Президент • 31 Қаңтар, 2023

Мардымсыз құрылыс бастаған лауазым иелері жемқорлық бойынша жауапқа тартылады

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мардымсыз құрылыс бастаған лауазым иелері жемқорлық бойынша жауапқа тартылады

«Біз қаланың келбетін сақтап қалуымыз керек. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды», деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшының айтуынша, қазір елордада салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп.

- «Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс», - деп қосты ел Президенті.

Кеңес отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар көбейіп кеткенін де сөз етті.

«Жарнаманың барлығы талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады. Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын-үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.