Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жуырда Ақтау қаласында көшеде кетіп бара жатқан 39 жастағы азаматтың үстіне диван құлады. Қажет емес жиһазды көпқабатты үйдегі пәтер иесінің бірі терезеден лақтырып жіберген екен. Салмақты заттың астында қалған жігіт ауыр халде ауруханаға түскендігі хабарланды. Мойын омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған азаматқа кеше ғана Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары ота жасап, омыртқасын толықтай имплантпен алмастырды.
– Жұлынды қысып тұрған бөлшектер алынып, жұлын босатылды. Науқастың отадан кейінгі жағдайы бірқалыпты ауыр. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді Маңғыстау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Д.Мырзабеков.
Не айтуға болады? Қажет емес тұрмыстық бұйымдарын, қоқыс-қалдықтарын арнайы орындарға апарып тастауға үй иесінің ақылы жетпеді ме, әлде мәдениеті кем бе? Жоғарыдан тасталған ауыр бұйым тұрмақ, шағын нәрсенің өзі тартылыс заңына сай жылдамдықпен, салмақпен құлап тиген жерін оңдырмасы, тірі жанды жазым етері есі кірмеген сәби мен ақылының ауытқушылығы бар жаннан басқаға түсіндіруді қажет етпейтін ұғым емес пе?! Діни түсінік бойынша бірнеше мыңдаған шақырым биіктіктен жерге түсетін жаңбыр тамшыларын періштелер тасып бұйрықты жеріне жайғастырады екен, әйтпесе соншалықты биіктен құлаған тамшы түскен жерін ойып кетері анық. Тіпті үй шатырынан тамшылаған тамшының өзі көк тасты тесетінін көріп жүрміз. Бір жылдары жергілікті телеарна Ақтауда жоғары қабатта орналасқан пәтер иесі жөндеу жүргізу кезінде шығарылған құрылыс қалдықтарын балконнан лақтырғанын көрсеткен еді. Терезеден жалбыратып кір жаю, салбыратып ет жаю сынды сиықсыз көріністер өз алдына...
Жалпы, қазақ халқы – алыстан орағытып, тереңнен қопарып алдын қамдай білетін көшелі ойдың, керекті мен керексізді екшей білетін ақылдың, пенде тұрмақ құмырсқаға зиянын тигізуден тартынып, жан-жағына байыппен, ұстамдылықпен қарайтын парасаттың иесі. Бірақ қоғамымызда орын алып жатқан ойсыз іс-әрекеттер баба мінезін еш қиындықсыз мансұқтап, жаһандануға болмысымызбен сүңгіп жұтылып бара жатқандай әсер береді. Тәртіптен гөрі тәлпіштікке, мәдениеттен гөрі мәнсіздікке бейімбіз.
Тойларда асабалардың өрескел ойындары мен сөздері, қонақтардың жасына, жынысына қарамай ерсі қылықтары күннен-күнге үдеп барады. Әлеуметтік желі арқылы қоғам қанша мінеп-сынап, кінәлап-күстәналағанмен айылын жиятын ағайын жоқ – жата қалып билеген әже, денесін ебедейсіз қимылға салып ыржаңдай ирелеңдеген ата, етегін түріп, бөксесін бұлаңдатқан әйел-қыз, жартылай шешініп, зорлықшыл кейіп көрсететін жігіт бірінен-бірі асып түседі. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, асабаға керегі – ақша, келесі тапсырыстың түсуі үшін тырбану. Бірде-бір той иесінің немесе қонақтардың көз алдында болып жатқан сүйкімсіз көріністерге басу айтып, тыйым жасамайтыны өкінішті. Тойдан, қонақтықтан тарқарда сөмке, қалта біткенді толтырып дастарқанды «тонап» кететін жабайылық та әлі қалмай келеді.
Алаңдарда өтетін қандай да бір іс-шараларда тегін немесе арзан бағада таратылатын палау, самса сынды тамақтарға таласқанда астаудағы суға, жемге таласқан малдай бірін-бірі баса-көктеп есінен айырыла еліріп кететінін қайтерсің?! Малға ойланып, сабыр сақтау қасиеті берілмеген, ал ақыл-ойы орнында, білімі толық адам баласына не жорық? Соғыс, ашаршылық сынды зұлматы жоқ тыныш елде бір тостаған тегін тамаққа бола кісілігін таптап бастығырыла таласу – ұлтты ұятқа қалдыратын жағдай. Сол сәтте жеген немесе үйіне алып кеткен жарты тостаған астан не үнем, не талғажау?! Бір қасық жылы ас арман болып, көшеге түнеп жүрген үйсіз-күйсіз жандар болса бір сәрі... шырттай болып киініп, көшеге сауық іздеп шыққандардың тірлігі осы. Жақында Ақтау қаласында арзан бағамен аяқкиім сатылады деген хабар тарасымен әлгі дүкеннің алды опыр-топырға айналып, адамдардың бірін-бірі басып-жаншып, айқай-шумен өлермендікпен топырлаған видеосы жалпақ жұртқа тарады.
Барлық нәрседен абыройым жоғары болсын деп тілейтін дені таза, ділі мықты қазақтың мінезі неге өзгерді? «Өртеп өлемін, секіріп өлемін» деп қорқытып, биіктен немесе көпір, краннан салбырап тұратындар көбейді. Құдай сақтасын, ашулы немесе тағдырының қиындығынан әбден титықтаған адам бірден секіріп кете барады, ал «мені кім құтқарады?» дегендей қырсық мінез көрсетіп екі ортада ілініп, ілгіштен айырылмай тұратындар полицейдің, өзге де құтқарушылардың өмірін оққа байлайтындығын неге түсінбейді? Суға секіргендерді құтқарамын деп қаншама адам ажал құшты?
«Үй артында кісі бар, шамала, шырағым» дейтін еді үлкендер. Жастарға осылай Құдайды, жаратылысты, тылсым күшті, иман мен сабырды еске алып, тыйым беретін көп үлкеннің өзі делқұлы болып жүргенде, берекетсіздігімізден «үй артындағы кісінің» өзі шошына безіп кетті ме деп қорқамыз.
Үлкен де, кіші де, әке мен ана да орнын біліп, асаба «пайдадан гөрі арды ойлап» қазақтың абыройын ойламаса, тойлар жын-ойнаққа, ұятты емес хайпты ойлаған, оңай олжаға таласқан, кез келген жерден қиқар мінезбен жеңіп шығуды ойлайтын өзіміз бейпіл ауызды, жын-жыпырға көбірек ұқсап барамыз. Қазаққа тән сыпайы мінез, мәнерлі мәдениет қайда кетті?
Маңғыстау облысы