Қазып, өңдеп дайындайтын емес, табиғаттың тікелей өз өнімдері – жел мен күн энергиясын пайдалану әлем елдерінде ерекше маңызға ие. Бірнеше мыңдаған жылдар бұрын айдындарда желкенді қайықтармен жүзу, шаруашылықта дақылдарды егу үшін қолданыла бастаған жел энергиясы мен қыздыру, қуаттандыру, жылу бөлу бағытындағы күн энергиясы өзінің экологиялық тиімділігі, экономикалық артықшылығы жағынан күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ, керісінше, жаңғыртпалы энергияға, жасыл экономикаға қол созып, баламалы энергия көздерін табуға қажеттілік туған заманда жетекші орынға шықты.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, енді бір 50 жылдан соң Жер бетіндегі тұрғындар саны қазіргіден екі есе артып, тиісінше адамзат тұтынатын қажеттіліктер де екі-үш есе көбейеді деген пікір айтады сарапшылар. Мұндай жағдайда шегі бар, сарқылатын байлықтардың түбі көрінуі бек мүмкін. Бұл жел мен күн, су энергиясы секілді сарқылмайтын энергия көздерін қолданысқа енгізуге алып келеді. Әлем қазірден-ақ осы қадамға бет бұруда.
Арзан электр энергиясын қолданысқа енгізуге бағытталған «Қазақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жел және күн күшімен өндірілетін электр энергиясына қол жеткізу жолдары қарастырылуда. Дүниежүзі бойынша жел жіктелімінің 23 түрі тұрақты кездесетін, географиялық орналасуы және өте қатты ауа ағынының бар болуы Қазақстанға мол жел энергиясын өндіру мүмкіндігін береді. Мәліметтерге көз жүгіртсек, еліміздің кейбір аудандарында желдің орташа жылдамдығы 6 м-с-ты құрайды, яғни Қазақстанның жел-энергетикалық әлеуеті жылына 929 млрд. квт/сағат құрайды. Ал Каспий теңізі жағалауындағы екпінді жел бұл мәселедегі Маңғыстау өңірінің де өзіндік сипатын қалыптастырады. Маңғыстаудағы жел жылдамдығы секундына 8,5-8,7 метр болады, тіпті кей жағдайларда желдің секундына 15-20 метрден астам жылдамдықпен жүйткитін сәттері болады екен. Мұндай мүмкіндік қазірдің өзінде бірнеше шетелдік компаниялардың қызығушылығын тудырып үлгерген. Осыдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен оның жанындағы «Су жүйесі» МКК тапсырысымен «Батыс-2008» ЖШС Түпқараған ауданының Қызылсығыра қыстағындағы малшы отбасы үшін күн сәулесінен энергия алатын панель мен жел электр стансасын пайдалануға берген болатын. ЭКСПО-2017 көрмесіне арналып қолға алынған жобаның жұмыстары толығымен аяқталмаса да, қазіргі таңда ол сорғы арқылы құдықтан су тартып, шопан отбасының тұрмыстық қажеттілігін өтеуге септігін тигізіп келеді. Алда әлі екінші кезеңнің жұмыстары тұр.
Маңғыстау облыстық энергетика басқармасының мәліметі бойынша, бұдан басқа «Инвест Грин» ЖШС Қарақия ауданының Құрық кентінде қуаты 150 МВт жел электр стансасының құрылысын салу жобасын қолға алған. Бөлінген 99,9 гектар жер теліміне геологиялық зерттеулер жүргізіліп, диірменнің қоршаған ортаға әсерін бағалау жұмыстары жүргізілуде. Ал Маңғыстау облысындағы энергияның жаңғыртылатын көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін 2009 жылы құрылған «South Wind Power» ЖШС компаниясы келер жылы-ақ Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы аумағында қуаты 42 МВт жел электр стансасын салу үшін жергілікті әкімдіктен 375 гектар жер телімін ұзақ уақытқа жалға алды. Жобаның қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмыстары жүргізілді, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық қызметтердің оң қорытындысы алынды. Компания басшылығы Германия, Дания, Оңтүстік Корея, Қытай (Goldwind) инвесторларымен жобаға қатысу мәселесі жөнінде келіссөздер жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізді. Ал Түпқараған ауданы аумағынан жер телімін алып, тағы бір жел электр стансасы жобасын қола алуға талаптанған компанияның бірі – «DMK KO» ЖШС. Қазіргі таңда әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, жұмысын оңтайлап жүрген компания өңірде жаңғыртылған энергия көздерін дамытуға өз үлесін қоспақ.
Академик П.Лазаревтің есебі бойынша, жел қуатын пайдалану арқылы жер жүзінде жылына көмір жағу арқылы алатын энергиядан 3000 есе көп энергия алуға болады. Ал, тағы бір деректер «Күн сәулесі арқылы жерге берілетін энергияның бір жылдық мөлшері бүкіл адамзаттың бір жылда пайдаланатын энергия мөлшерінен 15 мың есе артық» дегенді айтады.
