Спорт • 01 Ақпан, 2023

Cәтсіздіктен де сабақ алған жөн – Арман Әшімов

364 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Бесағаш елді мекенінің тұрғыны Арман Әші­мовтің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол ауылды жерде жаттығып-ақ, кикбокстан әлем кубогінің иегері және Еуропа чемпионы атанды. Жекпе-жек, ММА және джиу-джитсудан ел біріншілігінде топ жарып, спорт шебері нормативін орындады. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Кейінгі 10 жылда аралас жекпе-жекпен шұғылданып, көптеген дүбірлі додада дараланып жүр. Арман өмірде өте позитивті. Айқас алаңында да дәл солай. Жеңсе де, жеңілсе де көңілді жүреді. Күні кеше ғана сол спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Cәтсіздіктен де сабақ  алған жөн  – Арман Әшімов

– Арман, әзірге сенде бірде-бір бе­делді нұсқаның чем­пион­дық бел­беуі жоқ. Соған қара­мастан жан­күйер­лердің саған деген ықыласы ай­рық­ша. Ел арасындағы беделің, тіпті Ре­сейдің М-1 мен АСА, Син­га­пурдың ON FC, Қазақ­стан­ның Октагон, Найза, Алаш Прайд және тағы басқа промо­ушен­дерінің алтын белбеуін иеленген спортшылардан артық бол­маса, еш кем емес. Соның сы­ры неде?

– Тым асыра мақтап жібердіңіз-ау, тіпті қапелімде не деп жауап берерімді білмей тұрмын. Ме­нің ойымша, бар­лық мәселе шы­найылық пен қарапайым­ды­лықта шығар. Мен көпшілік алдында өзімді қалай ұстасам, күнделікті тіршілікте де сондаймын. Үй­де де, жора-жолдастарымның арасында да бірқалыпты жүремін. Еш­уақытта асып-тасыған емеспін. Бол­мысымда еш жасан­ды­лық жоқ. Бәл­кім, халық сол үшін де құр­меттейтін шығар.

– Бұрындары сен басқа да спорт түрлерінде тәп-тәуір та­бысқа жетіп жүр­дің. Бірақ аяқ­ас­тынан аралас жек­­пе-жекпен айналысуыңа не түрткі болды?

– Барлығы да кездейсоқ болды. Бірде Аслан деген жолдас жігіт осындай спорт түрі барын айтып, мені қаты­суға үгіттеді. Сөз арасында «Ол жерде сенің мұрныңды бет қылады. Порша-поршаңды шығарады. Әй, сен оған шы­дай алмайсың-ау» деп келемеждегендей болды. Оның бұл сөзі менің намысыма тиді. Содан не болса да ба­ғымды сынап көрейін дедім. Бапкерлер мені алғашында Петропавлда өтетін ел кубогіне апарғысы келмеді. Аралас жекпе-жектен Алматы қала­сының пре­зидентіне кірген едім, ол кісі «Бос орын болса, көреміз» деп менсінбегендей сыңай танытты. Ақыры сәт келді. Өзім қаражат тауып, Петропавлға аттандым. Ол жерде үш кездесу өткіздім. Екі қар­сыласымды «қылғындыру» әдісі­мен ұтып, біреуін ұрып құлаттым. Сөйтіп, ел кубогін иелендім. Осы жарыс­тан кейін аралас жекпе-жектің басы-қасында жүрген азаматтардың маған деген көзқарасы күрт өзгерді. Міне, дәл сол кезден бері Нұрлан Аманқұлов пен Нұрлан Мамыралиев есімді бап­керлердің қол астында жаттығып жүр­мін.

– Сенің жүріп өткен жолың жан­күйерлердің көз алдында. Соққың мір­дің оғындай. Ұр­ғаныңды сұлатып саласың. Бірақ кейбір мамандар мен спорт­­шылардың айтуынша, се­нің грэпплингің нашар кө­рінеді. Соны­мен келісесің бе?

– Грэпплингім нашар деп жүр­ген адамдарды залға шақырып, менімен күрестіріп көріңіз. Сонда олар өз қате­ліктерін түсінеді.

– Аралас жекпе-жектен алғашқы жекпе-жегіңді 2014 жыл­дың күзінде Мұстафа Шаях­метовпен өткізіп, оны бірінші раундта айқын басым­дықпен ұт­тың. Алайда келесі кездесуде Ресей спорт­­шысы Вартан Аса­трян­ға есе жі­бер­дің. Сол кездесу есің­де ме?

