Аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан, ешқандай спорт секциясы, мәдениет ошағы жоқ шалғай ауылды бүгінде Елдос Зұлпан берісі елге, әрісі Азияға танытып үлгерді. Алдағы уақытта – әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Яғни әлем спортшылары «азаматына қарап, ауылын танитын» болады.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Еңбекші ауылдық округінде туып-өскен Елдос Үсенұлы түске дейін мектепте болса, күн батқанша ата-анасына көмектесіп үй шаруасымен айналысады. Одан кейін аудан орталығына жаттығуға барады. Алдымен ол еркін күрестің әліппесін меңгерді. Алғашқы бапкері Бахтиер Ермановтың: «Күніге спортзалға келіп, біреуді жығуды ғана үйренбей, жан-жақты болыңдар, әдеби кітаптар оқыңдар, мектепте тәртіпті болыңдар, шешен сөйлей біліңдер. Қазіргі технологияны үйреніңдер. Ертең атақты спортшы болып, түрлі мемлекеттерге жарысқа барсаңдар қажет болады», деген сөздерін ұмытқан емес.
Спорттағы алғашқы екі жылын Е.Зұлпан физикалық дайындығына, күрес әдістерін меңгеруге арнады. Алғаш рет еркін күрестен облыстық чемпионатта бақ сынап, екінші орынды иеленді. Осы алғашқы жетістігінен кейін аудан орталығы Мырзакентте жаңадан ашылған панкратион және грэпплинг спортына ауысты. Бұл спорттың жекпе-жек түрлерінен Нұржан Қарабаев жаттықтырып келеді. Шәкіртінің жекпе-жекке деген талабын, бойындағы қабілетін байқаған бапкері облыстық, республикалық, халықаралық додаларға жиі қосып жүр. Нәтижесінде, Елдос Үсенұлы 85 кило салмақ дәрежесінде панкратионнан және грэпплингтен 2003-2004 және 2005-2006 жылдары туған спортшылар арасында облыстық чемпионаттарда, турнирлерде 12 рет топ жарып үлгерді. Былтыр сәуірде панкратионнан өткізілген Қазақстан чемпионатында 4 қарсыласын түрлі әдіспен жеңіп, ел чемпионы атанды. Ал тамыз айында Астанада өткен грэпплингтен Азия чемпионатында еліміздің Көк байрағын көтеріп, чемпион атанды.
Осындай жетістіктерге жеткізген бапкерлеріне ризашылығын білдірген Елдос ережесіз жекпе-жектен еліміздің абыройын асқақтатқан Д.Дүнгенбаев, А.Назаров, Е.Естанов, Ш.Рахмонов, Қ.Ахметов, А.Әшімов сынды ағаларының жеңісті жолдарын жалғастырып, қазақтың жауынгер халық екенін дәлелдей түскісі келетінін айтады. «Елімізде ережесіз жекпе-жек өнері жылдан-жылға қанат жайып дамып келеді. Жалпы, спортта мейлі ол жаңа бастаған әуесқой немесе кәсіпқой спортшы болсын өзінің әр кездесуіне өте жоғары деңгейде дайындық жасауы керектігі мәлім. Мынаны жеңемін деп өркөкіректеніп шықсаң, ертеңгі күні ұтылып қалуың мүмкін. Қарсыласты сыйлау керек. Оның өзін ғана емес, елінің тарихын да зерттеп білу арқылы әр кездесу сайын дүниетанымыңды да кеңейтіп отыру қажет», дейді 16 жастағы спортшы Е.Зұлпан.
Айта кетелік, жас спортшы 2022 жыл қорытындысы бойынша «Ауданның ең үздік спортшысы» атанған болатын.
Түркістан облысы
Жібек Құламбаева Түркиядағы жарыста жеңімпаз атанды
Теннис • Кеше
ҰҚШҰ елдері кешенді оқу-жаттығу өткізеді
Оқиға • Кеше
Рим Папасы ауруханадан шығарылды
Әлем • Кеше
Ұқсас жаңалықтар