Аймақтар • 31 Қаңтар, 2023

Орал қаласындағы мектепте өрт шықты

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаңтардың 30-нан 31-іне қараған түні№28 мектеп-лицейінде өрт шықты. Алдын ала себеп - сыныптағы электр қалқанының қысқа тұйықталуы. Түтінді жоюға әрекеттенген мектеп күзетшісі көмірқышқыл газынан уланып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орал қаласындағы мектепте өрт шықты

Бүгінде ғимараттың бір бөлігі тоқсызданды. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт аумағы 15 шаршы метрді құраған. Мамандар өрттің нақты себебін анықтап жатыр. 

«Маған мектепте өрт шыққаны туралы түнде хабарланды. Сағат 00:30-да мен сонда болдым. Әзірге шығын көлемін айта алмаймыз. Бұрын электр сымдарына қатысты мәселе туындамаған, төтенше жағдайлар мамандары үнемі келіп, тексеретін. Ғимарат 1992 жылы салынған. Біздің оқушылар бүгін қашықтан оқытуға көшті, мұғалімдер де үйден жұмыс істейді. Ертең әдеттегідей оқимыз деп үміттенеміз. Бізде 5-11 сынып аралығындағы 525 бала оқиды», дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Әлия Дүйсігалиева.

Есінен танған күзетшіні жедел жәрдем алып кеткен. 64 жастағы ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған көмірқышқыл газынан ауыр улану диагнозын қойды, оның жағдайы өте ауыр.

Оқиға орнында 50-ден астам өрт сөндіруші жұмыс істеді. Өрт сағат 00:40-та сөндірілді.