Сол себепті жаңғыртылатын энергетиканы дамыту 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының «болашақ экономикасы» саласын қалыптастырудың басым бағыттарының бірі болып келеді. Оны жүзеге асыру, бар мүмкіндікті пайдалану өңірлердің алдына зор міндеттер мен қыруар жұмыстарды қойды. Бұл орайда өткен жылы Маңғыстау облысы әкімдігі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ арасында жаңғыртылатын энергия көздерін, яғни күн мен жел энергиясын дамыту бағытындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Осы келісім аясында қазір «Жеке энергия жүйелерінің ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС орталықтандырылған электр желісімен қамтылмаған Маңғыстау ауданының «Ханбекгүл» шаруа қожалығында күн батареяларын және жел электр стансаларын орнату жұмыстарын бастады. Қуаттылығы 15 кВт электр стансасы шалғайдағы шаруалар отбасы үшін жылу мен ток көздері мәселесін шешеді деп күтіледі.
Ал, экологиялық жағынан қауіптісі бар, қауіпсізі бар қатты қалдықтарды «қайда қоярын» білмей дал болу – бүгінгінің басы ашық проблемасы. Жылдар бойы ыдырамайтын, топыраққа сіңбейтін целлофан, өзге бұйымдар даланың сұрқын алған қоқыс қана емес, денсаулыққа зияндылығы жағынан да мәселе тудырып тұр. Әлем жұртшылығының қатты қалдықтарды залалсыздандыратын, өңдейтін, қайтадан кәдеге жарайтын бұйымдар жасап шығаратын жетістігіне таң болып келген еліміз бұл іске енді өзі де қадам басты. Бұған дейін қатты қалдықтарға арналған полигондары болғанмен оларды өңдеп, қажетке жарататын зауыт болмаған елімізде зауыт құрылысы алғаш рет Маңғыстау жерінде қолға алынбақ. Тұрғындар саны артқан өлкеде олардың тұтынуынан қалған, өзге де қажетсіз қалдықтар көлемі тұрақты ұлғайып келеді және оның экологиялық ахуалға әсері, санитарлық жағдайға зардабы жоқ емес. Сол себепті 2012 жылы Маңғыстау облысының әкімдігі, «Көктем» МКК, Еуропалық қайта құру және даму банкі үш жақты несиелік шартқа және Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Көктем» МКК «Ақтау қаласындағы қалдықтарды басқару» жобасы бойынша «Жобаға қолдау көрсету туралы» шартқа қол қойып, іргелі жобаны қолға алуға келісті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген жоба механика-геологиялық тазарту цехы, полигон және қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысы сынды көлемді үш құрылысты қамтиды. 6 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалады деп есептелген жобаға Еуропалық қайта құру және даму банкі мен оның жанындағы таза технологиялар қоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ гранты, сондай-ақ жергілікті бюджеттің қаражаты жұмсалады.
Қазіргі таңда полигон құрылысы үшін конкурс өтіп, үлкен жұмыстың жауапкершілігі алматылық «Kaspianconstrakshntrys» ЖШС-не жүктелді. Қалған екі құрылыстың тізгінін қолға алатын шеберлерді анықтау жұмысы өз кезегін күтуде.
Жоба мақсаты – экологиялық қалыптылықты сақтап, тұрғындарға саламатты өмір сыйлау. Ол үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды, өзге де қалдық түрлерін шірітіп, ашыту арқылы биогаз алып, одан «жасыл» электр энергиясын өндіру көзделген. Экономикалық тұрғыда тиімді деп есептелген бұл жоба органикалық қалдықтар, қағаз түрлері, әйнек, металл, пластик, текстиль, қауіпті қалдықтар мен электронды және электрлі, т.б. жабдықтарды қайта өңдеу арқылы жылына орта есеппен 55837,84 тонна өнімді залалсыздандырып, 32341,91 тонна органикалық қалдықтарды қайта өңдеп, 1.98 МВт/с электр энергиясын өндіруді межелеп отыр. Зауыттың өзінің қуаттылығы жылына 100-120 мың тоннаға жетеді деп күтілуде, пайдалану мерзімі 20 жылға жобаланған.
Алда әлемнің жаңалыққа құштар жұртшылығы құлағын түретін алып көрме тұр. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясындағы «жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасы бойынша өте өзекті, әрі керексіз деген қалдықтарды кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдегі алып кәсіпорындарды арзан электр энергиясымен қамтуды мақсат еткен «жасыл энергия» өндіретін бұл жоба Маңғыстаудан ЭКСПО көрмесіне жол тартуы да мүмкін. Өйткені, ТМД елдері арасында тұңғыш рет біздің елімізде тұсауы кесіледі деп күтілетін жоба өзгелер үшін көз тоқтатып қарап, үйренетін үрдіске айналуы ғажап емес. Қалдық пен одан туындайтын проблема, арзан электр энергиясын табу қай елдің болсын мақсаты.
Маңғыстаудың «жасыл экономика» бағытындағы бүгінгі бастамалары осал емес, ал болашақтағы мүмкіндік пен меже одан да зор болатыны сөзсіз. Кең даланы тербеген желдің қуаты мен әлдилеген күннің шуағы сарқылмасы анық...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.