– Ол кезде жаспын, тәжірибем де кемшін еді. Көп нәрсені біл­медік. Сөйт­сем, тәжірибесі әбден толысып, қарсы келгендерді қо­ғадай жапырып жүрген Аса­трян­нан көп спортшы қаша­ды екен. Мен аңғалдықпен келісімімді бердім. Енді шегінерге жол жоқ. Әу бас­та бес минуттан екі раунд күш сына­са­мыз деп келістік. Жарыс басталар тұста ұйымдастырушылар регламентке өзгеріс енгізді. Сөйтіп, екі емес, үш раунд жұды­рықтасатын болдық. Алғашында жап-жақсы айқастық. Алайда соңғы раундта «қыл­ғындыру» әдісіне түсіп қалдым.

– Сен 2017 жыл жарқ етіп көзге түстің. Шілденің шіліңгір ыстығында Ингу­шетияға сапар шегіп, М-1 Global про­­моушені ұйымдастырған жарыста еш­кімнен жеңілмеген Гаджи­му­рад Алиев­пен айқастың. Қар­сы­ласың ша­буылдағанда оны жақсы бір соқ­­қымен күтіп алып, кескен терек­тей сұла­тып сал­дың. Қап тауы бөк­те­рінде бар­­лық мәселені бір ғана соқ­қымен ше­шемін деп ойлаған жоқ шығарсың?

– 2017 жылдың 8 шілдесінде мен отбасын құрып, шаңырақ көтердім. Сол кезде ораза ұстап, Алладан алдағы уақытта жақсы бір жекпе-жек беруін сұрадым. Тілегім қабыл болып, 22 шілдеде Ингушетияға сапар шектім. Ора­заның да біткеніне бір-екі апта ғана болған. Бар-жоғы 10 күн­дей дайын­далдым. Сол кезде рес­публикалық ММА президенті Анатолий Ким менің бапкеріме «Арман жарысқа дайын емес екен ғой. Ертең масқара болып ұтылып, бізді жерге қаратып жүрмесін» деп айтқан екен. Ол кезде Алиевтің даңқы дүркіреп тұрған. Жанкүйерлер мені оған қарсылық көрсете алмайды деп ойлады. Содан жарыс басталды. Екінші раундта Гаджимурадты ауыр нокаутқа жібердім. Сол кездегі Алиевтің жақтастарының түрі мен бет-әлпетін көрсеңіздер...

– Дағыстан мен Ингушетия «ауылы аралас, қойы қоралас» бауырлас халық қой. Осы жарыс­та жергілікті жан­күйерлер Алиевке ба­рынша қолдау көрсеткен болар...

– Керісінше, жанкүйерлердің дені мені қолдады. Себебін кейін білдім. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Сталиннің репрессиясы кезінде көптеген Кавказ халқы секілді, ингуштардың да Қазақстаннан пана тапқаны белгілі. Соны олар ұмытпаған екен. Жарыс аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар дастарқан жайды. Сол кезде Ингушетия президенті Юнисбек Евкуровпен дас­тарқан басында қатар отырдық. Ол кісі «Ингуш халқы қазақтарға мәңгі қарыздар. Егер сіздер бол­мағанда, біз қырылып қалатын едік. Сондықтан мен Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп санаймын», деп ағынан жарылды.

– Сол жылдың күзінде Мәс­кеуде бра­зилиялық Эрвани Родриго Сер­ра Мелони және 2018 жыл­дың ақ­пан айында Санкт-Петер­борда фин­лян­диялық Ми­каэль Силандермен күш сынас­тың. Осы жекпе-жектер қалай өр­біді?

– Бразилия спортшысының функ­ционалдық дайындығы өте күшті екен. Бірақ мен оны бірінші раундта ұрып жықтым. Фин­ляндияның файтері екі раунд­қа ғана шыдады. Микаэль Силандерді жеңгеннен кейін M-1 Challenge нұсқасы бойынша уақытша чемпион атағын иелендім.

– 2018 жылдың мамыр айында украиналық Александр Доскаль­чук­ты жеңгеніңде М-1 ұйымының то­лыққанды чемпионы атанатын едің. Өкінішке қарай, бұл бәсекеде жеңіліс таптың. Шешуші жекпе-жекте саған не жетпеді деп ойлайсың?

– Ол бәсекеде қолымды сындырып алдым. Соның салдарынан алтын белбеу маған бұйырмады. Бірақ мен оған аса қынжыла қойған жоқпын. Кейбір спортшылардың сәтсіз өнер көр­сеткеннен кейін сары уайымға салынатынын көріп жүр­міз ғой. Мен ондайлардың қата­рынан емеспін. Әр жекпе-жекке кәдімгі жұмыс ретінде қарай­мын. Жеңілген сайын өкініп, жылағаннан не пайда? Онда алға бас­паймыз ғой. Жеңілістің де өз пайдасы бар. Жеке өз басым сол сәтсіздіктен сабақ алдым. Бұл – спорт, бұл жерде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Соны қаперіме мықтап түйдім.

