсақалды ел іші «Сарыөзеннің супермені» десе, ауылдастары «Ағзам аға» дейді екен. Башқұртстанда дүниеге келген. Бірақ тың игеру жылдары Қазақстанға қоныс аударыпты. Содан осында сіңіп кетсе керек. Көп жыл ауылда механизатор болған. Бес баласының бәрі – ұя мен қияда. Ауылдастарының айтуынша, Ағзам ақсақал қыс түсе «шынжыр табанын» тақымынан босатпайтын көрінеді. Ауыл ішіндегі қармен күреске бі­лек сыбана кіріседі екен. Көктемде арықтарды, су арнасын тазалайды. Бөгеттердің бұзылып кетпеуін қадағалайды. Жазда бел жазбай шөп шабады. Ал қыста қар күрейді.

– Қазақстанға 1958 жылы 19 жасымда тың жерлерді игеруге келдім. 1961 жылы осында жіберді. Ол кезде мына жерлер қу дала болатын. Кеңшар құрылысына қатыстым. Содан бері мен осында тұрамын. Тікенекті – бұл менің Отаным. Мен ауылдастарыма шын жүректен көмектесемін. Алла тағала маған күш бергендіктен, мен адамдарға көмектесуім керек деп санаймын. Сонымен қатар қазір біздің ауылда көбіне қарттар ғана қалды. Ауылымызды қар басып қалғанда оларға жүріп-тұру қиын, – дейді ақсақал.

Бүтін ауыл төбесіне көтеріп құрмет көрсетеді. Бір жыл емес, аттай қырық жыл бойы ауылдастарына жақсылық жасаудан жалықпаған ақсақалға ауыл жұрты дән риза.

– Ағзам ақсақалды бәріміз құр­мет­тейміз. Ол кісі жергілікті халыққа қырық жыл бойы көмектесіп келеді. Оның шағын шаруа қожалығы бар. Қыста қар тазалайды, жазда жергілікті тұрғындарға шөп жинауға көмектеседі. Биыл қоныс аудару бағдарламасы бойынша Павлодар облысынан осында көшіп келетін отбасына көмек көрсетуге дайын. Келетін отбасы – көпбалалы. Оларға шаруа қожалықтарының басқа басшылары да көмек көрсетеді. Ал ақсақалға зор денсаулық тілейміз. Дәл осындай адамдар біздің жастарымызға үлгі, – дейді Сарыөзен ауылдық округі әкімі Ерлан Оспанов.

 

Қарағанды облысы