Әдебиет • 31 Қаңтар, 2023

Қыраудан жазылған хат

474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың Фаризасы: «Жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой» демесең, Мен саған ғашық емес ем», деп құснихат жазады. Шіркін, аруға тән мөлдірліктің осы екі жолға мөлт ете түскенін қараңызшы. Өлең қарашығына жас болып ұйыған Мария Цветаева болса, «Мне нравится, что Вы больны не мной…» деп дел-сал күйге түсіреді. Осы әнге айналған қос туын­дыны тыңдап отырып, өткенге қиыла қарайсыз…

Қыраудан жазылған хат

Иә, қиыла да қызыға да қа­рай­сыз, сосын әйелден ақын шық­қанын мысқылсыз мойын­дайсыз. Ол – Фариза, ол – Күләш, ол – Марфуға. Бұл тізімді қорық­пай соза беруге болады, көңіл төріне қонған бишісі мен күйшісі қаншама!? Жаныңызды жадыратады, сүріндіре сүйдіреді, кү­ңірентіп күлдіреді, жаңбыр ас­тында өр­тейді, жалын ішінде жауратады. Осы әсерді нотамен нұрландырған Алаштың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымов фаризалық мұңға кербездік құй­ғандай. «Мен саған ғашық емес ем». О, тоба мұн­ша өлең тәкаппар болар ма еді?!

Болады, неге болмасын?! Әйел затының әдемілігі мен тектілігіне тіреу болған тәтті тәкаппар се­зім?! Махаббатын мұсатыр шың­­­дардың биігінде әлдилеу, ар­ма­­­нын құс табаны баспайтын шыр­қау шоқыларға қондыру, қо­зы қиялын сұлулықтың шек­сіз шеңберінде қорығыштау. Сүй­сеңіз, осылай сүйіңіз, аруға тән асқақтықпен, асыл іңкәрлікті жалт-жұлт еткен дүниенің дүр­мегіне тұншықтырмай, ешкіммен таласпай, ессіздікке салынбай, есепсіз еркіндікпен… Дәл Фариза Оңғарсынова секілді.

Білесіз бе, осы сөзді Ма­ри­на Цветаеваға да қаратып айт­қымыз келеді. Ақынның шығар­машылығымен таныс бол­ма­саңыз да, кем дегенде бір шы­ғар­масынан бірнеше жолды кел­тіре алатыныңызға сенімдіміз. Әңгіме «Сіздің менімен ауырмай­тыныңыз ұнайды» өлеңі хақында. Біздің құрғақ аудармамыз тұпнұс­қадағыдай тартымды шықпаса, кешірім сұраймыз. Жаңа жыл бо­сағамыздан аттаған сайын қа­йыра көруден жалықпайтын бір фильм болса, ол – атақты «Тағдыр ирониясы немесе Жеңіл буыңызбен!» кинокартинасы. Комедиялық мелодраманың не­гізгі культі – Алла Пугачева орын­­­дайтын «Сіздің менімен ауыр­­­майтыныңыз ұнайды» әні.

Жалпы, бұл ғажайып шығар­маны әнге қондырған композитор Микаэл Таривердиев еді. Бұл туралы сәл кейінірек айтамыз, әуелі әйгілі шығарманың кімге ар­налғанын анықтап алайық. Әде­биет сыншылары мен оқыр­ман қауым әпкесі Анастасия Иван­қызы шығарманың сырын ашқанша тарихын іздеп әуреге түсті. Өлең 1915 жылы мамырда жарыққа шыққан. Әпкесінің екінші күйеуі Маврикий Минцке арналған екен.

Жас жазушы Анастасия мен инженер-химик Маврикий ортақ достары арқылы кездейсоқ кездес­кенде бірден әңгімелері жараса кетеді. Көп ұзамай қаламгердің сұлулығына сүйсінген еврей жі­гіт отау құруға ұсыныс жасайды. Бірақ ол көркіне бас иген Цве­таеваның соңғысы емес еді. Кейін қайын­әпкесі Марияның жырларын оқы­ғанда талантына таңғалып, аласапыран күйге түседі. Бұл толқуды қанша жасырғанымен 22 жасар ақын қыз анық аңғарады. Бірақ бәрі кеш еді. Цветаевтар отбасында қауесет желдей гулейді. Осыған жауап ретінде Мария «Мне нра­вится, что Вы больны не мной…» өлеңін жазып, өсек-аянға нүк­те қояды. Сіңлісінің күйеу жі­гітіне ғашықтығын мойын­даға­нымен, бұл оқиғаны әйелдік талғампаздықпен аяқтады.

Әйтсе де Анастасия мен Мав­рикий арасындағы неке екі жылға ғана созылды. Ақынның жыр кейіпкеріне айналған адам 1917 жылы 24 мамырда Мәскеуде жедел аппендицит ұстамасынан қай­тыс болды. Ал жесірі қайта тұр­мыс құрмады.

Ал фильмдегі саундтрекке келер болсақ, Микаэл Тари­вер­­диев пен Эльдар Рязанов ро­­манстарды орындау үшін бір­­неше әншіні сынап көреді. Бір­ақ ешқайсысы авторларды селт еткізбейді. Ақыры есімі елге енді таныла бастаған жас өнер­паз Алла Пугачеваны ша­қы­рады. Музыка бірден иесін табады. Композицияның хитке айналғаны сонша, әнді теле­сту­дия­­ларда жанды дауыста тың­дау үшін жиі шақырады. Сондай бағ­­дарламалардың бірінде Алла ән­ді ойдағыдай орындамайды. Бұл әрекет композитор екеуінің ара­сында үлкен кикілжің тудырады.

«Ол әнді ғашық адамның көзқарасымен жеткізді. Мен бас­­қаша болғанын қаладым, бір­ақ қателесіппін. Содан кейін Пу­гачева поп-мәдениетке толы­ғы­мен кірді, бірақ менің ойымша, ол Барбра Стрейзанд сияқ­ты басқа биіктегі жұлдызға айналуы мүмкін еді. Бірақ ол өз жолын таңдады. Оның пайдасын көргенін түсінемін. Со­ңында ұрысып қалғанымыз өкініш­ті, әрине», деп еске алады М.Та­ривердиев.

Ең ғажабы, бір жылдан кейін Сочидегі фестивальде Алла Пу­­га­чева композиторға ке­ліп: «Ми­каэль Леонович, сіз­дің ме­німен ауырмайтыныңыз ұнай­­ды», деп бұрылып кетіп қала­ды. Одан кейін екеуі мүлде жолық­пайды. Бәлкім жас әншінің тәтті тәкаппарлығын сазгер бағамдай алмаған болар, бәлкім ақынның тағдырын қай­талағысы келді ме екен, кім біл­сін?

Бұл әнді Пугачева секілді бабына келтіріп орындаған еш­кім жоқ. Оның үнінде құдды Мария Цветаеваның жүрегі сөй­­леп тұрғандай. Біз осы алапат әсерді «Мен саған ғашық емес ем» әнін шырқап жүрген Алуа Қосанованың даусынан да естідік. Арғы жағында жас Фа­риза жыр оқып тұрғандай. Қос өлең де қыраудан жазылған хат се­кілді, әне-міне еріп кететіндей қол тигізбейді.