– Сенің жалаң қолмен жұды­рық­тасқаныңды да көрдік. Украинаның бас шаһары – Киевте жергілікті бокс­шы, сол елдің чемпионы Тимур Беляк­­ты ауыр нокаутқа жібердің. Сол ай­қас қалай өрбіді?

– Негізі мен Киевте басқа бір спортшымен күш сынасуым керек еді. Бірақ менің жекпе-жектерімді көргеннен кейін ол түрлі сылтауды желеу етіп, айқасқа шығудан бас тартты. Содан Тимур Белякпен шығарды. Бірінші раундта оны нокдаунға жібердім. Ал үзіліс­тен кейін Беляк жеңілгенін мойын­дауға мәжбүр болды.

– Ал сол Беляктың 2015 жылы Дохада өткен әлем чем­пио­натына қатысып, ши­рек финал­ға дейін жет­кенін, сол межеде Ку­баның даңқты боксшысы, Олим­пия ойын­дарының үш дүр­кін қола жүлдегері, әлем­нің үш дүр­­кін чемпионы, Пана­мерика ойындарының екі дүр­кін же­ңімпазы Ласаро Аль­­варестен ұпай са­нымен ғана ұтыл­ғаны жайында біле­тін бе едің?

– Тимурдың мықты боксшы, ха­лықаралық дәрежедегі спорт ше­бері екенін білдім. Алайда атағы алыс­қа жайылған Альвареспен жұды­рық­тас­қаны жайында сізден естіп отырмын.

– Жалаң қолмен жұдырық­тасуға екінің бірінің жүрегі даулай бермейді. Ол жерде қатты жарақат алып, тіпті мер­тігіп қа­луың да мүмкін ғой. Осы жағ­дай сені ойландырған жоқ па?

– Қорқатын, қаймығатын түгі жоқ. Бұл да кәдімгі төбелес. Жекпе-жектің басқа да түрлерінде жарақат алу қаупі бар. Мәселен, өзім түрлі бәсеке бары­сында қолымды 12 рет сындырдым. Одан басқа да жарақаттарым жетер­лік. Бірақ ешбір сәтсіздік менің са­ғымды сындырып, жігерімді жа­сыта алған жоқ. Ең бастысы, осы.

– Киевтегі жарыстан кейін лайық­ты гонорар алдың ба?

– 16 мың АҚШ долларын қал­тама бастым.

– Аралас жекпе-жекті серік еткен әр спортшының арманы UFC-де өнер көрсету ғой. Әлемнің ең белді промоушенінде күш сынасу сенің де асқақ арманың шығар?

– Бұйрық болса, UFC-де де өнер көрсетеміз. Жуық арада жақсы бір жаңалық болып жатса, өздеріңізге бірінші болып хабарлаймын.

– Жекпе-жектен өтетін жа­рыс­тар­дың барлығында Мұс­тафа Өзтүрік деген лақап атпен шығып жүрсің. Қа­зақ таэквон­досының атасы саналатын аб­зал азаматтың есімін таңдауыңа не себеп болды?

– Аралас жекпе-жекті енді бастап жүргенімде бәзбіреулер сыр­тымнан «Гладиатор» деген лақап ат тағып жі­беріпті. Оған мен келіспедім. Өйткені гладиа­торлардың қазақтарға түк қа­тысы жоқ. Содан өзімнің ағам, ұзақ жылдар бойы мені қолдап, демеуші болып жүрген Қайыр Мейір­бекке келіп, осы мәселе бо­йынша ақылдастым. Ол кісі менің октагонға Мұстафа Өзтүрік деген лақап атпен шыққанымды жөн көрді. Қайыр ағамның бұл ұсы­нысын мен қуана-қуана қабыл алдым.

– Сен бұған дейін де бірнеше спорт түрімен шұғылданған екен­сің. Солар­дың бірде-біреуі Олим­пиа­да бағ­­дарламасына енбеген. Яғни олар мем­­лекет тарапынан қар­жы­лан­­ды­рылмайды. Сол себепті де оқу-жат­тығу жи­ын­дарына қатысып, жа­рыс­­­тарға шығу үшін демеушілердің кө­­ме­гіне жүгінуге тура келеді. Ал са­ған нақ­ты кімдер қолдау көрсетті?

– Аллаға шүкір, қазақта Атымтай жомарт азаматтар аз емес. Мені жоғарыда айтқан Қайыр Мейірбектен бөлек, Бауыржан Ос­панов, Айбек Барыс, Асхат Боранғазиев, Қайыр Тополов, Ербол Әбдірайымов, Болат Аманбаев сынды ағаларым үнемі қолдап келеді.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»