17 Маусым, 2014

Патриот болу – азаматтық парыз

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Жоғары оқу орындарының еуропалық стандарт рейтингі» бойынша қазақстандық ЖОО ішінен жоғары бағаланған 5 білім ордасының бірі – Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті болашақ мамандарды халықаралық талап деңгейінде даярлаумен бірге тәрбие беру ісіне баса назар аударып келеді. Бұл маңызды буынның басты бағыты шын мәніндегі қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы әрбір жастың жүрек үнімен де, көңіл сезімімен де өз елін дамыту ісіне қатысу қажеттігін ұғынуға, мемлекет келешегі үшін бірлесе қызмет жасау азаматтық парыз екенін көкірекке түюге арналып отыр. Осы мақсаттағы іс-шаралар мен міндеттер жоғары оқу орындары арасында еліміз бойынша бірінші рет өткізілген «Жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің маңызды мәселелері» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында екі күн бойы кеңінен талқыланды. Білім беру ордасында студент жастарға бұрынғы үлгілердің тәлімді тәжірибесін ескере отырып, жаңа қазақстандық патриотизмнің асыл мұраты – «Мәңгілік Ел» орнықтыруда нысаланған отансүйгіштік тәрбие беру жұмысының жаңа технологиясын жасау қатысушылар назарына ұсынылды. Елбасы «Өз бойымызда және жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның иігіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деп айтқандай, көпұлтты мемлекеттің жалпыұлттық идеологиялық негіз жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Светлана Ферхо, Камал Бұрханов, Абай Тасболатов, ЖОО ректорлары және танымал ғалымдар мен ұстаздар ой-толғамдарын ортаға салды. Патриотизм ел бірлігінің өзегі болса, жастар соның діңгегі ретінде сөз қозғалып, олардың бойына осынау қасиетті сезімді сіңіру мәселелері алға тартылды. Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті білім алған аталған оқу орнында студенттермен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».